Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Шетелдік өнімдерден кем түспейтін коллаген Жамбылда жасалмақ

Шетелдік өнімдерден кем түспейтін коллаген Жамбылда жасалмақ
Автор
Қазіргі сән индустриясында табиғи өнімдерге қызығушылық айқын байқалады. Тұтынушылар құрамы күмәнді қоспалардан гөрі адам ағзасына қауіпсіз әрі экологиялық таза косметиканы пайдаланғанды жөн көреді. Бұл бағытта Оңтүстік Корея мен Жапония секілді дамыған елдер әлем халқының сұранысын қанағаттандырып отыр десек, артық айтқанымыз емес. Алайда бұл салада отандық жастардың да қарымы жаман емес.

Мәселен жамбылдық ізденімпаз жас Тоқжан Шынбатыр косметика өндірісінде кең қолданылатын коллагенді табиғи жолмен алу жобасын қолға алып, ғылым мен кәсіпті ұштастырған тың идеяны жүзеге асыруға талпынып жүр. Кейіпкеріміз – отандық ғылым мен білім беру саласында өзіндік қолтаңбасы бар маман, техникалық ғылымдар магистрі

Тоқжан Байдалықызы жоғары білімді екі түрлі бағытта тереңдеткен. Атап айтсақ, 2014 жылы Тараз мемлекеттік педагогикалық институтында «Химия» мамандығы бойынша бакалавр дәрежесін алып шыққан. Сондай-ақ 2016 жылы М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінде «Наноматериалдар және нанотехнологиялар» мамандығы бойынша магистратураны аяқтап, техникалық ғылымдар магистрі ғылыми дәрежесін иеленген.

– Мектепте оқып жүрген кезден бастап физика мен химия пәндеріне ерекше қызығушылығым болды. Формулалармен жұмыс істеу, заттардың қасиетін түсіну, тәжірибе арқылы нәтижеге қол жеткізу әрдайым қызық көрінетін. Ал биология сүйікті пәндерімнің қатарында болды деп айта алмаймын. Сол себепті мектеп бітіретін кезде химия пәнін таңдап, болашақта фармацевтика саласында жұмыс істеймін деп армандадым. Дегенмен баллым жеткілікті болса да, түрлі себептерге байланысты бұл мамандықты таңдамадым. Ата-анамның жолын жалғастыруды жөн көріп, мұғалімдік мамандыққа оқуға түстім. Студенттік кезеңде де зертханамен байланыс үзілген жоқ. Әсіресе лабораториялық тәжірибелер болатын күндерді асыға күтетінбіз. Ерітінділерді араластыру, нәтижені бақылау маған үлкен әсер қалдыратын. Сол қызығушылық уақыт өте келе жаңа ойларға жетелей бастады, – дейді Тоқжан Байдалықызы.

Бүгінде жас маман «Келешек-Тараз» ғылыми интеллектуалдық мектеп-лицейінде химия пәнінің мұғалімі болып еңбек етеді. Ол жас ұрпаққа химия ғылымының қыр-сырын үйрете отырып, болашақ ғалымдарды тәрбиелеуге өз үлесін қосуда.

Зерттеулерін ұстаздық қызметпен ұштастырып жүрген Тоқжан Байдалықызы ғылымның қолданбалы саласына белсене араласып, «Косметикалық коллаген алу» атты инновациялық гранттық жобасымен айналысуда. Бұл жоба химия мен нанотехнологияның жетістіктерін пайдалана отырып, отандық косметология өндірісіне жаңа серпін беруді көздейді.

Жобаның идеясы Тоғжанға жетінші сынып оқушысымен бірлесіп жүргізген зерттеу жұмысы барысында қалыптасқан екен. Оқушысымен бірге сүт өнімдерінің құрамын зерделеу үшін бірнеше сүт зауытына барып, өндіріс барысымен танысқанда күтпеген жағдайға тап болады. Зауыт мамандары сүттен бөлініп шығатын сарысудың басым бөлігі кәдеге жарамай, сол күйі төгілетінін айтқан.

Сол сәттен бастап Тоғжан сарысуды кәдеге жаратудың амалын ойлап, әдеби деректерді, ғылыми еңбектерді зерделеді, түрлі тәжірибелер жасады. Нәтижесінде сарысудан косметика өндірісінде кең қолданылатын коллаген алуға болатыны белгілі болды.

Алғашында жай қызығушылықтан басталған ізденіс уақыт өте жүйелі жұмысқа ұласты. Лабораториялық тәжірибелер жүргізіліп, шикізатты өңдеу жолдары қарастырылды, сақтау шарттары мен температуралық талаптар зерттелді.

– Өңіріміздегі сүт зауыттарының жұмысына жүргізілген талдау кезінде біраз мәселеге тап болдық. 2023-2024 жылдар аралығындағы мәліметтерге сәйкес Тараз қаласы мен Жуалы ауданындағы кәсіпорындарда сарысудың 80 пайызы ешқандай өңдеусіз канализация жүйесіне төгілген. Оған себеп біздің мемлекетте әлі бұл бағыт бойынша жұмыс істейтін кәсіпорындар жоқ. Соның салдарынан табиғатқа да, экономикаға да айтарлықтай салмақ түсіп отыр. Ал шын мәнінде сарысу – пайдасыз қалдық емес. Оның құрамында адам ағзасына қажетті бағалы ақуыздар мен биологиялық белсенді заттар мол. Соның ішінде косметология саласында жоғары сұранысқа ие коллагенді алу мүмкіндігі бар. Қазіргі уақытта өзіміздің табиғи таза өнімді пайдаланудың орнына шет елдерден келген, химикаты көп коллагендерді пайдалану өршіп барады. Байқап отырғандарыңыздай, бүгінде ғылым мен өндіріс саласында табиғи ресурстарды тиімді пайдалану мәселесі өзектілігін арттырып отыр. Әсіресе адам ағзасына тікелей әсер ететін косметикалық өнімдерге қатысты қауіпсіздік пен табиғилық басты талапқа айналды. Мен қолға алғалы жатқан жоба дәл осы екі екі мәселенің де шешіміне айнала алады. Түсінікті етіп айтсақ, табиғи косметика сүт зауыттарынан жиналған сарысуды зертханалық өңдеу арқылы жасалады. Алдымен сарысу арнайы ыдыстарға жиналып, зертханаға жеткізіледі. Онда центрифугалау әдісі арқылы ақуыз бөлініп алынады. Алынған шикізат белгілі бір температурада мұздатқышта сақталады. Кейін иісті бейтараптандыру үшін күрделі эфирлер қосылады. Дайын масса косметикалық құтыларға құйылып, жарамдылық мерзімі көрсетіледі. Барлық процестер санитарлық талаптарды сақтай отырып атқарылады. Жалпы коллагеннің теріге тигізер әсері жоғары. Ол терінің тығыздығын арттырып, серпімділігін сақтауға көмектеседі, ұсақ әжімдердің пайда болуын баяулатады және терінің қалпына келу қабілетін жақсартады. Жас ұлғайған сайын ағзадағы коллаген қоры азая бастайды. Бұл әсіресе буын мен шеміршек тіндеріне әсер етеді. Коллагеннің жеткіліксіздігі қозғалыс кезінде ауырсыну мен қаттылықтың пайда болуына әкелуі мүмкін. Ал оны тұрақты түрде қабылдау шеміршек тінінің беріктігін сақтауға, буындардың икемділігін арттыруға және остеоартрит секілді аурулардың қаупін төмендетуге ықпал етеді. Осы қасиеттердің барлығы коллагенді ағзаның жалпы саулығын сақтауда маңызды элементтердің біріне айналдырады. Дегенмен оның әсері бірден байқала қоймайды. Әдетте алғашқы өзгерістер ерлер мен әйелдерде коллагенді тұрақты түрде қабылдағаннан кейін төрт-алты апта аралығында сезіле бастайды. Ал айқын әрі тұрақты нәтиже алу үшін оны бірнеше ай бойы үзбей қолдану ұсынылады. Дейтұрғанмен коллагенді ғажайып дәрі ретінде қабылдауға болмайды. Ол күрт жасартатын құрал емес, ағзаның ішкі тепе-теңдігін сақтауға көмектесетін қолдауыш зат. Оның тиімділігі дұрыс тамақтанумен, белсенді өмір салтымен және тері күтімімен қатар жүргенде ғана жақсы байқалады. Осындай кешенді күтім нәтижесінде коллаген адам денсаулығын нығайтып, жастық серпінді ұзақ сақтауға ықпал етеді, – дейді Т.Шынбатыр.

Қайта өңдеуге негізделген бұл жұмыс қоршаған ортаға тигізер пайдасымен де ерекшеленеді. Сүт зауыттарынан шығатын сарысудың канализация жүйесіне төгілуі уақыт өте келе топырақ құрылымын бұзып, оның майлануына әкеледі. Мұндай жағдай жердің құнарлылығын төмендетіп қана қоймай, жерасты суларының ластану қаупін арттырады. Ал өндірістік қалдықтың осы түрін қайта өңдеу арқылы табиғатқа түсетін салмақты азайтуға мүмкіндік бар. Бір қарағанда қарапайым сұйық қалдық болып көрінетін сарысу шын мәнінде экологияға зиян емес, керісінше дұрыс пайдаланылған жағдайда пайдалы шикізат көзіне айналады.

Ғалым айтап өткендай, қазіргі косметикалық нарықта ұсынылып отырған коллагендердің басым бөлігі шет мемлекеттерден импортталады. Мұндай өнімдердің ұзақ жолмен тасымалдануы және қоймаларда айлар бойы сақталуы олардың құрамына түрлі химиялық қоспалардың қосылуына себеп болады. Қоспалар өнімнің сыртқы тұрақтылығын сақтағанымен, оның табиғи қасиетін әлсіретеді. Көп жағдайда мұндай коллагендер уақытша ғана нәтиже беріп, теріге қысқа мерзімді әсер етеді. Ал табиғи сарысудан алынған коллагеннің басты ерекшелігі оның құрамының барынша таза болуында. Сақтау мерзімінің қысқалығы оның сапасыздығын емес, керісінше химиялық тұрақтандырғыштардың қолданылмағанын білдіреді. Мұндай өнім теріге баяу сіңіп, табиғи қалпын сақтай отырып әсер етеді. Сол себепті ол ағзаға қосымша салмақ түсірмей, күтім процесін табиғи арнада жүргізуге мүмкіндік береді.

Осы тұрғыдан алғанда жас ғалымның жобасы экология мен адам денсаулығын бірдей ескеретін маңызды бастамалардың бірі ретінде бағаланады. Өндіріс қалдығын пайдалы өнімге айналдыру арқылы табиғаттың ластануын азайтып қана қоймай, халыққа қауіпсіз әрі сапалы косметикалық құрал ұсынуға жол ашылады. Мұндай тәжірибелер экологиялық сана қалыптастырумен қатар, отандық өндірістің дамуына да оң ықпал етеді.

Стартап тек ғылыми ізденіс аясында ғана емес, нарыққа бейімделген өнім ретінде де іске асырылады. Коллаген негізінен жиырма жастан асқан қыз-келіншектерге арналған. Қажет болған жағдайда оны он бес жастан бастап сыртқы күтім үшін қолдануға мүмкіндік бар. Сонымен қатар тері саулығына мән беретін жиырма бес пен алпыс жас аралығындағы ер-азаматтар да тұтынушылар қатарынан табыла алады.

– Жоспарым бойынша идеяны іске асыру мерзімі он екі айды қамтиды. Алғашқы кезеңде қажетті құрал-жабдықтар дайындалады. Кейін сүт зауыттарымен келісім жасалып, сарысуды тұрақты жеткізу жүйесі құрылады. Одан соң дайын өнімді нарыққа шығару жұмыстары жүргізіледі. Болашақта коллагенді Қазақстанның өзге өңірлеріне тарату да қарастырылған. Бір құты коллаген дайындау үшін шамамен бір апта уақыт қажет. Бұл жылдам өндіріс емес, бірақ табиғилықты сақтаудың басты шарты осында. Қаржылық жағынан алғанда бастапқы кезеңде үлкен табыс әкеледі деп айту қиын. Себебі қазіргі нарықта Оңтүстік Кореяның косметикасына сұраныс өте жоғары. Көпшілік атауына сеніп, құрамына мән бермейді. Халыққа өнімнің мәнін дұрыс жеткізе алса, табиғи тазалығына сенім қалыптасса, бұл істің алға басуына мүмкіндік бар, – дейді жас ғалым.

Қазіргі таңда Тоқжан өз күшіне сеніп, шағын көлемде жұмыс жүргізуге ниеттеніп отыр. Егер өнімге қызығушылық артып, басқа қалаларға шығару қажеттілігі туындаса, сол кезде инвестор тарту мәселесі қарастырылады. Жас ғалымның алдағы ең негізгі мақсаты – осы істі дамыту.

Қазіргі қоғамда адамдардың психологиялық шаршауы, күйзеліс, тұрақсыз өмір салты күннен күнге артып келеді. Мұндай жағдайда әр адам өз денсаулығына, сырт келбетіне көбірек мән бере бастайды. Сол себепті коллагенге деген сұраныс та артып отыр. Адамдар терісінің саулығын сақтағысы келеді, өзіне күтім жасаудың жолдарын іздейді. Осы қажеттілікті ескере отырып, кейіпкеріміз табиғи коллагенді қолжетімді етіп, дүкен сөрелеріне шығаруды жоспарлап отыр.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар