Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

«Ұлттық цифрлық мұрадан» ұтарымыз көп

«Ұлттық цифрлық мұрадан» ұтарымыз көп
Автор
Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында елімізде тарихи маңызы зор бастама көтерілді. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қызылорда қаласында өткен Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысында айтты. Президенттің айтуынша, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект қарқынды дамыған сайын ұлттық бірегейлікті сақтау мәселесі бұрынғыдан да өзекті бола түсуде.

Цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект қарқынды дамыған сайын ұлттық бірегейлігімізді нығайту өзекті бола түседі. Төл тарихы мен мәдениетін электронды форматқа көшіріп, оны жаһандық цифрлық өркениетке қосқан елдер ғана ұлттық болмысын сақтап қалады. Мұны жаңа дәуірдің талабы деуге болады. Түптеп келгенде, бұл – жұртымыздың идеологиялық дербестігіне және болашағына тікелей қатысты мәселе. Мен халықтың жады мен ғылым-білімін жинақтайтын «Ұлттық цифрлық мұра» қорын құру идеясын қолдаймын. Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясындағы мұндай бастама тарихи мұрамызды сақтап, оны терең зерделеуге жол ашады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Осы орайда Мемлекет басшысы былтырғы Ұлттық құрылтайда ғылыми еңбектерді, мұрағат материалдарын, мұражай қорларын және өнер туындыларын жүйелеу қажеттігін ерекше атап өткенін еске салды.

– «Ұлттық цифрлық мұра» бұл шаруаны заман талабына сай жүргізуге мүмкіндік береді, — деді Мемлекет басшысы.

Ұлттық құрылтайда көтерілген бұл бастама аясында «Ұлттық цифрлық мұра» қоры жасақталмақ. Онда ұлт руханиятының алтын қазығына айналған ұлы тұлғалардың мол мұрасы жинақталады. Мемлекет басшысы Абай Құнанбайұлының «Қара сөздерін» жаһан жұртына кеңінен таныту мәселесіне де айрықша тоқталды. Абайдың «Қара сөздері» қанша заман өтсе де құндылығын жоғалтқан жоқ. Керісінше, уақыт өткен сайын ондағы ойлар өмірдің өзегіне айналып отыр. Күллі қазақтың рухани бағдаршамы болған бұл мәдени мұра енді адамзаттың ортақ игілігіне айналуы қажет.

Абайдың қара сөздерін ЮНЕСКО-ның «Әлем жады» деректі мұралар тізіміне енгізу үшін тиісті құжаттар сараптамалық бағалауға жолданбақ. Сонымен қатар осындай мәдени қазыналарымызды цифрландыру арқылы оларды әлемдік ғылыми және мәдени кеңістікке шығару көзделіп отыр.

Қазіргі таңда елімізде архивтерді, мұрағат материалдарын және мәдени мұраларды цифрландыру жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Ұлттық архив қорының 2 миллион 600 мыңнан астам құжаты цифрландырылған. Сондай-ақ «Qazaq Culture» платформасы 8 тілде жұмыс істеп тұр. Ал «Ұлттық цифрлық мұра» қоры «e-Архив», «e-Кітапхана», «e-Culture», «e-Museum» секілді қолданыстағы жүйелермен, сондай-ақ мемлекеттік, ғылыми және білім беру ұйымдарының дерекқорларымен біріктіріледі. Бұл тарихи деректерді бір орталыққа жинақтап, оларды ғылыми айналымға кеңінен енгізуге мүмкіндік береді.

Архивтер мен тарихи жазбаларды цифрландырудың маңызы зор. Қағазға қолмен жазылған құнды дүниелер жасанды интеллект көмегімен өңделіп, ұзақ мерзімге сақталады. Бұл тарихи деректердің жоғалу қаупін азайтып қана қоймай, оларды мектептерде, колледждерде және жоғары оқу орындарында кеңінен пайдалануға жол ашады. Мұндай материалдар жастардың тарихи санасын қалыптастыруға, ұлттық құндылықтарға деген қызығушылығын арттыруға ықпал етеді.

Осы орайда «Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясы» мекемесінің  директоры, таритх ғылымдарының  магистрі Сауран Қалиұлы Ұлттық цифрлық мұра қорының археологиялық ескерткіштер үшін де маңызы зор екенін атап өтті.

 – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Ұлттық цифрлық мұра» қорын құру – тек тарихи құндылықтарды сақтаудың ғана емес, оларды жаңа деңгейде танып-білудің тиімді жолы» деп атап өтті.                                                                 

Бұл археологиялық ескерткіштерге де орталықтандырылған цифрландыру және жасанды интеллект мүмкіндіктерін кеңінен пайдалану арқылы көне ескерткіштерді жүйелеуге, ғылыми айналымға пайдалы енгізуге және зерттеушілер мен көпшілікке бірдей қолжетімді етуге жағдай жасау сәті туындап отырғанын көрсетті.

Цифрлы жүйені енгізу – археологиялық ескерткіштер туралы мәліметтерді  ұзақ мерзімге сақтауға мүмкіндік береді. Бұл деген табиғи апаттар, заңсыз қазба салдарынан ескерткіштер жойылған жағдайда олардың ғылыми дерек ретінде сақталуын қамтамасыз етеді. Орталықтандырылған жүйе әртүрлі мекемелерде шашырап жатқан деректерді бір арнада біріктіреді.

Бір сөзбен айтқанда бірыңғай орталықтандырылған цифрлы жүйе тарихи деректердің жоғалу қаупін төмендетіп қана қоймай, ұлттық жады қалпын ұлғайтып, жастардың тарихқа, өткеннің өнегелі тұстарына қызығушылығын арттырады. Сонымен қатар, мұндай бастама ғылым мен білімнің дамуына серпін беріп, Қазақстанның мәдени мұрасын халықаралық деңгейде танытуға мол мүмкіндік ашады.

Оның үстіне Қызылорда қаласында өткен Ұлттық құрылтайдың кезекті отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тарихи-мәдени жәдігерлерге мол мемлекетіміздің бұл мақсаттағы әлеуетінің жоғары екендігін тағы да тілге тиек етті.

Бұған дейін Ұлттық құрылтайда еліміздің рухани-мәдени мұрасын әлемге таныту туралы бастамалар көтерілді. Соған сәйкес жоспарлы жұмыс жүргізіліп жатыр. Мысалы, 14 жылда алғаш рет аса құнды «Хандар шежіресі» қолжазбасын ЮНЕСКО-ның «Әлем жады» деректі мұралар тізіміне енгіздік. Биыл жазда Корея Республикасының Пусан қаласында Бүкіләлемдік мұралар комитетінің кезекті отырысы өтеді. Сол кезде «Маңғыстаудың жерасты мешіттерін» ұйым тізіміне қосу мәселесі қаралады. Қазір Қазақстан материалдық емес мәдени мұралар тізіміне өз нысандарын белсенді түрде енгізіп жатқан 25 елдің қатарына кіреді. Бірақ мұнымен тоқтап қалуға болмайды. Төл тарихымызды зерделеу, өнеріміз бен мәдениетімізді өркендету үшін әлі де көп жұмыс істелуге тиіс. Бұл шаралар алдағы уақытта да жалғаса береді.

Елімізде танымдық әрі тағылымдық мәні зор тарихи орындар мен құнды жәдігерлер аз емес. Мысалы, таза ағаштан салынған Жаркент мешіті – қытай сәулетшілері мен ұйғыр шеберлерінің қолынан шыққан бірегей туынды. Алматыдағы «Вознесенск кафедралды шіркеуі» де айрықша тарихи нысан. Татулық пен достықтың символы саналатын осы екі ғимаратты «Бірлігіміз – әралуандықта» қағидатының іс жүзіндегі көрінісі деуге болады.

Ұлы даланың әрбір тау-тасы халқымыздың сан ғасырлық жылнамасынан сыр шертеді. Соның бірі – қойнауы қазынаға толы Қаратау петроглифтері. Төрт мың жылдық тарихы бар таңбалы тастар төл өркениетіміздің тамыры тым тереңде жатқанын көрсетеді. Ғалымдарымыз Қызылорда жеріндегі Сауысқандық пен Түркістан облысындағы Арпаөзеннен жалпы саны 17 мың петроглиф тапқан. Осындай құнды жәдігерлеріміз бен ұлттық дәстүрлеріміз ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұралар тізімінде болуға әбден лайық деп санаймын. Құзырлы министрлікке осы мәселелерге қатысты жұмысты қолға алуды тапсырамын.

Мен халықтың жады мен ғылым-білімін жинақтайтын «Ұлттық цифрлық мұра» қорын құру идеясын қолдаймын. Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясындағы мұндай бастама тарихи мұрамызды сақтап, оны терең зерделеуге жол ашады. Мен былтырғы Құрылтайда ғылыми еңбектерді, мұрағат материалдарын, мұражай қорларын және өнер туындыларын жүйелеу қажеттігін ерекше атап өттім. «Ұлттық цифрлық мұра» бұл шаруаны заман талабына сай жүргізуге мүмкіндік береді.

Біз тұтас түркі өркениетін зерделеуге де баса мән береміз. Қыркүйекте ресейлік әріптестерімізбен және басқа да елдердің өкілдерімен бірге «Өр Алтай – түркілердің ата қонысы» деген халықаралық конференция өткізуді жоспарлап отырмыз, - деді Президент Құрылтайда сөйлеген сөзінде.

Өз тарапымнан айтарым, тарихи жәдігерлердің орталықтандырылған цифрлы жүйеге қосылуы арқылы әлемдік деңгейде ұтатын тағы бір дүниеміз ол – туризм. Яғни, жасанды интелект арқылы бұл мүмкіндікті мүлт жібермеу мұрат. Ол үшін алдымен жасанды интелектіні жақсы игерген мамандар дайындау парыз. Осы саланы жақсы танып, білген мамандардың ІТ дайындығын кеңейту. Өйткені, бұл бастама бір күндік емес, өміршең. Ұлттық құндылықтардың өміршеңдігі қандай маңызды болса, осы құндылықтарды насихаттайтын цифрландыру жүйесін толық игерген мамандарды даярлау да соншалықты маңызды, - деді Сауран Қалиұлы.

«Ұлттық цифрлық мұра» қоры – ұлттық жадыны сақтау мен жаңғыртудың, ғылым мен білімді дамытудың және тарихи-мәдени құндылықтарды жаһандық деңгейде танытудың стратегиялық маңызы бар бастамасы. Бұл жоба Қазақстанның рухани мұрасын жаңа дәуір талаптарына сай сақтап, болашақ ұрпаққа аман жеткізуге қызмет етеді.

 

 

                                                 Айжан ӨЗБЕКОВА

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар