Шымкенттік 21 жастағы Нұрай Серікбайдың отбасы қылмыстық істі Ішкі істер министрлігінің Тергеу департаментіне беруді сұрап отыр, деп хабарлайды arainfo.kz
Жәбірленуші тарап Шымкент қалалық полиция департаментіне сенімсіздік білдіріп, Президент Әкімшілігіне, Бас прокуратураға және ІІМ-ге шағым жолдаған.
Еске сала кетсек, қайғылы оқиға 11 қаңтарда болған еді. 28 жастағы күдікті екі күннен кейін ұсталып, оған «Адам өлтіру», «Неке қиюға мәжбүрлеу» және «Сталкинг» баптары бойынша іс қозғалған.
Марқұмның туыстары қылмысқа дейін бірнеше ай бойы қудалау болғанын айтады. Бұл іске Мемлекет басшысы да назар аударып, нәтижесінде Шымкент қаласы полиция департаментінің басшысы қызметінен босатылды.



