Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Оқу-жаттығу жиыны ойдағыдай өтуде

Оқу-жаттығу жиыны ойдағыдай өтуде
Автор
Кеше облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов «Мөлдір бұлақ» облыстық оқу-сауықтыру орталығына барып, республикалық пән олимпиадасына дайындалып жатқан оқушылармен кездесті.

Еске сала кетсек, 2025 жылдың 6-7 қаңтар күндері 9-11-сынып оқушыларына арналған жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың облыстық кезеңі өткен еді.

Олимпиаданың мақсаты – оқушылардың шығармашылық қабілеттерін дамыту, теориялық білімі мен тәжірибелік шеберлігін тереңдету, жеке тұлғаның өзін-өзі дамытуына ықпал ету, дарынды балаларды анықтау үшін жағдай жасау, халықаралық олимпиадаларға қатысатын оқушыларды іріктеу. Облыстық кезеңге аудандық, қалалық және облыстық мамандандырылған білім беру ұйымдарынан 743 оқушы қатысты. Білім бәйгесінің қорытындысы бойынша алтын медальды және республикалық кезеңге жолдаманы 75 оқушы жеңіп алған болатын.

Ал республикалық кезеңге жолдама алған оқушылар үшін 31 қаңтардан бастап «Мөлдір бұлақ» оқу-сауықтыру орталығының базасында оқу-жаттығу жиыны өтуде. «Жамбыл дарыны» ғылыми практикалық орталығының директоры Майра Есенәлиеваның айтуынша, оқу-жаттығу жиынына облыстың құрама командасына енген 53 оқушы қатысуда.

Наурыз-сәуір айларында өтетін республикалық олимпиадаға қатысатын оқушылардың дайындығымен танысқан Серік Жақсылықұлы облысымыздың намысын қорғайтын дарынды өрендерге сәттілік тілеп, педагогтердің кәсіби шеберлігін жоғары бағалады.

– Оқу-жаттығу жиынының жоғары деңгейде ұйымдастырылуы – санаулы апталардан кейін өтетін республикалық олимпиадада оқушыларымыздың жоғары жетістіктерге жетуіне негіз болатыны анық. Оқушылардың дайындығы мен ұстаздардың кәсіби қолдауы көңіл қуантады. Өткен жылы облысымыздың командасы қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы пәндер бойынша бірінші орынды иеленіп, «Ең үздік команда» атағын жеңіп алған еді. Биыл да дарыны мен қарымы келіскен оқушыларымыз жеңісті жолды жалғайды деп сенемін, – деді Серік Жақсылықұлы.

Сондай-ақ Серік Сәлемов орталықтың аудиторияларын аралап, оқушылармен тілдесіп, дайындықтарына қанықты.

Айта кетейік, Астана қаласындағы «Edlicht academy» орталығынан шақырылған тренерлер, сондай-ақ облысымыздың үздік педагогтері дарынды өрендермен жұмыс жүргізіп, республикалық олимпиадаға дайындауда.

«AR-AI»-ақпарат

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар