Басқосуға басқарма басшылары, аудан әкімдерінің орынбасарлары қатысты. Жиында Алтай Сембекұлы қоғамдағы жаңару үдерістерінің маңызын тілге тиек етіп, азаматтардың белсенділігі мен жауапкершілігіне ерекше назар аударды.
– Қазіргі таңда елімізде ауқымды саяси өзгерістер жүзеге асырылып жатқанын көпшілік жақсы біледі. Бұл үдерістер Конституцияның жаңа жобасын талқылаумен тығыз байланысты. Қаңтар айында өткен Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атқарылған жұмыстардың қорытындысын шығарып, алдағы конституциялық өзгерістерге қатысты өз ұстанымын білдірген еді. Көп ұзамай 21 қаңтарда Конституциялық комиссия құрылып, оның құрамына Ұлттық құрылтай мүшелерімен бірге сарапшылар, ғылыми қауымдастық өкілдері енді. Жалпы саны 130 адам комиссия жұмысына қатысты. Комиссия барысында Конституцияның негізгі ережелері қайта қаралып, ұсынылған түзетулер 77 бапты қамтыды. Осылайша комиссия мүшелері еліміздің жаңа Конституциясын әзірлеу мәселесін күн тәртібіне шығарды. Ата Заңның жаңа редакциясындағы өзгерістер мемлекеттің адамға деген жауапкершілігін күшейтіп, қоғамдағы маңызды құндылықтар мен қағидаттарды нақтылауға, саяси институттардың жұмысын жетілдіруге негіз қалайды. Жалпыұлттық диалог алаңы ретінде Қазақстанның халық кеңесі ұсынылып отыр. Бұл бастама бұрынғы Қазақстан халқы Ассамблеясы ұғымымен сабақтасып, құрылтайдың стратегиялық міндеттерін жалғастыруды көздейді. Жобада қалыптасқан мемлекеттік құрылымды нығайту, еліміздің халықаралық беделін арттыру, адами капиталды, білім мен ғылымды, инновацияларды дамытуға қатысты басымдықтар көрініс тапқан. Бүгінде Конституцияның жаңа жобасын өңір тұрғындарына кеңінен түсіндіру жұмыстары жан-жақты жүргізіліп жатыр, – деді Алтай Әлі.
Облыс әкімінің орынбасары сөз соңында маңызды бастаманың мәнін халыққа жеткізу әрбір белсенді азаматтың ортақ ісіне айналуы қажеттігін айтты. Сондықтан тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын күшейтіп, қоғаммен ашық пікір алмасуды жалғастыру маңызды екенін еске салды.
Ақтоты БЕКЕНҚЫЗЫ




