Десе де Конституция жобасын жер-жерде талқылаудың, оның мәні мен маңызын жете түсінудің жөні бөлек. Осыған орай облыс әкімдігінде аймақ басшысы Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен Конституциялық реформалар жөніндегі облыстық актив отырысы өтті. Онда Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының жобасы таныстырылды. Жиынға Тараз қаласы мен аудан әкімдері, қоғамдық кеңес пен ардагерлер кеңесінің төрағалары, құқық қорғау органдарының өкілдері, мемлекеттік органдар мен басқармалардың, кәсіпорындардың басшылары, сондай-ақ жоғары оқу орындарының ректорлары қатысты.
– Саяси жүйені жаңғырту Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының бастамасымен жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Осы бағыттағы маңызды қадамдардың бірі – парламенттік реформаны іске асыру үдерісі. Өткен жылдың 8 қазанында Президенттің өкімімен Парламенттік реформаны іске асыру жөніндегі жұмыс тобы құрылып, оның құрамына белгілі құқықтанушы ғалымдар, сарапшылар, саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері енгізілді. Реформаны әзірлеу барысында ашықтық пен қоғамдық қатысу қағидаты басшылыққа алынды. Бұл үдеріске белсенді азаматтар да кеңінен тартылып, ұсыныс пікірлерін «e-Otinish» және «eGov» порталдары арқылы жолдай бастады. Нәтижесінде шамамен 6 айға созылған қоғамдық талқылау кезеңінде 2 мыңнан астам ұсыныс келіп түсті. Аталған ұсыныстар жұмыс топтары тарапынан жан-жақты қаралып, талданып, жүйеленді. Осы ауқымды жұмыстың нәтижесінде әзірленген құжат азаматтардың, қоғамдық ұйымдар мен саяси партиялардың ұсыныстарын терең зерделеудің, ашық қоғамдық талқылаудың, жаңа нормаларды мұқият пысықтаудың негізінде қалыптасты. Конституциялық реформа Мемлекет басшысының Қазақстанда бір палаталы Парламент құру жөніндегі бастамасынан туындады. Бұл бастама 2025 жылғы 8 қыркүйектегі Президент Жолдауында елдің саяси жүйесін кешенді жаңғырту және жасанды интелект дәуірінде Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуына жаңа серпін беру мақсатында жария етілді. Сонымен қатар осы жылдың қаңтар айында өткен Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысында Мемлекет басшысы атқарылған жұмыстардың қорытындысын шығарып, алдағы конституциялық өзгерістерге қатысты өз ұстанымын айқындаған болатын. Парламенттік реформа аясында бастапқыда Конституцияның шамамен 40 бабына өзгеріс енгізу жоспарланған болатын. Алайда жүргізілген талдау мен талқылаулардың нәтижесінде түзетулердің ауқымы әлдеқайда кеңейіп, олар саяси және қоғамдық өмірдің өзге де көптеген салаларын қамтитыны белгілі болды. Осыған байланысты 2026 жылғы 21 қаңтарда Конституциялық реформалар жөніндегі комисся құрылды, – деді Ербол Шырақпайұлы.
Сондай-ақ облыс әкімі аталған комиссия құрамына облыстық мәслихат төрағасы Абдалы Нұралиев мүше ретінде еніп, комиссия отырыстарына тұрақты түрде қатысқанын, жалпы өзгерістер мен толықтырулар Ата заңның барлық бөлімдерін қамтып, 77 бапқа түзетулер енгізілгенін, осылайша түзетулер Конституция мәтінінің 84 пайызын құрағанын тілге тиек етті. Бұдан кейін облыстық мәслихат төрағасы, Конституциялық реформалар жөніндегі комиссияның мүшесі Абдалы Тоқбергенұлы жаңа Ата Заң жобасының мәні мен маңызы, оның негізгі ерекшеліктері, сонымен бірге комиссия қызметі туралы кеңінен баяндады.
– Конституция – мемлекеттің іргетасы, қоғамдық келісімнің өзегі, азамат пен мемлекет арасындағы сенімнің құқықтық кепілі. Сондықтан Негізгі заңды жаңарту – бүкіл қоғамның тағдырына әсер ететін тарихи қадам. Конституциялық комиссия құрамында өңірлік өкілдік қамтамасыз етілді. Еліміздің барлық аймағынан, оның ішінде өңірлік мәслихаттардың төрағалары, қоғамдық кеңестердің мүшелері мен жергілікті тәжірибелі мамандар тартылды. Бұл Конституция жобасында тек орталықтың ғана емес, өңірлердің де мүддесін ескеруге мүмкіндік берілді. Конституциялық реформа қоғам мен билік арасындағы сенімді нығайтып, азаматтардың саяси жауапкершілігін арттырады. Бұл қадам Қазақстанның құқықтық мәдениетін жаңа деңгейге көтеріп, азаматтық қоғам мен демократиялық құндылықтарды нығайтуға ықпал етеді. Жалпы конституциялық комиссияның ашықтығын қамтамасыз ету үшін бірқатар нақты шаралар қабылданды. Біріншіден, комиссия отырыстары ресми сайтта және Конституциялық соттың әлеуметтік желідегі парақшаларында тікелей эфирде көрсетілді. Бұл кез келген азаматтың талқылау барысын бақылауға, пікірлердің қалай айтылып, қандай уәждің келтірілгенін көруіне мүмкіндік берді. Екіншіден, комиссия жұмысы туралы дер кезінде ақпарат тарату және материалдарды күшейту үшін «Конституциялық реформа – 2026» атты арнайы Telegram арнасы ашылды. Осы арқылы жұмыс отырыстарының қорытындысы, негізгі ұсыныстар, сараптамалық пікірлер тұрақты түрде жарияланып жатты. Үшіншіден, комиссия мүшелерінің көпшілігі әлеуметтік желілерде белсенді болды. Олар өз ұсынысын, ұстанымдарын, көзқарастарын, пікірталастарды халыққа тікелей жеткізіп отырды. Нәтижесінде көптеген азамат Конституцияның мәнін түсінуге мүмкіндік алды. Барлық түскен ұсыныстар мен пікірталастардың нәтижесінде Конституцияға енгізілген түзетулердің жинақталған әрі келісілген жобасы дайындалды. Осы жаңа жоба 11 бөлімнен, 95 баптан тұрды. Жаңа редакцияда «Халық кеңесі» және «Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу» атты екі жаңа бөлім енгізілді. Сонымен қатар 4 бөлімнің атауы өзгертілді, – деген А.Нұралиев алдағы уақытта Конституцияға Президент шешімімен тек жалпыхалықтың референдум арқылы өзгеріс енгізілетіні, Сенат жойылатыны секілді тағы да басқа жаңашылдықтар жайын кеңінен әңгімеледі.
Келесі кезекте сөз алған облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі Батырбек Құлекеев: «Бүгінде еліміз ұлттық жаңғырудың жаңа кезеңіне аяқ басып отыр. Олай деуімізге Қызылордада өткен Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысынан бастау алған Конституциялық реформа еліміздің жаңғыруының басты тақырыбына айналып, қоғамда кең ауқымда талқылануы себеп болып отыр. Жаңа Конституциямыздың жобасы Конституциялық кеңесте мұқият талқылаудан өтті. Өздеріңіз көріп отырғандай, қоспалаталы Парламентті таратып, бір палаталы Парламент, яғни Құрылтай құру мәселесі ұсынылды. Бұл көптен бері өзіміздің ойымызда жүрген маңызды бастама. Қазақстан Республикасы –унитарлық мемлекет. Сондықтан бізге Құрылтай құру, ұйымдастыру жұмыстары өте ыңғайлы болатынына сенімдімін. Бұрынғы Конституцияда өзгерістер болған. «Күшті Президент – ықпалды Парламент –есеп беретін Үкімет» секілді бастамалар өз деңгейінде жүзеге асуда. Сондықтан да ел Президентінің қабылдаған стратегиялық межелері толық орандалып келеді деп ашып айта аламыз», – деді.
Басқосу барысында Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің ректоры Махметғали Сарыбеков жаңа Конституция жобасы елдің ертеңіне берік негіз болатынын айта келе өз ұсынысын жеткізді.
– Әлеуметтік желіні қарасақ, жаңа Конституция жобасындағы кейбір баптарға халық ерекше назар аударып жатыр. Ел ішінде әртүрлі ой-пікірлер айтылып жатса, оның ішінде қарама-қайшы пікірлер де бар. Мысалы, Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайда да, басқа жиындарда да орыс тілінің қазақстандық қоғамдағы маңызы жайлы жиі айтып жүр. Осыған байланысты сөз қозғасақ, жаңа Конституция жобасында екі бап бар. Біріншісі, яғни 9-бапта «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі» деп көрсетілген. Сонымен қатар «Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзі-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады» делінген. 9-бап түсінікті. Дегенмен 22-бап қазір көп талқылануда. Мұндағы мәселе «Әр адамның қарым-қатынас жасауда тілді таңдауына еркіндігі бар» делінуінде. Демек қарым-қатынас жасауда азаматтар қазақ тілін таңдай ма, әлде орыс тілін таңдай ма оған әркімнің құқығы бар. Бірақ халық арасында әртүрлі ойлар туындап жатыр. Көптің көкейінде «Бұл қазақ тілінің деңгейін төмендетіп тастамай ма?» деген сұрақ тұр. Одан бөлек жер қатынастарына, мемлекеттік басқару жүйесіне байланысты халықтың айтары көп. Сол себепті жұртшылықпен кездескенде олардың сұрағына нақты әрі дұрыс жауап беруіміз керек. Егер әркім әртүрлі нәрсені айтатын болса, онда біз халықты шатастырамыз. Сол себепті ел ішінде қызу талқыға ұшыраған осындай баптарға ерекше назар аударып, дұрыс түсініктеме берілуі керек деп ойлаймын, – деді М.Сарыбеков.
Жиынды қорытындылаған Ербол Қарашөкеев Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан реформалар еліміздің саяси жүйесін жетілдіруге, қоғам мен мемлекет арасындағы сенімді нығайтуға және Қазақстанның орнықты дамуына берік құқықтық негіз қалыптастыруға бағытталғанын атап өтті. Алдағы жалпыұлттық референдум халықтың тікелей еркін білдіретін, егемен елдің демократиялық негіздерін нығайтатын тарихи кезең екенін сөз етіп, әрбір азаматты референдумға белсенді қатысуға шақырды.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ



