Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Өмірдің мәні неде?

Өмірдің мәні неде?
Автор
Теледидарды қосып едім белгілі әнші Жұбаныш Жексенұлы «Өкінбе сен» әнін нақышына келтіріп орындап жатыр екен. Ән ырғағы мен мәтіні жүрекке жылы, көңілге жақын сазды әуен:

«Тірліктің талай гүлі солғанменен,

Тағдырдың талай мұңы болғанменен,

Өмірге келгеніңе өкінбе сен,

өкінбе сен, өкінбе сен!

 

Бар қызығын өмірдің ала алмассың,

Қуаныш боп мәңгілік жаралмассың,

Жарқырап айлы түнде жұлдыздардай

Бәлкім, сен бақытым боп жана алмассың».

Ән көңілді еріксіз толқытып, терең ойға жетелей берді.

Жарық дүниеге адам болып келіп, өз миссия-қызметімізді толық орындап келеміз бе? Қамшының сабындай қысқа өміріміз бен өлшеулі уақытымызды тиімді әрі орынды пайдаланып жүрміз бе? Ертең өкінбеу үшін не істеуіміз керек? Қандай қателіктерді жіберіп алдық? Біз осы мағыналы өмір сүріп жүрміз бе? Міне, осы сияқты сұрақтар кімді болмасын ойландыруы керек.

Осы сұрақтар төңірегінде ой қозғасақ, кім не айтпайды, тәйірі. Сұрақ біреу болғанымен, әркім өзінің таным-түсінігіне, ой-қиялына қарай әрқалай жауап беретіні белгілі. Иә, сонымен кім не үшін өмір сүреді?

Есімі тарихта қалған аустриялық психоаналитик Виктор Франкл: «Біз өмірге айналадағы жұртты қуанту үшін ғана келдік. Қасыңдағы адамның түріне, жынысына, мәртебесіне, діни сеніміне, әлеуетіне қарамастан, оған шаттық сезім сыйлау үшін ғана туғанбыз», – дейді.

В.Франкл дәрігер болып жүргенде ерекше бір сезімнің соңына түседі. Ол ақша табу үшін байларға ақылы қызмет көрсететін. Ал түстен кейін жағдайы жоқ кедейлерге тегін қарасады. Яғни, оларды емдегені үшін ақы алмайды. Кедейлер оған риза болып, алғысты жаңбырша жаудырады. Франкл олардан алғыс алған сайын бақытқа бөленетін. Кеудесі шаттыққа толып, бейне бір бұлттың үстінде қалқып жүргендей болады. Әрине, қалталы пациенттер де алғыс айтуды ұмытпаған. Бірақ еңбегіне ақы алған соң жанды балқытып тұратын ләззатты таба алмай, өмір сүруге деген ынтасы азаяды. Клиникасының ақшаға тәуелді екенін біліп тұрса да, адамдардан алғыс есту үшін ақысыз қызмет көрсетуге құмартып алады. Жағдайы жоқ мұқтаж жандарға тегін қарасқан сайын оның өмірге құштарлығы арта береді.

Осылайша, Франкл толассыз шабыт сыйлайтын шаттық сезімді кеудесінен шығарып алмау үшін барлық адамға риясыз қызмет ету керегін ұғына түседі. Осы жаңалығының негізінде Франкл депрессия мен суицидке қарсы «соғыс» ашады. 1924 жылы ол Sozialistische Mittelschüler Österreich деп аталатын мектептің президенті болып сайланады. Франкл осы қызметте отырғанда студенттерді өмірге ғашық етумен армансыз айналысады. Оның бұл жолдағы қызметі өте жемісті болды. Ол басшылық еткен мерзімде Венадағы студенттер арасында бірде-бір суицид фактісі тіркелмеген екен. Сонымен, «Өмірдің мәні не?», «Бізді тіршілікке ғашық етіп, ажалмен айқасуға батылдық беретін қандай күш?» деген сұраққа Франкл: «Өмірдің мәні өзгеге қуаныш сыйлау. Өмір жолында саған серік болған адамды қуанту. Оның көңіл күйін шаттық сезімге толтыру. Адамдарға риясыз қызмет ету арқылы өзіңді де оны да шаттыққа бөлеу», – дейді.

Қазақтың көрнекті жазушысы Оралхан Бөкейдің «Атау кере» романын біреу оқыса, біреу оқымаған болар. Шығармада аралар тіршілігі адамдардың тіршілік-әрекетімен ұштастырыла баяндалады.

«Ара өз қалдығын жаңа көргендей ұшқалақтана ұшып келді де, бал сауыттың ішіне қона қалған. Қонғаны бар болсын қоймалжың тәттіге белшесінен батып, тырбаңдады дерсің. Айна ептеп қана қанатынан көтеріп алып, тиместен есік алдына шығарып тастады.

– Араның адамнан айырмасы болсайшы, – деді осы көріністі мұқият мұғдарлап отырған кемпір. – Жиған байлығың да бал секілді. Күндердің күні малтығып өлесің.

– Айырмасы көп, апа, – деді ыдыс-аяқты самаурында қалған ыстық сумен жуып отырған Айна. – Араның байлығы адамдар үшін, ал біздікі... біздікі өзіміз үшін ғана.

.... Адамның қателігі кемшілік жіберуінде емес, сол кемшілікті кешіктірмей түземеуінде.

... Неге біз осы оқта-текте жылап алмаймыз?.. Неге?

... Неге біз осы өзіміздің бұл әлемге артық, түкке де керегіміз жоқ бейшара мүскін екенімізді мойындамаймыз...

... Неге біз осы қатігез де, қасиетсіз болып кеттік?..

...дені сау, төрт құбыласы тең пенде шіркін үшін бұдан артық азап бар ма, бұдан артық тозақ бар ма, Тәңірім! Жоқ еді, жоқ еді... аурудың ең бір асқынған түрі де осы – жалғыздық атты жалмауыз-ау...

Неге біз осы бұл дүниенің барлық мүлкін арғы дүниеге арқалап кетердей, мұрнымыздан қан аққанша жиямыз, а? Айтыңдаршы, ағайын, салт басым, сабау қамшымнан басқа түгім жоқ менің сендерден қай жерім кем? Кімнің тұнығын шайқаппын, кімдердің ырысын ішіп тауысыппын?! Соншалықты неге жек көресіңдер? Мен – талантпын. Менің білетінімнің, тәңірім-ау, бес процентін игерсеңдер, әлдеқашан данышпан болып, әлемнің билігін қолдарыңа алмайсыңдар ма?

... Неге бiз осы итжандымыз, басқа қаңқ еткiзiп теуiп жiберсе де, қыңсылаған күйі «иемiздің» етегіне оралып, аяғын жалаймыз?!

... Адам баласын құртатын – Ой емес, Ойсыздық шығар...

... Неге біз осы өтірік сөйлейміз, өтірік күлеміз, қысқасы – өтірік өмір сүреміз, а?..».

Автордың «Неге біз осы?..» деген сұрағы аз емес. «...бұл дүниенің барлық мүлкін арғы дүниеге арқалап кетердей, мұрнымыздан қан аққанша жиямыз, а?», «...көр соқырдай қалай жетелесе, солай ере береміз...»,  «Кім үшін, не үшін өмір сүрерімізді ақыл таразысына салмай сандаламыз». Міне, осы сияқты көптеген жұмбаққа толы сұрақты оқырманына арнайды. Романда жазушы жас ғалым-аспирант Тағанның «Неге біз осы...» деген лекция-дәрісі арқылы өз ойын толық жеткізеді. «Оу, ағайын, ес-ақылдарыңды жиыңдар! БІЗ қатыгезденіп барамыз. БІЗ имансызданып барамыз. БІЗ айналайын анамыздың ақ сүтін ақтай алмай жүрміз, бір күнгі жігеріміз құм болып, құрдым дәуреннің әләуләйін шырқап жүрміз; тамаша өмірдің тасқынымен ығып, ығысып ағамыз келіп, ағысқа қарсы жүзу не жағалауға қарай ұмтылу жоқ. Өмір сүрудің ең оңай тәсілін тауып алдық та, жер бетінде өзімізден артық адам жоқтай жоқтан өзгеге сілеміз қатқанша күлеміз, сілікпеміз шыққанша бір бірімізге үреміз. Оу, сондағы мақсатымыз не? Тірі жүру, тіміскі өмір сүру ме?»

Еріксіз адамды ойға қалдыратын қардай бораған көп сұрақ. Оларға жауап іздеп әлек боласың.

Тұрғындары түгелдей араққа салынған шағын ауылдың ертеңгі күні не боларына алаңдаған Нүрке кемпірдің аузымен айтылған: «ел азарда ер-азаматы – атақ қуғыш тақ құмар, қыз-келіншегі дүние қуғыш бақ құмар келеді» деген авторлық тұжырымның қазіргі әлеуметтік жайға дөп келгенін көріп, оның мәні уақыт өткен сайын өзекті болып бара жатқанына куәміз. Қабілетіне қарамай, еткен еңбегіне қарамай атақ, марапат пен қызмет қуғандар саны көбеймесе, азаймай барады. Қыз-келіншектердің де ар-намысын сырып тастап, жылтыраққа құмарланып, дүние қуып кеткендері аз емес. Қоғамда бізге белгісіз бір аласапыран жүріп жатыр.

Бірде орыстың көрнекті жазушысы Лев Толстойдың «Өздеріңе сеніңдер» деген шығармасын оқыдым. Ол: «Балалықпен қоштасқан соң саналарыңдa «Мен кіммін? Мен бұл өмірде не істеп жүрмін? Мен нендей мақсатта жаралдым?» деген сұрақтар пайда болғанда олардың жауабын таба алатындарыңа сенімді болыңдар. Даналардың берген жауабы жақын туыстарыңның пікірлермен сәйкес келмесе, одан шошымаңдар. Пікір қайшылығынан әсте де қорқуға болмайды. Пікір қайшылығының ұлғаюы сенің Құдай сипаттас рухыңның ояна бастағанының айқын белгісі. Бір-біріне сәй­кес келмейтін қайшы пікірдің астарында өмірдің шын мағынасы көміліп жатыр. 15 жасымда осы сұрақтар мені де мазалай бастағанда өз бетімше жауап іздеуге қаймыққанмын. Қасымдағы адамдардың қайталай беретін қате пікірін мен де еріксіз қабылдағанмын. Осы қателіктің азабы ұзаққа созылды. Аса құрметті өскелең ұрпақ, басқалардың өздері түсінбесе де сендерге таңып сөйлейтін пікірлеріне мән берместен, шынайы түрде өмірдің мәнін ашып, түсінуге тырысыңдар. «Сендердің бұл талпыныстарың жас адамның бойындағы жай ғана орындалмайтын арман, құлшыныс қой» деп дәлелсіз сөйлейтіндерге құлақ аспаңдар. Жандүниелеріңде алғаш рет Құдай сипаттас сезімдерің ояна бастағанда оның қаншалықты маңызды екенін барынша терең сезініп, осы ең Ұлы сезімнің әлсіз жалынын сөндіруге жол бермеңдер. Керісінше, жастық шақтың барлық күш-қуатын пайдаланып, бұл шоқтың өршеленіп жануына бар күш-жігерлеріңді салыңдар. Дәл осы рух сәулесінің күш алып, алаулап жануына барлық адамның ең ұлы қуанышы мен бақыты байланған», деп жазыпты.

Иә, зиялы, терең ойы бар ұлы адамдар ғана адамзатты толғандыратын осындай ұлы, салмақты ойлар айтады. Сондықтан олар – ұлы. Қаламгердің ойының астарында өмірдің шын мағынасы көміліп жатқаны рас емес пе?

