Өзара түсіністік өрге жетелейді

Валерия СОН,
ҚР Мәдениет саласының үздігі,
қалалық ардагерлер
кеңесінің мүшесі
Барша қазақстандықтарды еліміздің ең шуақты, ең мәнді мерекелерінің бірі – Қазақстан халқының бірлігі күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Бұл – кең-байтақ жерімізде тату-тәтті өмір сүріп жатқан түрлі ұлт өкілдерінің бірлігі мен ынтымағын, өзара түсіністігі мен сыйластығын айшықтайтын айрықша мереке.
Қазақстан – сан түрлі мәдениет пен дәстүр тоғысқан ортақ шаңырағымыз. Ал өнер жүректерді жақындастырып, дәстүрді дәріптеп, ұлт пен ұлысты бір арнаға тоғыстыратын ортақ тіл деуге болады.
Әр шаңырақта тыныштық пен татулық салтанат құрсын, адамдар арасындағы достық пен өзара құрмет нығая берсін! Баршаңызға зор денсаулық, бақ-береке, шабыт пен жарқын болашаққа деген сенім тілеймін!
Тыныштыққа ештеңе жетпейді

Фарида НАҚЫШ,
«Қазақстандық татар
және башқұрттар конгресі»
РҚБ облыстық филиалының
төрағасы
Тарихтың талай сынынан өткен, тағдыры тоғысқан халықтардың қара шаңырағы – Қазақ елі бүгін тағы бір көктемнің шуақты мерекесін қарсы алуда.
Біздің татар мен башқұрт ұлты үшін Қазақстанның, оның ішінде киелі Жамбыл облысының орны ерекше. Біз осы топырақта тамыр жайып, осы елдің суын ішіп, ауасымен тыныстап отырған бір ағаштың бұтақтарындаймыз. Бізді ортақ құндылықтар, ортақ тарих және жарқын болашаққа деген мызғымас сенім біріктіреді.
Қазақта «Бірлік бар жерде – тірлік бар» деген аталы сөз бар. Бүгінде біздің конгресс мүшелері еліміздің қоғамдық өміріне белсене араласа отырып, достық дәнекері болуды басты мұрат санайды. Біздің әртүрлілігіміз – әлсіздігіміз емес, керісінше, ешкімге ұқсамайтын байлығымыз бен күшіміз.
Осынау айтулы мерекеде әрбір шаңыраққа таусылмас төзім, мұқалмас жігер және береке тілеймін. Көңілдеріңіз көктемдей жадырап, достық пейілдеріңіз ешқашан суымасын. Еліміздің тыныштығы – басты байлығымыз, ал сол тыныштықты сақтау – баршамызға ортақ парыз.
Ынтымағы жарасқан еліміздің іргесі берік, болашағы кемел болсын!
Тұрақтылықтың берік негізі
Сартиф АЛИЕВ,
«Барбанг» күрдтер
қауымдастығы» РҚБ
облыстық филиалының
төрағасы
1 мамыр – әрбір Қазақстан азаматы үшін Отанға деген сүйіспеншілік сезімнің, азаматтық борыш пен жалпыұлттық келісімнің мерекесі. Қоғамдық келісім мен саяси тұрақтылық біздің ең маңызды байлығымыз болғандықтан бұл жетістікті бағалап, оны сақтау жолында аянбай еңбек ету – әрбіріміздің міндетіміз.
Қазақ елі – қашаннан бауырмал халық. Әр кезеңде пана іздеп келген өзге ұлт өкілдерінің бәріне құшағын ашып, төрінен орын беріп, қандай қиын сәттердің өзінде бір үзім нанды бөліп жегенін біз жақсы білеміз. Қаймағы бұзылмаған қазақ жері бүгінде көпұлтты мемлекеттің бірі болып, әлемге бейбіт сүйген ел ретінде танылды.
Біздің бірлігіміз – Қазақстанның тұрақтылығы мен гүлденуінің басты құндылығы және берік негізі. Айтулы мерекеде ашық әрі бейбіт аспан, тыныштық, амандық және жарқын болашақ тілеймін. Әр шаңырақта татулық, береке мен қуаныш орнап, жүректеріңізде Отанымызға деген мақтаныш сезімі арта берсін!
Ортақ мақсат - жарқын болашақ
Гулам УМАРОВ, облыстық
Қазақстан халқы
Ассамблеясы төрағасының орынбасары
Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесі – еліміздегі бейбітшілік пен татулықтың, өзара сыйластық пен келісімнің жарқын көрінісі. Кең-байтақ Қазақстан жерінде түрлі ұлт пен ұлыс өкілдерінің бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп, ортақ мақсат жолында еңбек етуі – тәуелсіздігіміздің ең үлкен жетістіктерінің бірі. Бірлік бар жерде тірлік бар, ал ынтымақ бар жерде ырыс пен береке қатар жүреді.
Осы орайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІV сессиясында сөйлеген сөзі көп адамға терең ой салғандығы анық. Алқалы жиында Президент: «Қазақстанда адамды ұлтына, тіліне, дініне қарай кемсіту ешқашан болған емес, болмайды да. Барша азаматтарға бірдей мүмкіндік берілген. Бұл – нағыз әділдік, әділетті мемлекеттің ажырамас бөлігі», – деп атап өткен болатын.
Расында да Қазақстан әлемге тұрақтылықтың, ұлтаралық келісім мен достықтың үлгісін көрсетіп отыр. Бұл – әрбір азаматтың елге деген сүйіспеншілігінің, ортақ Отанға деген жауапкершілігінің нәтижесі. Біз өткеннің өнегесін ұмытпай, болашаққа сеніммен қарап, бірлігімізді нығайта түсуіміз қажет. Бұл тұрғыда киелі Жамбыл жерін мекен еткен 87 этнос өкілдері тұрақтылық пен бейбітшілікті нығайтуға атсалысуда. Өңірдегі 75 этномәдени бірлестік түрлі іс-шаралар мен қайырымдылық акцияларына белсенді қатысып келеді.
Осы айтулы күні баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, бақ-береке тілеймін. Әр шаңырақта шаттық пен қуаныш орнасын, елімізде әрдайым бейбітшілік пен келісім салтанат құрсын. Бірлігіміз бекем, тәуелсіздігіміз мәңгі болсын!
Мереке құтты болсын!
Сыйластықтың символы
Тарас ЛЕОНЕНКО,
Тараз қаласындағы
№26 мектептің директоры
Бірлік күні – Қазақстанда мекендейтін түрлі ұлт пен ұлыс өкілдерінің татулығы мен келісімін дәріптейтін ерекше мереке. Бұл күн – бейбіт өмірдің, достық пен сыйластықтың символы.
Украин халқы да қазақ жерінде өзге ұлт өкілдерімен бірге тату-тәтті, бейбіт өмір сүріп келеді. Қазақ халқының кеңпейілділігі мен қонақжайлылығының арқасында барша ұлт өкілдері бір шаңырақ астында бірлік пен келісімде тіршілік жасауда. Бейбіт өміріміз баянды болып, тыныш тірлігіміз ұзағынан жалғаса берсін. Көпұлтты елімізде әрбір ұрпақтың бойына «Туған жер – Отаным» деген қасиетті ұғым терең сіңіп, елін, жерін құрметтейтін саналы азамат болып қалыптасуы аса маңызды.
Бүгінде түрлі ұлт өкілдері бір шаңырақ астында тату тәтті өмір сүріп, еліміздің дамуына өз үлестерін қосуда. Осы ынтымақтың арқасында Қазақстанымыз өркендеп, болашағымыз жарқын бола түсуде.
Бірлік пен тұрақтылық – мемлекетіміздің ең қымбат қазынасы. Оны сақтау – әрбір азаматтың қасиетті борышы.
Баршаңызды Бірлік күнімен шын жүректен құттықтаймын! Ортақ Отанымыздың болашағы жарқын болсын!
Татулық - басты байлығымыз
Айша ИДЫБО,
облыстық «Вынхуа»
дүнген этномәдени
бірлестігінің жетекшісі
Қордай ауданы – көпұлтты, түрлі этнос өкілдері тату тәтті өмір сүріп жатқан киелі өңір. Әр этностың қазақ жеріне қоныстануының өзіндік тағылымды тарихы бар.
Соның бірі – осыдан 148 жыл бұрын Қытай жерінен қоныс аударған дүнген ағайындардың тағдыры. Жетісу өңірінің белгілі биі Ноғайбай Дәулетбақұлының оларды жатсынбай, бауырына басып, жер мен мал беріп, тұрмысын түзеп алуына қолдау көрсетуі – қазақ халқына тән кеңпейілділік пен бауырмалдықтың жарқын үлгісі. Бүгінде елімізде дүнген этносының саны шамамен 85 мыңға жуық болса, оның басым бөлігі Қордай ауданында тұрады. Бұл – ауданымыздағы этностар арасындағы татулық пен өзара құрметтің, бірлік пен келісімнің нақты көрінісі.
Бірлік пен татулық – халқымыздың ең басты байлығы. Біз осы құндылықтарды жас ұрпақтың санасына сіңіруді әрдайым басты міндетіміз деп білеміз. Өйткені елдің болашағы бүгінгі жастардың қолында. Олар өзара сыйластық пен түсіністік рухында тәрбиеленсе, ертең еліміздің тұрақтылығы мен тұтастығын нығайта түсетіні анық.
1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесі құтты болсын! Осы айтулы мереке әр шаңыраққа шаттық пен береке әкелсін. Бірлігіміз бекем, татулығымыз мәңгі болсын!


