Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Жәутіков олимпиадасында жұлдызы жарқырады

Жәутіков олимпиадасында жұлдызы жарқырады
Автор
Жақында халықаралық деңгейдегі беделді білім сайыстарының бірі саналатын ХХІІ Халықаралық Жәутіков олимпиадасы өз мәресіне жетті. Биыл олимпиадаға математика, физика және информатика пәндерінен барлығы 612 оқушы мен 122 команда жетекшісі қатысты. Сайыскерлер әлемнің 16 елінен жиналды. Олардың арасында Армения, Әзербайжан, Беларусь, Болгария, Грузия, Қазақстан, Қырғызстан, Моңғолия, Пәкістан, Ресей, Румыния, Тәжікстан, Түркменстан, Индонезия, Үндістан және Өзбекстаннан келген оқушылар бар.

Олимпиада екі турдан тұрды. Тапсырмалар мамандандырылған сыныптар бағдарламасына сәйкестендірілді және оларды халықаралық қазылар алқасы құрастырды. Қазылар алқасының құрамында халықаралық деңгейде мойындалған мамандар бар, ал төрағасы – ҚР ҰҒА академигі Асқар Жұмаділдаев.

Сайыста Тараз қаласындағы дарынды ер балаларға арналған мамандандырылған «Білім-Инновация» лицей-интернатының 10-сынып оқушысы Медер Мирас информатика пәнінен жоғары нәтиже көрсетіп, қола медаль жеңіп алды.

Жәутіков олимпиадасы қатысушылардан жоғары деңгейдегі логикалық ойлау қабілетін, күрделі есептерді талдай білу дағдысын және уақытты тиімді пайдалануды талап етеді. Осындай талаптары жоғары халықаралық сайыста жүлдегер атану үлкен еңбек пен табандылықтың жемісі екені сөзсіз.

Олимпиададағы жетістікпен қатар, Медер Мирас үшін болашаққа жол ашатын маңызды мүмкіндік те туды. Ол «Narxoz University» тарапынан толық грант сертификатын иеленіп, «Illinois Institute of Technology» университетімен бірлескен «Digital Engineering – Computer Engineering» бағдарламасына түсу құқығына ие болды.

– Халықаралық олимпиадаға қатысу мен үшін үлкен тәжірибе болды. Әлемнің әр елінен келген мықты оқушылармен бір алаңда бәсекеге түсу өз мүмкіндігімді бағамдауға және жаңа деңгейге көтерілуге жол ашты. Информатика пәнінен қол жеткізген жетістігім ұзақ уақыт бойы атқарылған дайындық пен табанды еңбектің жемісі. Осындай беделді олимпиадада жүлдегер атану мені одан әрі ізденуге, өзіме жоғары талап қоюға жетелейді. Әр тапсырма логикалық ойлауымды дамытып, күрделі есептерге тың көзқараспен қарауға үйретті.

Маған бағыт-бағдар беріп, үнемі қолдау көрсеткен ұстаздарыма, сапалы білім берген мектебіме және әрдайым сенім артқан ата-анама шынайы ризашылығымды білдіремін. Олардың еңбегі мен үшін аса құнды. Алдағы уақытта информатика саласында білімімді тереңдетіп, халықаралық деңгейде жоғары нәтижелерге қол жеткізуді мақсат етемін, – дейді дарынды өрен.

Биылғы олимпиада қорытындысы бойынша 70 оқушы алтын, 96 оқушы күміс, 158 оқушы қола медаль иеленді. Интеллектуалдық сайыс аясында барлығы 324 медаль сарапқа салынды. Сонымен қатар, жоғары нәтиже көрсеткен командалардың жетістіктері де арнайы аталып өтті.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар