Нұрғанат Меркі ауданына қарасты Аспара ауылында дүниеге келген. 2021-2022 оқу жылынан бастап Тараз қаласындағы дарынды ер балаларға арналған мамандандырылған «Білім-Инновация» лицей-интернатында білім алып келеді.
Нұрғанаттың есімі білім бәйгелерін қадағалап жүрген жандарға жақсы таныс. Дарынды оқушы Қазақстан тарихы мен Дүниежүзі тарихы пәндерінен өткен лицейішілік, облыстық және республикалық олимпиадаларда жүлдегер атанып, шығармашылық бағытта жазба ақындар мүшәйрасында да топ жарған.
Білім жолы табандылықты талап етеді. Уақытты тиімді пайдалану, өзіңді тәртіпке үйрету, кей сәттерде құрдастардың қызықты отырыстарынан бас тарту оңай емес. Алайда Нұрғанат үшін алға қойған мақсаты бәрінен жоғары тұрды. Сондықтан ынта-шынтасын үздіксіз дайындыққа аударып, дамуға бағытталған жолдан таймауға тырысты.

Бұл жолда жетекшісінің қолдауы ерекше рөл атқарды. Тарих пәнінің мұғалімі оқушысының бойындағы қабілетті ерте байқап, қызығушылығын арттыра білді. Ұстаз бен шәкірт арасындағы сенім мен жүйелі жұмыс Нұрғанаттың талай жетістігінің негізіне айналды.
– Әрбір жарыс жаңа тәжірибе, жаңа орта сыйлады. Жеңістің қуанышын да, жеңілістің ащы дәмін де татып көрдім. Соның арқасында өзімді еркін ұстап, ойымды ашық жеткізе алатын, эмоциямды басқара білетін тұлға ретінде қалыптастым. Ұстанымым қарапайым әрі берік. Қандай нәтиже болса да, сабыр сақтау және салмақты болу.
Жақында өткен ҰБТ-ның сынақ тестілеуінен 139 балл жинауым осы ұстанымның дәлелі. Бұл жоғары көрсеткішті іштей лицейде қалыптасқан еңбекқорлықтың, олимпиадалық дайындықтың заңды жалғасы ретінде бағаладым, – дейді Нұрғанат Бақытжанұлы.
Өрелі өреннің жастарға айтар кеңесі өз өмір жолынан алынған. Айтуынша, олимпиада немесе кез келген сынақ өмірдің соңғы нүктесі емес. Жеңіліс адамды тоқтатпайды, қайта алға жетелейді. Ал жетістік жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Ең маңыздысы – мақсатыңнан айнымау.
Нұрғанаттың алда тұрған маңызды сынақтарда да дәл осындай жарқын жетістіктерге жетуіне тілектеспіз.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ



