«Мақсатым – туған жерімді түлету»
Еңбектің көзін тапқан, табыстың өзін табады. Бұл ұғымның дәлелін Мойынқұм ауданындағы жас кәсіпкер Эльвира Жамбылқызымен сұхбаттасу барысында оның іскерлік әрекетінен байқадық. Бүгінде аталмыш
аудандағы «Жерұйық» кешенінің жұмысын жүргізіп отырған жас кәсіпкер қыз қиын- қыстау кезде тұралап қалған істі қайта қалпына келтіріп, қазір сол арқылы аудан халқына қызмет көрсетіп отыр.
– Эльвира, облыс орталығынан шалғай аймақта жеке кәсіпкерлікпен айналысу жас қызға қиын соқпады ма?
– Рас, алыс аудан болғандықтан адам аз, тұтынушы болмаса кәсіп те ілгері жылжымайды ғой. Дегенмен менің мақсатым – туған жерімді түлету. Ешбір іс қиындықсыз жүрмейді. Керісінше, кедергілерді жеңемін деген ұмтылыс адамды жігерлендіреді. Ешбір қиындықсыз, оп-оңай келе салған дүниенің құны да болмайды ғой. Бақыттың бағасын адамды әуре-сарсаңға салғызып, көп жүгіртіп жеткізгенімен сезінбейміз бе? Кәсіпте де солай, кездескен кедергілерді жеңу жолдарын іздестіре жүріп, тұтынушылардың көңілінен шығатындай сапалы қызмет түрін табуға ұмтыласың. Ол адамды жан-жақтылыққа жетелеп, білім кеңістігіңді кеңейтуге септігін тигізеді. Қиындықтан қашпай, бетпе-бет келіп, еңсеруге ұмтылу керек деп білемін. «Шегірткеден қорыққан егін екпейді» дейді, қорықсаң мүлдем дымсыз қалатының анық. «Мен осыған жетемін» деген нақты бір мақсат болса, барлық қиындықты еңсеруге болады.
Бұл – біздің отбасылық кәсібіміз. Бастапқыда ата-анам ашып, бастап берген. 2014 жылы ашқанда әкем «Асанқайғының іздеген жерұйығы – біз үшін өз туған жеріміз» деп, атын «Жерұйық» деп қойған.
Қазір 12 адам жұмыс істейді. Жалақының ең азы – 80 мың теңге. Ал енді кәсіптің көзін табу жағына келсек, кез келген жеке іспен айналысуға ниетті адам өз бойында қай салаға бейімі бар, соған қарай әрекет етеді. Таңдаған ісі тұрғылықты жерінде қаншалықты сұранысқа ие екенін алдымен зерделеп алған жөн деп ойлаймын. Мысалы, менің кәсібім қонақүй мен кафе болғандықтан сауда орындарымен тікелей байланыста болуым керек. Бізге облыс орталығы – Тараздан да жақыны Шу қаласы. Қажетті заттарымызды өз ауданымыздың орталығынан іздейміз, таппасақ Шудан аламыз. Мейлінше сапалы тауар алсақ, біздің де қызметіміз жоғары болатыны белгілі ғой.
Ауданымыз орталықтан алыс орналасқандықтан жолаушылар бұл жаққа жұмыс барысымен келгенде қона жататын жақын-жуығы болмағандықтан қонақүй іздейтіні айтпаса да анық. Ал кафеге сырттан келетін меймандармен қоса, мереке немесе туған күндерін атап өтетін аудан тұрғындары да келеді. Шүкір, қазір қонақүйден де, кафеден де адам үзілмейді.
– Ісіңізді ары қарай дамытуда көздеген жоспарларыңыз бар ма?
– Әрине, жоспарсыз жұмыс болсын ба? Біздің кәсіпкерлігіміз орналасқан жер үлкен. Соны игілігімізге пайдаланып, жаздық бассейн ашсақ деген ойымыз бар. Себебі біздің ауылда балалар бос уақытында көңіл көтеріп, қыдыратын ойын-сауық орындары жоқ. Сондықтан осыны ойластырып жүрміз, оның нәтижесін келер күн көрсете жатар.
Жалпы жеке кәсіпкерлікпен шұғылданатын адам сол жердегі халыққа не керек, соны жасауға ұмытылады. Рас, біздің ауданда жастардың да бос уақыттарында бір-бірімен бас қосып, пікірлесіп, көңілді кештер өткізетін кинотеатр секілді орындар жоқ. Әйткенмен мұндай мәдени орындар орталықта болғаны тиімді ғой. Ал біздің кәсіпкерлік нысанымыз Мойынқұм ауылының шетінде орналасқан.
– Мүмкін, сондай жастардың сұранысын қамтитын орындардың жоқтығынан да шығар, мұнда жастар қатары аз екен, замандастарыңызға не айтар едіңіз?
– Кешегі бабалардан қалған сөздің бірінде «Көш жүре түзеледі» дейді. Біздің Мойынқұм жердің шалғайлығынан да, ауа райының басқа аймақтарға қарағанда қаталдығынан да, инфрақұрылымның толыққанды жеткізіле қоймағандығынан да жастар көп тұрақтамайтыны шындық. Әйткенмен бұл – біздің туған ауылымыз. Оны дамытуға әрбіріміз өз еңбегімізбен үлесімізді қоспасақ, сырттан басқа біреу келіп, ештеңе де жасап бермейді. Адам баласының түп-тамыры – кіндік қаны тамған, топырағында аунап өскен туған жері деп білемін. Оны
жоғалтсаң – тамырың үзілгендей қасірет қой. Халық «Ауылым – алтын бесігім» деп бекер айтпайды. Сондықтан табиғаты қолайсыз, орталықтан алыс деп тастап кетуге болмайды. Еңбек етемін деген адамға кез келген жерден жұмыс табылады. Ауылда жүріп-ақ күнкөріс көзін табуға мүмкіндік көп. Тек ізденіс пен талпыныс болса жеткілікті. Жұмыс іздеп қалаға кеткендердің бәрі бірдей жетісіп жүр деп айта алмаймын. Керісінше, оңай олжа көксеп, жеңіл жолға түсіп, өзін жоғалтып алғандар қаншама мына заманда. Ал туған жерің, өз елің қай кезде де сені өзектен теппейді.
– Табыстың көзін табудың сыры неде?
– Ең алдымен бірге жұмыс істейтін адамдармен ортақ тіл табысу, бір мұратқа жұмыла білуде дер едім. «Бірлік бар жерде тірлік бар» деп дәл осындайға айтылған-ау, шамасы. Тек жұмыспен емес, шынайы ниетпен, біртұтас мақсатпен бірлескенде ғана іс алға басады. «Саусақ бірікпей, ине ілікпейді» демей ме?
Толайым табысқа кенелемін деген кісі сол жұмысты бірлесіп жүргізетін ұжымының жағдайын жасауы керек. Алауыздық тумау үшін бәріне бірдей қарауы керек. Кімге не жетпейді, соны түгендесе, бәрін бір үйдің баласындай көрсе ортақ мұратқа қол жеткізе алады. Сол секілді жеке кәсіпкерлікте де жұмысшылардың көңілі тоқ болса, жұмысына шынайы беріледі. Яғни қызметте сапа жоғарылайды. Ал ол дегеніңіз – тұтынушының разылығын алу.
Көпшілікке қызмет көрсеткендіктен келушілердің көңілінен шығу да басты назарда. Сондықтан біз қонақүй, кафемізге келетін меймандарды есіктен кірген сәтінен бастап жарқын қабақ, жылы сөзбен қарсы аламыз. Барынша сұранысына лайық қызмет ұсынамыз. Әрине, мұның бәрі де үздіксіз еңбеккерлікті қажет етеді. Адамға абырой әкелетін де, есейтетін де еңбек екені сөзсіз.
Тағы бір айта кетер жайт – ешқашан қиындықтан, қателесуден қорықпау керек. Өмір өзі сүріндіре отырып, сынақтан сабақ алып, алға ұмтылуға үйретеді. Қателесу де – сабақ, қиындық тәжірибені шыңдайды. Ешқашан дамыған, ірі іс бірден пайда болмайды. Бәрі де ұсақ-түйек нәрседен бастау алады. Біздің де осы қонақүй, кафеміз қараусыз қалған ескі үйді жөндеп, қайта тіктеуден басталған. Бұрын мал аралап жүретін қараусыз қалған жер еді. Соны әр жерін біртіндеп жөндеумен бүгінгідей зәулім ғимаратқа айналды. Тіпті жұмыс істеп кеткеннен кейін де қиындықтарға кездестік. Ағам сатып, жеке кәсіпкерлікті жабамыз-ау деп тұрғанында дұрыс жолын тауып, тығырықтан алып шықтық. Былайша айтқанда банкроттың алдында тұрған жерінен қайта көтерілдік.
Барлық кезде де Жаратқан Иеміздің берген тағдырына, көрсеткендерінің бәріне разылық ниетпен шүкірлік ете берсек, мейірімі шексіз Жаратушының нығметтері таусылмайтынына көзім жеткен. Сондықтан біз тек жақсылыққа ниеттеніп, еңбектене беруіміз керек, басқасының бәрі Тәңірден.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Қамар ҚАРАСАЕВА
Келесі мақала