Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Сатира саңлағымен сырласқан сәт

Сатира саңлағымен сырласқан сәт
Автор
Ақпарат кеңістігінде өзіндік қолтаңбасы бар, сөз өнерін өмірлік мұратқа айналдырған журналист, сатирик-ақын Бақытжан Советұлы биыл 60 жасқа толып отыр. Ақындар мен жазушылар үшін бұл белес шығармашылығына есеп беретін кезең десек болады. Сондықтан да жыл басын Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығы сатирик-ақын Бақытжан Әлімқұловтың шығармашылық кездесу кешімен бастады.

Кеш барысында алдымен ақынның өмір жолы мен шығармашылық белестері жайлы бейнеролик көрсетіліп, көпшілік назарына ұсынылды. Мектеп оқушылары ақынның «Астана», «Тараз», «Бәйтерек», «Ханшатыр», «Қоянның құлағы неге ұзын?» сынды өлеңдерін мәнерлеп оқып, көрерменге рухани әсер сыйлады. Сонымен қатар, сатирик қаламынан туған «Есеп білмеген – есек», «Мода» атты әзіл-сықақ көріністері де сахналанып, жиналған жұртшылықтың ыстық ықыласына бөленді.

Әсіресе, «Мода» көрінісінде ата мен заманауи қыз арасындағы диалог арқылы ұлттық тәрбие мен бүгінгі қоғам арасындағы көзқарас айырмашылығы сатиралық тәсілмен шебер ашылып, көрерменге ой салды. Ал «Есеп білмеген – есек» қойылымы арқылы балалар психологиясы мен үлкендердің талаптары күлкі арқылы терең жеткізілді. Бұл көріністер сатираның тек күлкі емес, тәрбиелік мәні зор жанр екенін айқындай түсті.

Кештің келесі бөлімінде арнайы шақырылған қонақтар – Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Асқарбек Сейілхан, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстанның Құрметті журналисі Бекет Момынқұл, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Көсемәлі Сәттібайұлы, жазушы-журналист Оралхан Дәуіт, «Jambyl» телеарнасының директоры Гүлбаршын Құланбаева, сондай-ақ орталық директоры Жасұлан Әбдіманап ақын туралы жылы лебіздерін білдіріп, шығармашылығына жоғары баға берді.

Ақынмен кездесу форматында өткен іс-шарада оқушылар қаламгерге журналистика жолы, сатира жанры, патриотизм мен шығармашылық шабыт туралы көкейлеріндегі сауалдарын қойып, сыр-сұхбатқа жалғасты. Бақытжан Советұлы әр сұраққа өмірлік тәжірибесіне сүйене отырып, шынайы әрі тағылымды жауап берді.

Кеш соңында ақын жас өнерпаздарға ақ батасын беріп, білім мен өнер жолында табыс тіледі. Мұндай шығармашылық кездесулер жас ұрпақтың рухани дүниесін байытып, әдебиетке деген сүйіспеншілігін арттырып, ұлттық сөз өнерін қадірлеуге тәрбиелейді.

Фарида МЕТЕРҚҰЛОВА,

Шерхан Мұртаза атындағы руханият және

тарихтану орталығының аға ғылыми қызметкері

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар