Осы мақсатта 2025 жылы облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің қолдауымен жүзеге асқан «Әулиеата – кітап оқитын өңір» акциясына белсенді атсалысып, өңірдің рухани өміріне серпін берген бірқатар мазмұнды жобаларды іске асырдық. Аталған бастама аясында өткізілген «Әдебиеттің алтын тұяғы» атты жазушыға 100 сұрақ қою форматындағы әдеби кеш оқырмандар тарапынан жоғары бағаланды.
Әдеби кештің мазмұнын байытып, оған заманауи сипат берген ерекше жаңалық – жазушы Көсемәлі Сәттібайұлының «Елгезек бағдаршам, Тоқ қуат және басқалар» шығармасы негізінде жасанды интеллект технологиясын қолдану арқылы әзірленген мультхикая болды. Біз бұл жоба арқылы көркем әдебиетті қабылдаудың жаңа форматын ұсынып, әдебиет пен цифрлық технологияның үйлесімді тоғысуын көрсете алдық. Автордың көз алдында кейіпкерлердің экранда тіріліп, сөйлеп, оқиға желісін бейнелеуі көрерменге ерекше әсер қалдырды.
Бүгінде кітапханамызда цифрлық жаңғыру үдерісі жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Біз көру қабілеті шектеулі азаматтардың білім мен ақпаратқа тең қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін заманауи технологияларды күнделікті қызметімізге енгізіп келеміз. Арнайы бағдарламалар мен техникалық құралдардың көмегімен оқырмандарымыз компьютер экранындағы мәтінді дыбыстап тыңдап, жайпақ баспалы мәтінді Брайль қарпіне автоматты түрде аударып, кәсіби деңгейде басып шығара алады. Брайль дисплейі арқылы мәтінді сезіну мүмкіндігі де ақпаратты қабылдаудың жаңа деңгейін қалыптастыруда.
Бұл технологиялар бізге зағип және әлсіз көретін азаматтардың тек кітап оқумен шектелмей, қоғамдық өмірге белсенді араласуына, өзіндік мүмкіндігін толық жүзеге асыруына жол ашып отыр. Біз үшін кітапхана – тек кітап сақтайтын орын емес, оқырманның әлеуетін дамытатын ашық білім алаңы.
Қазіргі таңда смартфон мен интернет мүмкіндіктерін тиімді пайдалану аса маңызды. Осыны ескере отырып, біз «Мобильді кітапхана» жобасын іске қостық. Үш бағыттан тұратын бұл жоба арқылы зағип балалар мен жасөспірімдерге арналған инклюзивті әдеби өнімдерді алғаш рет кешенді түрде ұсындық. Ертегі кітаптар үлкен қаріптегі жайпақ баспалы, бедерлі нүктелі Брайль қарпіндегі, бедерлі графикалық суретті және дыбыстандырылған аудио нұсқада жарық көріп, балаларға оқуға, тыңдауға және сезінуге бірдей мүмкіндік беріп отыр.
Кітаптардың соңғы беттеріне енгізілген QR-кодтар арқылы балалар ертегілерді смартфон көмегімен өз бетінше тыңдай алады. Біз үшін ерекше мақтаныш – аудио ертегілердің басым бөлігінің кітапханашыларымыздың өз даусымен арнайы студияда жазылуы. Бұл жобаның мазмұнын байытып, оқырманға жақын, жылы формат қалыптастырды.
Сонымен қатар, біз балалар әдебиетімен ғана шектелмей, түрлі жас ерекшеліктеріне арналған шығармаларды қамтитын виртуалды кітап сөрелерін дамытып келеміз. Әлеуметтік мекемелер мен зағиптар оқитын білім беру ұйымдарына QR-код орнатылған 50 атаудан тұратын виртуалды кітап сөрелері орналастырылып, қазақ және орыс тілдеріндегі шығармалар оқырман сұранысына сай ай сайын жаңартылып отырады. Бұл жүйе оқырмандарға қалаған шығармасын еш кедергісіз тыңдауға мүмкіндік беріп, оларды тұрақты кітапхана оқырманына айналдыруға ықпал етуде.
Біз сондай-ақ WhatsApp мессенджері арқылы әдеби диалог жүргізудің жаңа форматын қалыптастырдық. «Кітапхана оқырмандары» чатында жұмыс күндерінің таңғы уақытында кітапхана мамандары көркем шығармаларды мәнерлеп оқиды, ал оқырмандар күн бойы пікір алмасып, ой бөліседі. Осылайша, қысқа уақыт ішінде белсенді әрі тұрақты әдеби орта қалыптасты.
Биылғы жылы біз зағип және нашар көретін балалардың технологиялық сауаттылығын арттыру және оларды болашақ мамандықтарға бейімдеу мақсатында «Жасанды интеллект негізінде зағип және нашар көретін балаларға арналған робототехника» жобасын іске қосуды жоспарлап отырмыз. Бұл жоба 5-11-сынып оқушыларына бағытталып, робототехника, бағдарламалау және жасанды интеллект негіздерімен таныстыруды көздейді. Оқу үдерісі теория мен практиканы ұштастыратын қолжетімді әрі қызықты форматта ұйымдастырылады.
Біз өңірде жүзеге асырып жатқан бұл бастамаларды Мемлекет басшысының цифрлық жаңғыру мен жасанды интеллектіні адам игілігіне жарату жөніндегі саясатының нақты жалғасы деп білеміз. Заманауи технологиялар мен рухани құндылықтарды ұштастыра отырып, кітапханамыз алдағы уақытта да ұлттық әдебиетті дәріптеу, әлеуметтік теңдікті қамтамасыз ету және инклюзивті қоғам қалыптастыру жолындағы жұмысын жүйелі түрде жалғастыра береді.
Жанна АЛШИНБАЕВА,
облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасының директоры




