Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

«Экстремизмнің алдын алу – рухани сауаттылықтан басталады»

«Экстремизмнің алдын алу – рухани сауаттылықтан басталады»
Ашық Дереккөз
Қай заманда болмасын, қай қоғамда болмасын діни экстремизм мен радикализм мәселесі өзектілігін жоғалтқан емес. Әсіресе, бүгінгі таңда жастардың жат діни ағымдардың ықпалына түсуі алаңдаушылық тудырып отыр. Осы орайда, облыстық «Һибатулла Тарази» мешітінің наиб имамы, жат діни ағымдардан сақтандыру бағытына жауапты маман Нұрлан Мұратұлымен сұхбаттасып, экстремизм мен радикализмнің таралу себептері және деструктивті діни топтардың жастарға әсері жайлы сұраған едік.

– Нұрлан Мұратұлы, сіздіңше экстремизм мен радикализмнің таралуының негізгі себептері қандай?

– Ислам діні адамзатты бірлікке, бейбітшілікке, бауырмалдық пен өзара татулыққа үндейтін дін ретінде келген. Алайда, Мұхаммед (с.ғ.с) Пайғамбар дүниеден өткеннен кейін түрлі жат діни ағымдар пайда бола бастады. Оған сыртқы факторлармен қатар, діни мәтіндерге дұрыс интерпретация жасалмауы себеп болды.

Ал қазіргі таңда экстремизм мен радикализмнің таралуына әсер ететін факторлар одан да көп. Соның бірі – ғаламтор кеңістігінде діни ақпараттың ешбір сүзгісіз, шектеусіз қолжетімді болуы. Әлеуметтік желілер арқылы алынған діни мәліметтерді әр адам бірдей сараптай алмайды. Көп жағдайда азаматтар діни ақпаратты білікті мамандардан емес, күмәнді дереккөздерден алып жатады.

Сонымен қатар, отбасында балаға ерте жастан дұрыс діни әрі рухани тәрбиенің берілмеуі де үлкен рөл атқарады. Діни-танымдық негізі қалыптаспаған жас қоғамдағы діни ортаға тап болғанда ақ пен қараны ажырата алмай, эмоцияға беріліп, діни фанатизмге бой алдырады. Бұдан бөлек, діни мәтіндерді қате түсіну, әлеуметтік-экономикалық қиындықтар, психологиялық факторлар, орта мен отбасы тәрбиесі де экстремизм мен радикализмнің таралуына әсер етеді.

– Жалпы жат ағымдар мен деструктивті діни топтардың жастарға ықпал ету әдістері қандай ерекшеліктерге ие?

– Жат ағымдар мен деструктивті діни топтар жастардың эмоциясын, психологиясын және ақпараттық кеңістікті өте шебер пайдаланады. Олар дәстүрлі діни ұстанымнан бездіру үшін «Олар адасқан, біз дұрыс жолдамыз», «Олар дінді бұрмалаған, біз Пайғамбар мен сахабалар кезіндегі Исламды ұстанамыз», «Олар дінге жаңалық енгізген, біз Құран мен хадиске ғана сүйенеміз» деген сияқты ұрандар арқылы жастардың санасына күмән ұялатады.

Осылайша, «таза дін», «дұрыс Ислам» деген ұғымдарды алға тартып, Құран аяттары мен хадистерді ешбір түсіндірмесіз, тікелей мағынада қабылдауға үйретеді. Алайда діни мәтіндерді түсіндіруде олардың түсу немесе айтылу себебін, үкімінің мәнін, мансух етілген-етілмегенін білу аса маңызды. Мұны ескермей үкім шығару – өте қауіпті.

Кей жағдайларда жастардың өмірлік дағдарысы, жалғыздығы мен эмоциялық әлсіз тұстары да тиімді пайдаланылады. Дүниелік қызығушылықтан бездіріп, ақыретті ғана аңсату, тозақпен қорқыту арқылы оларды өз ортасына тарту фактілері де кездесіп жатады.

– Экстремизм мен радикализмнің алдын алуда мешіттердің рөлі қандай?

– Мешіттердің рөлі ерекше деп айтуға болады. Мешіттер арқылы енді дінге деген қызығушылығы оянған жастарға дұрыс жол көрсетіле отырып, бастапқы діни ақпараттар берілу арқылы рухани негізі қалыптасады. Мешіттерде дәстүрлі діни ұстанымға қарсы жат ағымдардың теріс көзқарастары түсіндіріліп, ақпараттық-танымдық дәрістер беріледі. Жаз айларында арнайы «Имани жаз» атты жазғы діни сауат ашу курстары өткізіліп, жастардың бойында жат ағымдарға қарсы иммунитет қалыптастырылады. Себебі, ең алғашқы құйылған іргетасты бұзу қиынға соғады. Сол сияқты мешіттерде жат ағымдардың жетегінде кеткен азаматтармен де жеке кездесулер өткізіліп, олардың тура жолды табуына себеп болатын әрекеттер жасалады.

– Жастардың діни сауатсыздығы немесе дұрыс ақпаратқа қол жеткізе алмауы жат ағымдардың арбауына түсуіне қаншалықты әсер етеді?

– Кез келген саладағы басты өлшем – сол салаға қатысты тиісті білімнің болуы. Дін өте нәзік нәрсе болғандықтан дұрыс діни ақпаратқа қол жеткізу аса маңызды. Себебі, аят-хадистерді контекстен керекті жерін бөліп алып қолдану арқылы кез келген ағым өкілі өзінің ұстанымына дәлел ретінде қолдана алады.

Дінді эмоциялар жетегінде ұстанған адам фанатизмге, ал саналы түрде, білімге негіздеп ұстанған адам тура жолға бағыт алады. Сол үшін жастар ең әуелі діни сауатын ашып, ақ пен қараны ажыратуды үйрену керек. Сондай-ақ, әлеуметтік желілер мен ресми емес діни сайттар арқылы күмәнді діни ақпараттарға жоламау керек.

– Қазіргі заманауи ақпарат құралдары арқылы жат ағымдардың таралуын болдырмау мақсатында қандай жұмыстар атқарылуда?

– Әрине, әлеуметтік желілердің рөлі ерекше. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларында үздіксіз діни ақпараттар беріп отырады. Сол сияқты әрбір облыстық өкілдіктердің, қалалық, аудандық мешіттердің мамандары әлеуметтік желілерде белсенді жұмыс жүргізуде. Муфтияттың «Мұнара ТВ» телеарнасының да жұмысы ауыз толтырып айтуға тұрарлықтай. Осылайша, үздіксіз өзіміздің ата-бабамыз ұстанып келе жатқан дәстүрлі діни бағытымыз насихатталып, жат ағымдардың таралуына тосқауыл болуға әрекет жасалуда. Сол сияқты елімізге белгілі исламтанушы, дінтанушы білікті ұстаздар мен уағызшылар әлеуметтік желілер арқылы дұрыс діни түсінік қалыптастыратын уағыздар айту арқылы да жат ағымдардың таралуына тежеу болуда.

– Ал облысымызда экстремизм мен радикализмнің алдын алу бойынша нақты қандай жобалар немесе іс-шаралар қолға алынған?

– Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының жұмыс істейтін негізгі төрт бағытының бірі – жат діни ағымдардан сақтандыру бағыты. Осы бағыт аясында облысымызда кешенді жұмыстар атқарылуда. Ең әуелі жалпы алдын алу шаралары ретінде мешітке келуші жамағаттың бойында жат ағымдарға қарсы иммунитет қалыптастыратын дәрістер мен уағыздардың жүргізілуі қолға алынған. Облыс әкімдігі дін істері басқармасымен бірлесе отырып жат ағымдардың жетегінде кеткен азаматтарға түсіндіру жұмыстарын жүргізе отырып, оларды қоғамдық құндылықтарға бейімдеу және оңалту жұмыстары атқарылады. Әлеуметтік желілер арқылы жат ағымдардың зардаптарын түсіндіретін һәм дәстүрлі бағытты насихаттайтын контенттер шығаруға көңіл бөлінуде.

Сол сияқты өңірдегі түзету мекемелерінде отырған азаматтармен тұрақты түрде кездеулер өткізіледі. Кездесулер нәтижесінде араларында өздерінің қателесіп жүргендерін түсініп, ханафи мазхабына бет бұрғандары да жоқ емес. Сондай-ақ, түзету мекемелерінде жаңадан намаз бастайтын жазасын өтеушілер өте көп болғандықтан, оларға бастапты діни ақпарат беріледі. Сонымен қатар үнемі топтық кездесулер өткізіліп уағыз-насихаттар айтылады.

– Жат ағымдардың ықпалын сезген немесе күмәнданған ата-аналар мен азаматтарға қандай кеңес бересіз?

– Жат ағымның ықпалына түспеу үшін ең әуелі соған қарсы «екпе» салыну керек. Ол дегеніміз әрбір ата-ана өзі де діни сауатты болып, балаларына да дұрыс діни, рухани тәрбие бере білуі керек. Қазір көпшілік ата-ана балаларын мешітке жіберуге қорқады. Керісінше балаларын мешітке апарып, білікті имаммен жолықтырып, бастапқы діни түсінік қалыптастырған дұрыс. Себебі, ертең ол бала бәрібір ата-анасынан алыстап, қоғаммен араласқанда әртүрлі ниетті, теріс пиғылды адамдармен жолығады. Сондай кезде дұрыс діни ақпарат болмаған соң, ол адамда «әсерлі сөздің» жетегіне еріп кету қаупі жоғары болады.

Сол сияқты адамның тәні азық талап ететіні сияқты жаны да рухани азық іздейтін кездер болды. Міне, сол кезде рухани «бос» адам жат ағымдардың құрығына түсіп қалуы ықтимал. Сондықтан, рухани құндылықтар баланың бойына жастайынан сіңіріліп, дұрыс ұстанымға қарай бағытталуы керек. Одан бөлек, әрбір ата-ана баласының ұялы телефонын арасында тексеріп, «қандай ақпараттар көреді, не тыңдайды, кімдермен араласады» дегенге де мән беріп отыруы қажет.

– Мешіт пен мемлекет арасындағы бірлескен іс-қимыл қалай ұйымдастырылған және бұның тиімділігін қалай арттыруға болады?

– Мешіт руханият орталығы болғандықтан атқарылатын іс-қимыл, әрекеттер тек ақпараттық-түсіндіру, жат ағымдардың жақтастарын анықтау және оңалту акцияларын ұйымдастырумен шектеледі.

Жат ағымдардан туындайтын салдармен күресудің орнына оның бастапқы себептерінің алдын алуға көбірек көңіл бөлінген дұрыс болар дер едім. Осы мақсатта мектептер мен оқу орындарында білікті дін мамандарымен кездесулер өткізіп, жат діни ағым өкілдерінің ұстанымдары мен олардың белгілерін және олардан туындайтын қауіпті түсіндіру керек.

– Сіз өз тәжірибеңізде жат ағымға еріп кеткен адамдармен кездескенсіз бе? Оларға қалай бағыт-бағдар бердіңіз?

– Әрине, осы уақытқа дейін біраз жат ағымға еріп кеткен азаматтармен мешіттерде, түзету мекемелерінде, үйлеріне барып та жолықтым. Олардың ең әуелі діни ұстанымын анықтаймыз. Яғни, осындай ұстанымға келуіне қандай нәрсе себеп болғанын білуге тырысамыз. Олармен дұрыс контакт құру мүмкіндігі туындаса діни білім алуға шақырамыз. Сол сияқты белгілі бір діни үкімді шығаруға қатысты ханафи мазхабының дәлелдерді қолдану әдіснамасын, хадистерді қолдану шарттары мен әдіснамалары түсіндіріледі. Сол сияқты аят-хадистердің тура мағынасында алынып, сол күйінде қолданудың қаншалықты қателік екендігі айтылады. Әртүрлі тартысты мәселелерді қозғай отырып, нысанның өз ұстанымына қатысты күмән тудыру әдісі де қолданылады.

Біраз кездесулер арқылы байқағаным, олардың көпшілігі өмірге, саясатқа, қоршаған ортаға, билікке, әйтеуір бір нәрсеге реніші бар тұлғалар болып келеді. Ондай жағдайда олармен психологиялық тұрғыдан сөйлесуге тырысамыз. Мүлдем сөзге келмейтін тұйық немесе өте агрессивті тұлғалар да болады. Жалпы алғанда барлығын әсіредіншілдіктен бетін қайтарып, дұрыс діни ұстанымда, қоғаммен бірге болуға бағыт-бағдар береміз.

– Діни экстремизммен күресте қоғам мен мешіт арасындағы ынтымақтастықты қалай күшейтуге болады?

– Ең алдымен мешітке, мешіт имамдарына деген сенімді арттыру қажет. Діни сұраныстарды қанағаттандыратын орталық ретінде мешіттер мен ондағы имамдар толық танылған жағдайда жат ағымдардың арбауына түсу қаупі төмендейді. Қоғамның әрбір мүшесі діни жоралғылар мен құлшылықтарға келуге шешім қабылдаған жағдайда білікті діни маманнан кеңес алып, мешіт имамдарынан ғана діни сауатын ашқаны дұрыс болады.

– Алдағы уақытта аймақта экстремизм мен жат ағымдардың алдын алу үшін қандай маңызды қадамдар жасалуы қажет деп есептейсіз?

– Ең бастысы, жоғарыда айтқанымдай, салдарымен емес, алдын алу шараларына ерекше маңыз беру қажет. Ол үшін мешіт имамдары тарапынан жат ағым зардаптарын түсіндіру мен дәстүрлі діни ұстанымды барынша насихаттау жұмыстарын жүргізу керек. Әлеуметтік желілерде ресми парақшалар арқылы экстремизм мен жат ағымдардың зардаптарын көрсететін танымдық ақпараттар мен дұрыс діни түсінік қалыптастыратын мәліметтер тұрақты түрде беріліп отыруы маңызды.

– Әңгімеңізге рақмет.

 

Сұхбаттасқан Айжан ӨЗБЕКОВА

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар