Тараздық жас ғалым 3D принтер арқылы тұрғын үй жасап шығаруда
- author AR-AY
- Бүгін, 11:07
- 13
Бүгінде Қазақстанда жыл сайын мыңдаған тонна өндірістік және құрылыс қалдықтары жиналады. Олардың басым бөлігі полигондарға төгіліп, қоршаған ортаға ауыр салмақ түсіреді. Осы мәселені шешу жолында Жандос Ескермесов қалдықтарды жою қажет дүние емес, қайтадан құрылысқа енгізуге болатын құнды ресурс ретінде қарастыруды ұсынады. Металлургиялық шлак, резеңке үгінділері, пластик, күл-қож секілді қалдықтарды 3D-бетон құрамына қосу арқылы үй салу идеясы дәл осы көзқарастан туындаған.
Бұл бағыттағы зерттеулер Қазақстанда алғаш рет жүйелі түрде жүргізіліп отыр. Жас ғалым ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің «Жас ғалым» жобасы аясында 29,7 млн теңге көлемінде грант жеңіп алып, 3D-принтингке арналған экологиялық бетон қоспасын ғылыми негіздеуде.
3D-принтинг технологиясының басты ерекшелігі — үй қабырғаларын тікелей принтер арқылы басып шығару мүмкіндігі. Қалып қажет емес, қол еңбегі едәуір азаяды, материал үнемді жұмсалады. Принтер әр қабатты миллиметрлік дәлдікпен шығарып, сапаны автоматты түрде бақылайды. Бұл әдіс құрылыс уақытын бірнеше есе қысқартып, күрделі пішіндегі элементтерді оңай салуға, жарықшаққа төзімді әрі серпімді құрылым алуға мүмкіндік береді.
Өндірістік қалдықтарды құрылыс материалдарына енгізудің экологиялық және экономикалық пайдасы зор. Қалдық көлемі азайып, табиғи инертті материалдарға деген тәуелділік төмендейді. Сонымен қатар техникалық көрсеткіштер де жақсарады: металлургиялық шлак бетонның беріктігін арттырса, резеңке ұнтағы соққыға төзімділігін күшейтеді. Мұның бәрі ресурстарды ұтымды пайдалануға жол ашады.

Көпшілікті 3D-принтермен салынған үйлердің беріктігі алаңдатады. Алайда шетелдік тәжірибе бұл күмәнді жоққа шығарып отыр. АҚШ, Еуропа және Қытай елдерінде 3D-бетон үйлер арнайы стандарттардан өтіп, пайдалануға берілген. Мұндай үйлердің қысымға беріктігі 30–60 МПа деңгейінде, ал монолитті құрылым жарықшақтардың пайда болуын азайтады.
Жас ғалымның жобасына «BM Partners 3D PRINT» компаниясы қызығушылық танытқан. Компания мамандары металлургиялық қалдықтар мен резеңке қоспасын 3D-бетонға енгізу идеясын жоғары бағалап, бірлескен сынақтар мен зерттеулер жүргізуге ынтамен кіріскен.
Алдағы уақытта Жандос Ескермесовтің зерттеу нәтижелері Q1–Q2 санатындағы халықаралық ғылыми журналдарда жарияланбақ. Бұл еңбектерде 3D-бетонға арналған резинобетон қоспасының параметрлері ғылыми тұрғыда негізделіп, қалдықтарды құрылыс индустриясына қайта енгізудің экологиялық тиімді моделі ұсынылады.
Зерттеуге Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университеті де жан-жақты қолдау көрсетіп отыр. Университет тарапынан зертханалық база, құрал-жабдықтар, сынақ орталықтары, халықаралық ғылыми байланыстар мен іссапарлар қамтамасыз етілген. Университет басшылығы инновациялық ғылыми бағыттың дамуына ерекше мән беріп келеді.
3D-принтинг технологиясы Қазақстандағы баспана мәселесін шешуге де үлес қоса алады. Бұл әдіс құрылыс құнын 20–40 пайызға дейін төмендетуге мүмкіндік береді. Қабырғаларды 1–2 күн ішінде тұрғызу, адам күшін аз пайдалану, отандық шикізатқа сүйену және сейсмикалық қауіпсіздік — технологияның басты артықшылықтары.
Инновациялық жобаның жолында сенімсіздік пен материалдық база тапшылығы секілді кедергілер де кездескен. Дегенмен ғылыми дәлелдер, әріптестердің қолдауы және жеке табандылық бұл қиындықтарды еңсеруге жол ашты.
Жас ғалымның пайымдауынша, алдағы бес жылда Қазақстанда инновациялық, жылдам, экологиялық әрі қауіпсіз құрылыс мәдениеті қалыптасады. Цифрландырылған жобалау, автоматтандырылған бақылау және жаңа буын материалдары қолжетімді әрі заманауи қалалар салуға мүмкіндік береді.


