Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Техника жаңарса, тірлік те тіктеледі

Техника жаңарса, тірлік те тіктеледі
2025 жылы «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының техника паркі 27 пайызға жаңартылды. Нәтижесінде техниканы жалға алу шығындары 85 пайызға азайып, жөндеу шығындары екі есеге қысқарды.

Жалпы бүгінде «Қазсушар» теңгерімінде 2 100-ден аса техника бар. Былтыр Өнеркәсіпті дамыту қорының қаражаты есебінен 576 техника, ал тарифтік қаражат есебінен 135 арнайы техника сатып алынды. Нәтижесінде 2025 жылы 375 гидротехникалық нысанда жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 1840 шақырым ирригациялық канал механикалық әдіспен тазартылды. Сондай-ақ биыл кәсіпорын 146 техника сатып алуды жоспарлап отыр. Одан бөлек 1 876 арнайы техника мен автокөлікке GPS-трекер орнату жөнінде келісімшарт жасалды.

Қазір еліміздің барлық аймағында көктемгі су тасқыны кезеңіне дайындық басталды. Осы ретте барлық филиал тасқын суды өткізу жоспарларын бекітті, гидротехникалық нысандарға тексеріс жүргізіліп, ескерту жүйелері орнатылды. Суқоймаларының жұмыс режимі бассейндік су инспекцияларымен келісілуде, тасқын суды қабылдау үшін бос сыйымдылық қоры қамтамасыз етіліп жатыр. Инертті материалдар мен 572 техника дайындалды.

Шағын гидроэнергетиканы дамыту мақсатында 29 гидротехникалық нысан шағын су электр стансаларын (СЭС) орнату үшін іріктелді. «Қазсушар» нысандарында шағын СЭС дамытуға арналған жол картасы әзірленді.

Халықаралық ынтымақтастықты дамыту аясында Корея Республикасының Су ресурстары корпорациясымен (K-Water) меморандумға қол қойылды. Құжат тәжірибе және технология алмасуды, сондай-ақ шағын энергетиканы дамыту саласындағы әріптестікті көздейді.

Сонымен қатар «Қазсушар» Азия су кеңесінің (AWC) құрамына енді. Бұл ұйым Азияның 26 елінен су ресурстары саласындағы 176 ұйымды біріктіреді. AWC құрамына ену кәсіпорынға су ресурстарын басқаруда цифрлық технологиялар мен инновациялық тәсілдерді енгізуге, сондай-ақ стратегиялық жоспарлау, бірлескен жобаларды іске асыру және тәжірибе алмасу бағытында азиялық және халықаралық ұйымдармен ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндік береді.

Қытайдың Power China компаниясымен ынтымақтастық аясында сушаруашылығы саласының 125 маманы, оның ішінде «Қазсушар» қызметкерлері ҚХР-да біліктілікті арттыру курсынан өтті. Барлық шығынды қабылдаушы тарап өз мойнына алды.

Бұдан бөлек, былтыр кәсіпорын филиалдарының өндірістік қызметкерлерінің жалақысы орташа есеппен 35-50 пайызға артты.

 

Су ресурстары және ирригация

министрлігінің баспасөз қызметі

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар