Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Жылыту маусымы қалыпты өтуде

Жылыту маусымы қалыпты өтуде
А.Рысмахан
Кеше облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен аппараттық кеңес өтті. Кеңестің күн тәртібінде жылыту маусымының өту барысы мен мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің жай-күйі қаралды. Жиынды ашқан Ербол Қарашөкеев елдегі саяси реформалар мен конституциялық өзгерістердің маңызына кеңінен тоқталды.

– Өздеріңіз білесіздер, қазіргі кезеңде елімізде ауқымды жүйелі саяси өзгерістер жүзеге асырылып жатыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында саяси жаңғырудың басым бағыттары арқылы парламенттік реформаны іске асырудың маңыздылығын атап өтті. Осы бастамалар аясында Ұлттық құрылтай мүшелері, белгілі қоғам қайраткерлері, құқықтанушы ғалымдар, сарапшылар, сондай-ақ саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдардың өкілдерінен құрылған жұмыс тобы шамамен жарты жыл бойы ашық талқылаулар өткізді. Талқылаулар барысында азаматтардан келіп түскен ұсыныс-пікірлер жан-жақты қаралып, кеңінен сарапталды. Соның нәтижесінде конституциялық комиссия барлық ұсыныстарды мұқият зерделеп, Конституцияның жаңа жобасын жұртшылық назарына ұсынды. Ұсынылып отырған Ата Заң жобасы еліміздің ұзақ мерзімді даму бағытын айқындайтын, әлеуметтік әділеттілік пен құқықтық теңдік сияқты іргелі құндылықтарды нығайтуға бағытталған прогрессивті құжат. Конституция жобасының мазмұнынан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған «Заң мен тәртіп», «Әділетті әрі таза Қазақстан» құру идеясының қоғам тарапынан кең қолдау тапқанын аңғаруға болады. Бұл өзгерістер жас ұрпаққа айқын бағдар беріп, жауапты әрі жасампаз отаншылдық рухын қалыптастыруға берік негіз болмақ. Сондай-ақ, Конституцияның жаңа жобасында дәстүрлі құндылықтарды ең жоғары деңгейде қорғауға бағытталған маңызды нормалар бекітілген. Осыған орай Ата Заңның жаңа нұсқасын кеңінен түсіндіру жұмыстарын жүйелі әрі белсенді түрде жүргізу аса маңызды. Ел тағдырына қатысты тарихи шешімдер қабылданатын осындай сындарлы кезеңде біз ауызбіршілікпен қоғамдық келісімнің үлгісін көрсетіп, сапалы экономикалық және идеологиялық өзгерістерге дайын екенімізді дәлелдеуге тиіспіз. Сонымен қатар Мемлекет басшысының бастамаларын қолдай отырып, ұсынылып отырған саяси реформалардың маңызы мен қажеттілігін халыққа нақты әрі сенімді түрде түсіндіру қажет. Осы айтылғандардың негізінде барлық жұмыстарды алдын ала және жүйелі түрде ұйымдастыру ұсынылады, – деді облыс әкімі.

Кеңестің күн тәртібіндегі алғашқы мәселе – жылыту маусымының өту барысы бойынша облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының міндетін атқарушы Еркін Алтишев баяндама жасады. Оның айтуынша, жылыту маусымының қалыпты өтуін қамтамасыз ету мақсатында облыстық және жергілікті деңгейде арнайы штабтар құрылған.

– Құрылыс нормалары мен ережелеріне сәйкес облыста жылыту маусымы 164 тәулікті құрайды. Бүгінгі күнге дейін жылыту маусымының 125 тәулігі өтіп, жалпы 812 мың гигакалория жылу энергиясы өндірілді. Қазіргі таңда облыс бойынша 9 жылу энергетика кешені мен 590 автономды қазандық штаттық режимде жұмыс істеуде. Жылу көздерінде температуралық кестенің сақталуы күнделікті бақылауға алынған. Барлық кәсіпорындарда апаттық-диспетчерлік бөлімшелер тәулік бойы қызмет көрсетуде. Мемлекеттік энергетикалық қадағалау және бақылау комитеті тарапынан 39 технологиялық бұзушылық тіркелді. Оның ішінде біреуі бірінші санатқа, 38-і екінші санатқа жатады. Бірінші санаттағы бұзушылық қызметкерлердің қате әрекеттерінен орын алғаны анықталып, тексеру жұмыстары аяқталуға жақын. Осыған байланысты барлық отын-энергетика кешендерінің басшыларымен штаб отырыстары өткізілді. Технологиялық бұзушылықтар орын алған жағдайда 15 минут ішінде телефон арқылы хабарлау және әр сағат сайын жедел ақпарат ұсыну талап етіледі. Қазіргі таңда барлық кәсіпорындарда хабарландыру схемалары бекітілген. Отын-энергетика кешендері негізгі және резервтік отын қорымен толық қамтамасыз етілген. Негізгі отын ретінде 1,2 миллиард текше метр газ, резервке 21,1 мың тонна мазут пен 485 тонна көмір қарастырылған. Халық үшін жоспарланған 134,9 мың тонна көмір толық жеткізілді. Автономды қазандықтарға арналған көмірдің басым бөлігі тасымалданды. Сонымен қатар Қордай ауданындағы білім беру нысандарына қажетті көмірдің негізгі көлемі жеткізіліп, қалған бөлігі кестеге сәйкес жеткізілуде. Облыс аумағында көмір сатумен айналысатын 27 мекеме жұмыс істейді, теміржол тұйықтарында кезек жоқ. Мазут жеткізу мәселесіне келсек, қаңтар-ақпан айларына жоспарланған мазут көлемін отандық зауыт толық қамтамасыз ете алмайтынын хабарлады. Осыған байланысты Энергетика министрлігі тарапынан жеткізу кестесіне өзгерістер енгізіліп, мазут Павлодар қаласындағы зауыттан тасымалданатын болады. Бұл мәселе тұрақты бақылауда. Алдағы күндері ауа температурасының төмендеуі болжанып отыр. Осыған байланысты барлық аудандарда тіршілікті қамтамасыз ететін нысандарды толық дайындыққа келтіру, тәуліктік кезекшілікті күшейту, резервтік отын мен дизельдік генераторлармен қамтамасыз ету қажет. Жылу желілерін жаңғырту бағытында бірқатар жобалар іске асырылуда. Нәтижесінде жылу желілерінің тозу деңгейін 51,7 пайызға дейін төмендету көзделіп отыр, – деді Еркін Оразұлы.

Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев жылыту маусымы барысында 39 технологиялық бұзушылық тіркелгеніне баса назар аударып, аталған бұзушылықтардың жылыту көздері мен жергілікті инфрақұрылым желілерінің жұмысына әсері болған-болмағаны жөнінде нақты сұрақ қойды.

Сұраққа жауап берген баяндамашының айтуынша, технологиялық бұзушылықтарды тексеру қағидаларына сәйкес, Мемлекеттік энергетикалық қадағалау және бақылау департаментінің басқарма өкілдерінің қатысуымен арнайы комиссия құрылып, жан-жақты тексеру жұмыстары жүргізілген. Тексеру нәтижесінде орын алған кемшіліктердің қызметкерлердің қате әрекеттерінен болғаны анықталған.

Қазіргі таңда аталған қызметкерлер қайта даярлау курсынан өтуде. Сонымен қатар, технологиялық бұзушылық салдарынан жылу көздеріне зақым келмегені, жылыту жүйесінің тұтынушыларға жылу беруіне айтарлықтай әсер етпегені атап өтілді.

Осыдан кейін аймақ басшысы басқарма басшыларына, сондай-ақ Тараз қаласы мен аудан әкімдеріне бірқатар нақтылау сұрақтарын қойып, жылыту маусымының тұрақты өтуіне қатысты қосымша мәселелер талқыланды.

Кеңесті қорытындылаған облыс әкімі Ербол Қарашөкеев жылыту маусымы әлі аяқталмағанын, оның қалыпты әрі тұрақты өтуі қамтамасыз етілуі тиіс екенін қадап айтты. Осыған байланысты барлық жылыту көздерінде бекітілген температуралық көрсеткіштердің қатаң сақталуы, ал отын-энергетика кешендерінің штаттық режимде үздіксіз жұмыс істеуі қажет екені ескертілді. Атқарылып жатқан жұмыстардың уақытылы әрі сапалы орындалуына бақылауды күшейту тапсырылды.

Облыс әкімдігінің энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, білім, денсаулық сақтау, денешынықтыру және спорт, мәдениет және тілдерді дамыту, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармаларына, сондай-ақ Тараз қаласы мен аудан әкімдеріне жылыту маусымы толық аяқталғанға дейін барлық коммуналдық нысандардың штаттық режимде тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз ету жүктелді.

Облыс әкімі жауаптыларға басқа да бірқатар тапсырма беріп, олардың орындалуы қатаң бақылауда болатынын ескертіп, жылыту маусымын халық үшін қауіпсіз әрі тұрақты жағдайда аяқтауды басты міндет ретінде айқындады.

Мұнан соң күн тәртібіндегі келесі мәселе бойынша облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары Бекжан Кеңсбектің баяндамасы тыңдалды.

Айжан ӨЗБЕКОВА

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар