Салтанатты іс-шараға Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Парламент депутаттары, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов, сондай-ақ зиялы қауым өкілдері қатысты.
Жеңімпаздарды құттықтаған Үкімет басшысының орынбасары Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес елде ақын-жазушыларды қолдауға бағытталған жүйелі мемлекеттік саясат жүзеге асырылып жатқанын айтты.
Сонымен қатар Аида Балаева конституциялық реформа мәселесіне арнайы тоқталып, онда тарихи мұраны сақтау мен ұлттық мәдениетті қолдауға ерекше мән берілгенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл реформалар құқықтық кеңістікті жаңғыртумен қатар, елдің рухани негізін нығайтуға, ұлттық құндылықтарды заманауи талаптармен үйлестіруге бағытталған.
«Осы күндері біз тарихи кезеңді бастан өткеріп жатырмыз. Мемлекет басшысының әділдік пен біртұтастыққа, заң мен тәртіпке негізделген ауқымды реформалары ел дамуының жаңа бағдарына айналып отыр. Бұл өзгерістер қоғамды жан-жақты жаңғыртудың берік негізін қалыптастырады. Мемлекетімізде жүріп жатқан конституциялық реформалар – тек құқықтық өзгерістер ғана емес, елдің болашағын айқындайтын, қоғамдық сананы жаңғыртатын, азаматтар мен мемлекет арасындағы жауапкершілікті арттыратын түбегейлі бетбұрыс. Осындай сындарлы кезеңде қоғамның рухани бағдарын айқындау, елді ортақ мұраттарға ұйыстыру – айрықша маңызды», – деді Аида Балаева.
Сондай-ақ, Премьер-Министрдің орынбасары тарихи мұраны сақтау мен төл мәдениетті қолдау баршаға ортақ міндет екенін, бұл ұстаным алғаш рет Конституция жобасында нақты көрініс тауып, мәдениет пен руханият мемлекет дамуының маңызды тіректерінің бірі ретінде айқындалғанын жеткізді.
Биыл Президенттік арнаулы әдеби сыйлыққа «Проза», «Поэзия», «Драматургия» және «Балалар әдебиеті» номинациялары бойынша 49 жас автордан өтінім келіп түскен. Нәтижесінде Мемлекет басшысының Жарлығымен сыйлық «Проза» номинациясы бойынша «Тергеуші» шығармасы үшін Арман Әлменбетке, «Поэзия» номинациясы бойынша «Құмдағы хикая» өлеңдер жинағы үшін Саян Есжанға, «Драматургия» номинациясы бойынша «Ақ киіз» драмалық туындысы үшін Бауыржан Мұстафиевке, «Балалар әдебиеті» номинациясы бойынша «Жазда атамның ауылында…» шығармасы үшін Асылан Тілегеновке табысталды.
Ал, 2025 жылы «Айбоз» ұлттық әдеби сыйлығына «Үздік проза», «Үздік поэзия», «Үздік балалар әдебиеті», «Үздік драматургия», «Үздік әдеби аударма», «Үздік әдеби сын» және «Үздік комикс» номинациялары бойынша барлығы 180 өтінім қабылданыпты. Байқау қорытындысы бойынша әр номинациядан бір жеңімпаз анықталды. Осылайша «Үздік поэзия» – Хамит Есаманның «Айша бибі» шығармасына, «Үздік проза» жазушы Дәурен Қуаттың «Бруклин көпіріндегі кездесу» атты туындысына, «Үздік драматургия» Әділбек Ыбырайымұлының «Кенесары хан» атты еңбегіне, «Үздік әдеби аударма» Әсем Ережеқызының «Күн қармаған бала» атты аудармасына, «Үздік балалар әдебиеті» «Egemen Qazaqstan» газетінің тілшісі Қанат Әбілқайырдың «Алтын бала» шығармасына, «Үздік әдеби сын» бойынша Амангелді Кеңшілікұлының «Мұқағали мен Енхе. Ақын мен адамның драмасы» атты сын-зерттеу мақаласына, ал «Үздік комикс» жанры бойынша Ильдар Сансызбайұлының «Табу. Жоғалған үміттің ізі» атты туындысына берілді.
Хамит Ерболатұлын жарқын жеңісімен құттықтай отырып, шығармашылық шабыт, толағай табыс тілейміз.
Сымбат ҚУАНЫШ