Жалпақ жаһанға жауһар жақсылықтарымен үлгі шашып отырған жапон жұртының бір ғана мысалына жүгінейікші. Жапонияда 100 жасқа толған 50 мыңнан аса адам бар екен.  Енді 15 жылдан кейін бұл елдегі ұзақ жасаушылар миллионнан асып жығылмақ. Мұндай ғажап әлемнің басқа ешбір елінде жоқ. Ал ұзақ өмір сүрудің құпиясы мынада: жапондықтар қарым-қатынас кезінде бір-бірін ренжітпеуге, көңіліне қаяу салмауға тырысатын жер бетіндегі жалғыз халық екен. Нақ осындай қадамы құтты елді әлем картасынан табу қиын. Экономиканың кереметін біз солардан көріп отырмыз. Күріш егетін, қала салатын ұлтарақтай жері де қалмады. Оларда табиғи байлық дегеніңіз атымен жоқ. Осыған қарамастан жапондықтар жаһандағы ең бай ұлттың бірі болып саналады. Байлыққа жеткізген де ақыл-парасат пен ғылым-білімі. Ал енді осы ғажайып жетістіктерді ежіктеп айтып отыруымыздың себебіне келейік. Бар мәселе жоғарыда айтқан ұлт қазынасында жатыр. Тұтас елдің табыстылығының құпиясы сол, жапондықтар өз ой-пайымдарын тізгіндеп ұстауды үйренді. Теріс ойлар әңгімелесіп отырған адамның көңілін бұзып, жүйкесіне тиіп қана қоймай, оның денсаулығына, болашағына нұқсан келтіретінін жақсы білгендіктен, олар балағат, дөрекі сөздерді өз тілдерінен мүлдем тыйып тастапты. Жапондықтардың көп жасауының сыры міне осында. Бір-біріне деген ілтипат-ізгілікте, сыйластықта. Ендеше, мына дүрбелеңге толы аласапыран, беймаза дүниеде бірімізді біріміз дұрыс түсініп, «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» татулықпен, достықпен, бірлікпен саналы өмір сүрсек біз жеңбейтін шаруа, біз атқармайтын іс, біз алмайтын қамал жоқ.

Ертеде Алтын Орда дәуірінде өнерімен аты шыққан қыпшақтың елеулі ақыны Сайф Сараидің «Түрікше гүлстан» кітабында осыдан 750 жылдай бұрын жазылған мынадай сөздер тап бүгінгі қоғамға және қазіргі адамдарға ескерту ретінде айтылғандай. Онда былай делінген: «Дәулетті кім? Дәулетсіз кім?» деген сұраққа бір ақылман кісі: «Дәулетті дәулетті жия білген, жиғанын орынды пайдаланған, қажетті кезде басқаларға бере білген. Дәулетсіз есіл-дерті мал, дүние жию болып, өзі жеуге қимаған, сөйтіп, өмірінің қалай өтіп кеткенін білмей қалған адам» деп жауап берген екен. Алғашқысы қандай сүйсінерлік болса, соңғысы қандай аянышты да жиіркенішті.

Көрнекті жазушы Несіпбек Дәутайұлының «Жалғызілік» деген әңгімесінің басты кейіпкері – барлығын ұмытып, өмірін тек дүние жинауға, қорасындағы малының санын өсіруге арнаған жан. Бала-шағасы да одан теріс айналып, жалғыздыққа бойы үйреніп, қоғамнан шеттеп қалған. Баю үшін бүкіл саналы өмірін елдің шетінде, желдің өтінде, жырақта жалғыздықпен өткізіп, бір малын екеу, екі малын үшеу қылам деп күнді түнге ұрып, қысы-жазы малдың соңында жүрген жұмыр басты пенде. Алдындағы мыңғырған малдың еш рахатын көрмей, әйтеуір, бұлыңғыр, түсініксіз тіршіліктің құлына айналып, дүниеқоңыздықтың қызығына белшесінен батып кеткен мүсәпір. Тіпті, әбден өсіп, киіз болып кеткен шашынан басы бөртіп, тыр-тыр қасығаннан жара болып кеткенше алдыруға уақыты да, мүмкіндігі де жоқтықтан мүсәпір халге жетеді. Әлгінің жанын қинап тірнектеп жинаған малы, еш рахатын көрмеген байлығы кімге керек? Не үшін, кім үшін өмір сүріп, тірлік етіп жүр? Қалың ойға батасың… Басты мәселе, ертең мына өмірге келгенімізге, оны бос, пайдасыз өткізгенімізге өкініп жүрмейікші!

 

Сағындық ОРДАБЕКОВ,

медицина ғылымдарының докторы, профессор,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар