Біз өмір сүріп отырған ХХІ ғасыр – технологиялар ғасыры. Сондықтан цифрландыру білім саласының ажырамас бөлігіне айналды. Электрондық білім беру ресурстарын, онлайн-платформалар мен цифрлық құралдарды пайдалану оқыту мүмкіндіктерін айтарлықтай кеңейтіп, білім беру процесін икемді ете түсті. Цифрлық технологиялар әр баланың жеке ерекшеліктерін ескеруге, дербес білім беру траекторияларын құруға және тұрғылықты жеріне қарамастан оқу материалдарына қолжетімділікті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұл әсіресе шалғайдағы және ауылдық елді мекендердің оқушылары үшін өте маңызды. Өйткені сапалы білімге қолжетімділікті арттырып, білімдегі алшақтықты азайтуға жағдай жасайды.
Облыс әкімдігі білім басқармасының бөлім басшысы Алтынай Жайлышеваның мәліметінше, өңіріміздегі мектептердің 98 пайызы жоғары жылдамдықты интернетке қосылған, 14 мыңнан аса компьютер жаңартылған. Барлық мектепте электронды журналдар мен күнделіктер қолданысқа енгізілген. 52 мектепте 3D-зертханалар мен виртуалды кабинеттер ашылған, «AI-teacher» және «Smart-mektep» жобалары оқу материалдарын оқушылардың жеке ерекшеліктеріне қарай бейімдеуге ықпал етеді.
– Бүгінгі таңда мұғалімнің рөлі де өзгеріп келеді. Педагог енді тек білім беруші емес, бағыт көрсетуші, кеңесші, тұлғалық дамуға серік болатын маман. Өткен жылы облысымыздың 7 педагогі «Қазақстанның еңбек сіңірген мұғалімі» атағына ие болып, 55 мұғалімге «Үздік педагог» республикалық наградасы табысталды. Олардың 22-сі ауыл мектептерінде еңбек етеді. Облыс педагогтері халықаралық және республикалық деңгейдегі 113 байқауда жеңімпаз атанды.
Педагогтердің кәсіби деңгейінің өсуі оқушылардың жетістіктеріне тікелей әсер етеді. Өткен жылы өңір оқушылары халықаралық және республикалық олимпиадалар мен ғылыми байқауларда 464 медаль жеңіп алды. Қоғамдық-гуманитарлық бағыт бойынша облыс командасы республикалық олимпиадада үздік деп танылды. Республикалық ғылыми жобалар байқауында облыс командасы 16 жыл қатарынан үздік команда атағын сақтап келеді. Сонымен қатар 15 жыл бойы облыс оқушылары ғылыми жобалар бойынша үздік нәтиже көрсетуде.
Ұлттық білім беру деректеріне негізделген мониторинг нәтижесінде оқушылардың оқу және математикалық сауаттылық көрсеткіші орта есеппен 6,4 пайызға артқан. Бұл жаңа әдістемелер мен жаңартылған мазмұнның тиімділігін көрсетеді.
Қазіргі мектеп тек білім берумен шектелмей, тәрбиелік міндетті де атқарады. Оқушылардың бойында азаматтық жауапкершілік, еңбекқорлық, патриоттық сезім, мәдени құндылықтарға құрмет қалыптастыру – білім беру жүйесінің басты мақсаттарының бірі. Жаһандану жағдайында ұлттық болмысты сақтау, тіл мен дәстүрге құрмет көрсету ерекше маңызға ие.
Сонымен қатар мектеп – баланың психологиялық қауіпсіздігі мен жайлылығы қамтамасыз етілуі тиіс орта. Буллингтің алдын алу, өзара сыйластық мәдениетін дамыту, сенімді қарым-қатынас орнату бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде, – дейді А.Жайлышева.
Осы бағытта өткен жылы 55 мыңнан астам оқушы қатысқан жүздеген пікірсайыс, тренингтер мен профилактикалық кездесулер ұйымдастырылған. Психологтар мен әлеуметтік педагогтар мыңдаған отбасымен жеке жұмыс жүргізіп, мамандардың біліктілігін арттыру курстары ұйымдастырылыпты. Мектептерде «KiVa», «ДосболLIKE», «WeGlobal» сияқты антибуллинг жобалары іске асырылып, сенім телефондары мен құқықтық клубтардың жұмысы жолға қойылған. Алдағы уақытта жасөспірімдер арасындағы суицидтің алдын алуға бағытталған жаңа жоба да енгізілмек.
– Сондай-ақ қосымша білім беруге де ерекше көңіл бөлінуде. Үйірмелер, спорт секциялары, шығармашылық орталар баланың қабілетін ашуға, өз қызығушылығын табуға көмектеседі. Бұл өз кезегінде оқушының болашақ мамандығын саналы таңдауға жол ашады.
Қазіргі білім беру жүйесінде кәсіби бағдар беру және оқушыларды болашақ өмір жолын саналы түрде таңдауға дайындау мәселесі айрықша орын алады. Мектеп оқушыға түрлі мамандықтар туралы түсінік беріп, өз мүмкіндігін тануға, болашаққа бағыт алуға көмектесуі тиіс. Колледждер мен жоғары оқу орындарымен тығыз байланыс, практикалық танысу сабақтары оқушылардың таңдауын нақтылай түседі, – деген Алтынай Жайлышева мектеп инфрақұрылымын жүйелі түрде жаңғырту және кеңейту жұмыстары жалғасып жатқанын айтты.
Мектеп ғимараттарын жаңарту, кабинеттерді заманауи құралдармен жабдықтау, спорттық және шығармашылық инфрақұрылымды дамыту – білім беру сапасын арттырып, қолайлы білім ортасын қалыптастыруға жағдай жасайды. Осы ретте өңірде жаңа мектептер салынып, «Келешек мектептері» жобасы аясында STEM-кабинеттер, цифрлық зертханалар, заманауи білім кеңістігі қалыптасуда.
Ғылымға бастайтын жол мектептен қаланады. Осы себепті білім беру саласына ерекше назар аударып, оқушылардың тың бастамаларын қолдау аса маңызды. Баланың ізденіске деген қызығушылығын дер кезінде байқап, оны дамытуға мүмкіндік беру – болашақта саналы, ойлы әрі білімді тұлға қалыптастырудың берік негізі.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ




