Мәселен, былтыр жұмыспен қамтудың өңірлік картасы аясында 73 811 жұмыс орны құрылыпты. Сонымен қатар 4 087 отбасындағы 22 473 адамға 2,4 миллиард теңге атаулы әлеуметтік көмек беріліп, бұрнағы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 9 096 адамға кеміген.
Облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Еркін Келесовтың айтуынша, өткен жылы Мемлекет басшысының «10 мың тұрғынға 100 жұмыс орны» бастамасы өңірде табысты жүзеге асқан. Нәтижесінде облыс бойынша 20 475 жаңа жұмыс орны құрылып, белгіленген жоспар 163,4 пайызға артығымен орындалыпты. Сонымен қатар жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына 18 056 адам тартылған. Осылайша облыс тұрғындары түрлі бағдарламалар мен жобаларға қатысып, еңбек нарығына бейімделуге мүмкіндік алған. Осындай кешенді шаралардың нәтижесінде жұмыссыздық деңгейі төмендеп, тұрғындардың кәсіби әлеуеті қоса артуда.
Электронды еңбек биржасы арқылы да нақты нәтижелерге қол жеткізілген. Жұмыс берушілер ұсынған бос жұмыс орындарына 31 303 азамат орналасып, цифрлық платформа тиімді жұмыс істеуде. Дегенмен салада оң динамика қалыптасқанына қарамастан, Тараз қаласы бойынша көрсеткіштердің көңіл көншітпеуі сананы сан саққа жүгіртті.
– Көрсеткіштердің төмен қалыптасуына бірқатар техникалық әрі ұйымдастырушылық себептер әсер еткен. Атап айтқанда, қазіргі уақытта Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпараттық базасына тек зейнетақы жарналары аударылған жұмыс берушілер туралы мәліметтер ғана енгізіледі. Осыған байланысты іс жүзінде жұмысқа қабылданған азаматтардың бір бөлігі статистикалық деректерде толық көрініс таппай отыр. Осы тұрғыда жұмысқа орналасқан азаматтардың міндетті зейнетақы жарналарының уақытылы әрі дұрыс аударылуын қатаң бақылауға алу қажеттігі туындауда. Бұл бағытта Тараз қаласы мен аудан әкімдіктерінің жауапкершілігі айрықша. Әсіресе білім беру саласында белгілі бір түйткілдер орын алған. Мәселен, орта білім беру ұйымдарына тұрақты жұмысқа орналасқан 1 171 тұрғынның еңбек шарттары тікелей мектептермен жасалғанымен, міндетті зейнетақы жарналары білім бөлімдері арқылы төленуіне байланысты аталған қызметкерлер министрлік базасында ескерілмей қалған.
Осы мәселені жүйелі түрде шешу мақсатында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне тиісті ұсыныстар жолданды. Нәтижесінде білім басқармасына орталықтандырылған бухгалтериясы бар ұйымдармен жұмыс істеу барысында төлем құжаттарында «Нақты жөнелтуші» дерегін нақтылау талабы қойылды. Яғни, төлем тапсырмаларында жұмыс орны болып саналатын мекеменің, атап айтқанда, мектептің бизнес-сәйкестендіру нөмірі көрсетілуі тиіс. Қазіргі таңда бұл талапты іске асыруды білім басқармасы толықтай қолға алуы қажет.
Сонымен қатар ұлттық жобалар мен салалық тұжырымдамалар аясында да жүйелі жұмыстар атқарылды. Бұл бағытта 3 977 жұмыс орны құрылып, жоспар 108 пайызға орындалды. Ал облыстық басқармалардың ұсыныстары негізінде 2025 жылы ұлттық жобалар мен тұжырымдамалар шеңберінде 193 жоба іске асырылып, 2 661 жаңа жұмыс орны ашылды. Аталған көрсеткіш жоспардың 97,4 пайызын құрап отыр. Дегенмен белгіленген межені Тараз қаласы мен Мойынқұм ауданы толық орындай алмағаны да назарға алынды, – дейді басқарма басшысы.
2025 жылдың үшінші тоқсанында басқарма тарапынан атаулы әлеуметтік көмектің тағайындалу барысына қатысты ішінара зерделеу жұмыстары жүргізіліпті. Бұл тексерулер әлеуметтік қолдаудың әділдігі мен заңдылығын қамтамасыз етуге бағытталып, саладағы бірқатар олқылықтың бетін ашыпты.
Еркін Келесовтың дерегінше, зерделеу нәтижелері көрсеткендей, атаулы әлеуметтік көмек алушы отбасылардың арасында талапқа сай келмесе де қолдауға ие болғандар кездескен. Яғни жүргізілген жұмыстардың қорытындысы бойынша 73 отбасыға жалпы сомасы 14,7 миллион теңгені құрайтын атаулы әлеуметтік көмектің заңсыз тағайындалғаны анықталыпты. Мұндай деректер Тараз қаласы мен Байзақ, Жамбыл, Тұрар Рысқұлов, Мойынқұм, Талас, Меркі, Қордай және Шу аудандарында да тіркелген. Бұл жағдайлар әлеуметтік көмекті тағайындау кезінде деректерді мұқият тексеру мен бақылау тетіктерін күшейтудің маңызын айқын көрсетіп отыр. Қазіргі таңда Жуалы мен Сарысу аудандарында мониторинг жұмыстары жалғасуда.
Жалпы алғанда өңірде жұмыспен қамту саласында айтарлықтай оң серпін байқалады. Жаңадан ашылған жұмыс орындары, жұмысқа электронды еңбек биржасы арқылы орналасқан азаматтар мен ұлттық жобалар аясында жасалған мүмкіндіктер саладағы белсенділіктің айқын көрінісі. Сонымен қатар зерделеу нәтижелері кемшіліктер мен назар аударуды қажет ететін мәселелердің бар екенін де көрсетті.
Әлеуметтік қолдау шын мәнінде мұқтаж жандарға бағытталуы тиіс. Алдағы уақытта аталған кемшіліктерді жоюға бағытталған іс-шаралар жүзеге асырылса, өңірдегі жұмыспен қамту мен әлеуметтік қолдау салаларындағы көрсеткіштер сапалы түрде жақсарып, тұрғындардың әл-ауқатының артуына тың серпін берері сөзсіз.
Мұқағали БАЛТАБАЕВ



