Ведомство мәліметінше, аңду, қайта-қайта мазалау және адамның еркінен тыс бақылау жасау заңмен қудаланады.
ІІМ түсіндіргендей, қайта-қайта қоңырау шалу, хабарлама жолдау, әлеуметтік желілер арқылы бақылау және адамның ізіне түсу сталкинг ұғымына жатады. Мұндай әрекеттер азаматтың қауіпсіздігі мен психологиялық жай-күйіне тікелей қауіп төндіреді.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 115-1-бабына сәйкес, сталкинг үшін 200 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салу, 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту немесе 50 тәулікке дейін қамауға алу жазасы қарастырылған.
Сонымен қатар, Конституцияда әрбір азаматтың жеке өміріне қол сұғылмайтыны және қауіпсіздік құқығының қорғалатыны бекітілген. Заң бұзушылық міндетті түрде жауапкершілікке әкеледі.
ІІМ азаматтарды өзге адамның «жоқ» деген жауабына құрметпен қарауға шақырады. Егер қудалау, аңду немесе жүйелі мазалау фактілері орын алса, дереу 102 нөмірі арқылы полицияға хабарласу қажет.




