Бұл ретте табыс пен қызмет түріне қарай салынатын салық әртүрлі болады. Қосылған құн салығына (ҚҚС) келсек, ол да қайта қаралып, жүйесі жеңілдетіліпті. Сонымен қатар қымбат мүлік пен тауарларға да «Сән-салтанат салығы» салынады. Кәсіпкерлерге арналған арнайы салық режимдері де өзгерген, кейбірі оңтайландырылған. Салық жеңілдіктерін алу үшін ашық әрі нақты ережелер бекітілді, яғни ол кімге, қандай жағдайда берілетіні анық көрсетілген. Салық төлеу мен есеп жүргізу ісі де цифрландыру арқылы жеңілдеген, осының арқасында қағазбастылық азая түспек. Мемлекеттік органдардың жұмысында сервистік модельге көшу көзделген, бұл ретте салық органы жазалаушы емес, қызмет көрсетуші рөлін атқарады. Сонымен қатар салық есептілігінің нысандары 30 пайызға қысқартылды, осы арқылы кәсіпкерлердің уақыты үнемделеді.
– Ыңғайлы әрі түсінікті болуы үшін, сондай-ақ кірістер мен шегерімдердің түрлерін нақтылау мақсатында корпоративтік табыс салығы (КТС) тарауының құрылымы өзгертілді, бұл қызметтің нақты түрі мен шегерімдердің түрі бойынша тиісті нормаларды қолдануға мүмкіндік береді. Қазақстан Республикасының резидент заңды тұлғалары, сондай-ақ елімізде қызметін тұрақты мекеме арқылы жүзеге асыратын немесе Қазақстандағы көздерден табыс алатын бейрезидент заңды тұлғалар корпоративтік табыс салығын төлеушілер болып саналады. Мемлекеттік мекемелер корпоративтік табыс салығын төлеушілер қатарына жатпайды. Корпоративтік табыс салығын төлемейтіндердің қатарынан мемлекеттік орта білім беретін оқу орындары алынып тасталды. Жылдық жиынтық кіріске енгізілмейтін кірістер мен экономикалық пайда жеке баптар бойынша бөлінген. КТС сараланған ставкалары белгіленді. Анығын айтсақ, жекелеген қызмет түрлерін қоспағанда, КТС ставкасы салық салынатын табыстың 20 пайызы мөлшерінде белгіленген. Ал кейбір салалар үшін КТС мөлшерлемесі жоғары немесе төмен болады. Мысалы, банк қызметінен, яғни бизнесті кредиттеуді қоспағанда – 25 пайыз. Ойын бизнесінен де – 25 пайыз. Білім беру, медицина секілді әлеуметтік салада қызметін жүзеге асыратын ұйымдардың табысына 2026 жылдан бастап 5 пайыз, 2027 жылдан бастап 10 пайыз салық салынады. Ауылшаруашылық өнімін немесе балықшаруашылығы өнімін өндіретін заңды тұлғалар өздері өндірген өнімді шығару, қайта өңдеу және өткізу қызметінен 3 пайыз мөлшерінде салық төлейді. Ал ауылшаруашылық кооперативтері өз қызметі үшін 6 пайыз мөлшеріндегі ставкаға бағынады. Инвестициялық салық преференциялары дегеніміз кәсіпкер өз қалауы бойынша пайдалана алатын жеңілдіктер. Бұл жеңілдік арқылы сатып алған немесе өзі салған нысандарының бастапқы құнын кәсіпкер шығын ретінде есептеп, салықты азайтуына болады. Преференция қолданылатын нысанға бірқатар мүлік жатады. Олар – ғимараттар, құрылыстар, машиналар, жабдықтар және бағдарламалық қамтулар. Кейінгі шығыстарды шегеруге қатысты өзгеріске келсек, салық төлеуші таңдауы бойынша жүргізілген салық кезеңіндегі тіркелген активтер бойынша кейінгі шығыстардың сомасын пайдалана алады. Сондай-ақ шығындарды шегерім ретінде есептеуге, объектінің құндық балансын ұлғайту немесе қалыптастыруға жатқызуға құқылы. Бухгалтерлік есепке жатқызылған кіріс немесе шығындар түріндегі валютаның нарықтық бағамының өзгеруіне байланысты теңгемен төленуге жататын талапты немесе міндеттемені индекстеуіне болады. Индекстеу, яғни міндеттемелерді теңгеге түзету сыйақы ретінде есептелмейді, – дейді Ерлан Мирамбекұлы.
Аталған департамент маманы мүгедектігі бар адамдардың ұйымдарына қатысты салық салу жөнінде жеке бап пайда болғанын айтады. Бұл ретте тиісті шарттарға сәйкес келетін заңды тұлғалар мүгедектігі бар адамдардың ұйымдарына жатады екен. Мәселен, заң бойынша мүгедектігі бар адамдардың ұйымы деп, егер жұмысшылардың жалпы санының 51 пайызын мүгедектігі бар адамдар құрайтын болса, бұл осындай ұйым болып есептеледі. Сондай-ақ мүгедектігі бар адамдардың еңбегіне ақы төлеу бойынша шығыстар еңбекақы төлеу бойынша жалпы шығыстардың кемінде 51 пайызын құрауы керек. Мұндай ұйымдар корпоративтік табыс салығының сомасы бойынша жеңілдікті қолдана алады екен. Егер ұйымның кірісінің 90 пайызы мүгедектігі бар адамдардың қатысуымен тауар сатудан, қызмет көрсетуден немесе жұмыстар орындаудан келсе және бұл кірістерді ұйым өз қызметіне жұмсаса аталған жеңілдікті пайдалануға құқығы бар. Сондай-ақ мүгедектігі бар адамдар ұйымының жұмысшысы болып саналатын азаматтар басқа ұйымдарда жұмыс істемеуі керек. Осы талаптар сақталса КТС біршама мөлшерде азаяды. Атап айтқанда, мүгедектігі бар жұмыскерлер саны 3-тен 10-ға дейін болған кезде есептелген корпоративтік табыс салығы 50 пайызға төмендейді. Егер мүгедектігі бар адам болып есептелетін жұмыскерлер саны 10 және одан көп болған кезде есептелген корпоративтік табыс салығын 100 пайызға азайтуға болады.
КТС әртүрлі ставкаларын қолдану және бөлек есепке алуды жүргізу кезінде жеке салық салынатын кірістерді анықтау бойынша міндеттеме енгізілді. Аванстық төлемдер бойынша шек ұлғайды. Яғни, алдыңғы салықтық кезеңнің алдындағы салықтық кезеңде түзетулер ескеріле отырып, жылдық жиынтық кірісі алдыңғы қаржы жылының алдындағы айлық есептік көрсеткіштің 600 000 еселенген мөлшеріне тең сомадан аспайтын салық төлеушілер аванстық төлемдерді төлемейді. Декларация тапсырылғанға дейін аванстық төлемдер бойынша есеп алынып тасталды. 1 тоқсандағы аванстық төлемдерді есептеуді мемлекеттік кірістер органдары жүзеге асырады.
– Қазақстан Республикасында салық төлеушілер базасында қосылған құн салығы бойынша бірқатар тұлғаларды тіркеу есебіне қою жүргізілді. Атап айтсақ, Еуразиялық экономикалық одақтың кеден заңнамасына және Қазақстан Республикасының кеден заңнамасына сәйкес тауарларды Қазақстан Республикасының аумағына импорттайтын тұлғаларға 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап айналымдар мен импортқа қосылған құн салығы 16 пайыздық мөлшерлеме бойынша салынады. ҚҚС бойынша есепке қою шегі 10 000 АЕК-ті құрайды. Медицина саласында дәрілік заттар, медициналық бұйымдар, оларды жинақтаушылар, сондай-ақ техникалық қосалқы немесе компенсациялық құралдарды өткізу және медициналық қызметтерге қатысты айналым мен импортқа осы жылы 5 пайыздық, ал келер жылдан бастап 10 пайыздық төмендетілген ҚҚС ставкасы қолданылады. Сонымен қатар отандық мерзімді баспа басылымдарын өткізуге де жеңілдік бар. Оған айналым мөлшері бойынша 10 пайыздық төмендетілген ҚҚС ставкасы белгіленген.
Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) шеңберінде, сонымен қатар Үкімет айқындайтын тізбе бойынша орфандық және әлеуметтік маңызы бар ауруларды емдеу үшін дәрілік заттарды өткізу және импорттауға ҚҚС қолданылмайды. Бұған қоса дәл осындай талапта емдеу үшін медициналық қызметтер көрсету ісі де қосылған құн салығынан босаттырады. Осы жылғы 1 қаңтардан бастап тұрғын үй-жайды (пәтерді) сату немесе жалға беру кезінде ҚҚС-дан босату жойылды. Бұл дегеніміз, енді тұрғын үйді сатқанда немесе жалға бергенде ҚҚС төлеу қажет болады. Бұған дейін ҚҚС-тан босату тұрғын үй салу үшін пайдаланылатын тауарлар мен қызметтерді есептеуді күрделі еткен, бірақ ғимараттың тұрғын емес бөліктеріне ҚҚС салынып келген еді. ҚҚС-дан босатуды алып тастау салық есебін жеңілдетеді және тұрғын үй салу саласындағы әкімшілік ресурстарды үнемдеуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ ұзақ уақыт бойы тұрғын үй үшін жеңілдіктер негізсіз және тиімді емес деп есептелген.
Дегенмен, ҚҚС-дан босату кейбір жағдайда қолданылады. Егер тұрғын үй-жайдың құрылысы басталған немесе пайдалануға қабылданған мерзімі 2026 жылғы 1 қаңтарға дейін болса, тұрғын үйді сатқанда ҚҚС-дан босату қолданылады. Бұл құрылысшыға арналған жеңілдік. 2026 жылғы 1 қаңтарға дейін жасалған сатып алу құқығымен ұзақ мерзімді жалдау шарттары бойынша тұрғын ғимаратты (немесе оның бір бөлігін) жалға бергенде де ҚҚС-дан босату сақталады. Нақты айтқанда, медициналық тауарлар мен қызметтер үшін ҚҚС-тан босату сақталады, ал тұрғын үйді сату мен жалға беру бойынша бұрынғы жеңілдік көп жағдайда жойылған. Бірақ ескі құрылыстар мен бұрын жасалған шарттар үшін ол әлі де қолданылады.
Өткізу және импорттау бойынша да жеңілдіктер қарастырылған. Өткізу жағынан ҚҚС-дан босату келесі айналымдарға қолданылады. Мысалы, ішкі туризм бойынша туроператор қызметтеріне (бұрын тек кіру туризмі ҚҚС-дан босатылатын), отандық басылымдардың кітаптары мен баспа түрінде кітап шығару қызметтеріне, сондай-ақ археологиялық жұмыстарға осындай мүмкіндіктерді пайдалануға болады. Импорттау кезінде ҚҚС-дан босату келесі тауарларға қатысты. Атап айтқанда, олар – «Дамуға ресми көмек туралы» Қазақстан Республикасының заңы шеңберінде дамуға ресми көмек саласындағы оператор әкелетін тауарлар, Салық кодексінде белгіленген шарттарға сәйкес қатты пайдалы қазбаларды қайта өңдеу туралы келісім шеңберінде технологиялық жабдықтар мен олардың жинақтаушы және қосалқы бөлшектері, әуе тасымалы кезінде әуе кемесі пайдаланатын жанар-жағармай материалдары.
Сонымен қатар арнаулы салық режимі қолданылатын тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді өткізу бойынша айналымдар ҚҚС-ға жатпайды.
– ҚҚС-ның нөлдік ставкасы бойынша салық салынатын айналымдарды, яғни экспортты есептеу процесін жеңілдету үшін арнайы ережелер енгізілді. Осыған сәйкес, тауарларға арналған декларацияны тіркеу күні негізінде айналым жасалған күнді анықтау қарастырылған. Бұл тәсіл экспортқа қатысты салық есебін жүргізуді оңайлатып, түсініксіз жайттарды азайтуға көмектеседі. Мысалы, егер тауарлар үшінші елдерге экспортталса, айналым жасалған күн ретінде тауар өткізу пунктінде ЕАЭО кедендік шекараны нақты қай күні кесіп өткені есепке алынады. Осылайша, тауардың шекарадан шыққан нақты күні есепке алынғандықтан, салық есептерін дұрыс толтыру жеңілдейді және болашақта декларацияны автоматтандырылған түрде жүргізуге мүмкіндік туады. Бейрезидент үшін ҚҚС-ны растау міндеті де қарастырылған. Яғни, салық төлеуші бейрезидентпен жұмыс істеген жағдайда, электрондық салық шот-фактурасын (ЭШФ) өзі жазып, тіркеуге міндетті болады. 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстан Республикасында өткізу орны деп танылған бейрезиденттен сатып алынған жұмыстар мен көрсетілетін қызметтер үшін ҚҚС төлеуші міндетті түрде шот-фактураны өзі жазуы керек. Бұл талап әкімшілендіру процесін жеңілдетуге бағытталған және кейіннен ҚҚС бойынша декларацияны автоматты түрде толтыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар осындай жұмыстар мен қызметтер бойынша ЭШФ жазып беру жүйесі ҚҚС есепке алу рәсімін стандарттауға, түсініксіздік пен жаңылысуды азайтуға ықпал етеді. ҚҚС есепке алуға жатқызылатын қосымша сома да өзгертілді. Бұған дейін есепке алынатын қосымша сома ауылшаруашылығын қолдау және ҚҚС мөлшерлемесінің өсуіне байланысты 70 пайыз деңгейінде болған болса, енді бұл көрсеткіш 80 пайызға дейін ұлғайтылды. Бұл өзгеріс салық есептілігін толықтырып, ауылшаруашылығы тауарларын, жұмыстарын және қызметтерін алудағы ҚҚС есебін нақтылайды. ҚҚС төлеушілер үшін есепке алу күнін анықтау да жеңілдетілген. Бұған дейін сатып алынған тауарлар, жұмыстар немесе көрсетілетін қызметтер бойынша ҚҚС сомасы жүйесіз еді. Нақты айтқанда, бұрын тауарларды, жұмыстарды, қызметтерді алу күні немесе ЭШФ жазып беру күнінің қайсысы кешірек болса, сол күнге жазылатын. Енді жаңа ереже бойынша бірыңғай күн қолданылады. Яғни, тауарларды, жұмыстарды, қызметтерді алу күні негіз болып саналады. Бұл тәсіл ҚҚС есептілігін жүргізуді оңайлатып, күндерді шатастыру немесе қателесу мүмкіндігін азайтады. Сонымен қатар салық төлеуші ЭШФ-ты автоматтандырылған жүйеде есепке алғаны туралы декларация ұсынылғанға дейін арнайы белгі қояды, осылайша ақпарат толық тіркеледі. ҚҚС бойынша декларацияны тапсыру мерзімі де нақты белгіленді. Декларацияны күнтізбелік тоқсан аяқталғаннан кейінгі айдың 15-інен ерте емес, ал тоқсан аяқталғаннан кейінгі екінші айдың 15-інен кешіктірмей тапсыру қажет. Мысалы, егер бірінші тоқсан бойынша декларация болса, оны 15 сәуірден ерте емес және 15 мамырдан кешіктірмей беру керек. Бұл шара енгізілу арқылы салық органдарының жұмысын жеңілдету, декларацияларды уақытында алу, камералдық бақылау нәтижелерін басқару және қосымша салық есептілігін ұсыну қажеттілігін азайту көзделеді. Қарапайым тілмен айтқанда, барлық осы өзгерістер ҚҚС есептілігін жеңілдету, айналым күндерін біріздендіру, декларацияны автоматтандыру және салық есептеріндегі сәйкессіздіктерді азайту үшін жасалған. Бұл салық төлеушілерге түсінікті болмақ және есеп жүргізу процесін жеңілдетеді, әкімшілендіруді тиімді етеді. Жеке табыс салығы (ЖТС) алынатын табыс түріне қарай әртүрлі мөлшерлемелер бойынша есептеледі. Бұл дегеніміз, табысыңыз қанша болса, соған қарай салық ставкасы өзгереді. Жеке тұлғалар үшін тиісті прогрессивті шкалаға былайша салық салынады. Егер жылдық табыс 35 миллион теңгеге дейін болса (яғни айлық есептік көрсеткіштің 8 500 еселенген мөлшеріне дейін), салық ставкасы 10 пайыз болады. Егер жылдық табыс 35 миллион теңгеден асып кетсе, онда бірінші 35 миллион теңгеге 10 пайыз салық салынып, одан асатын табысқа 15 пайыз ставка қолданылады. Қарапайым сөзбен айтқанда, кімнің табысы аз болса, салық 10 пайыз болады, ал табыс көп болса, көп бөлігінен қосымша 15 пайыз салық алынады. Жеке практикамен айналысатын адамдарға, мысалы, жеке нотариустар, адвокаттар, жеке сот орындаушылары, кәсіби медиаторларға 9 пайыз мөлшерлеме бойынша ЖТС салынады. Яғни, оларға табысы қанша болса да, салық 9 пайыз болып есептеледі. Егер дивиденд мөлшері 949 миллион теңгеге дейін болса (айлық есептік көрсеткіштің 230 000 еселенген мөлшері), салық ставкасы – 5 пайыз. Алайда дивиденд 949 миллион теңгеден асып кетсе, 949 миллион теңгеге 5 пайыз салық салынып, одан артық сомасына 15 пайыз ставка қолданылады. Дара кәсіпкерлер, шаруа немесе фермер қожалықтары үшін жалпыға бірдей белгіленген салық тәртібі қолданылады. Кірісі 949 миллион теңгеге дейін болса, салық ставкасы – 10 пайыз. Кірісі 949 миллион теңгеден асып кетсе, бірінші 949 миллион теңгеге 10 пайыз, ал одан асатын табысқа 15 пайыз ставка қолданылады, – дейді Ерлан Нұрмаханбетов.
Жеке тұлғалар салық төлеу кезінде әртүрлі жеке салықтық шегерімдерді қолдануға құқылы. Бұл шегерімдер азаматтың табысынан белгілі бір соманы азайтып, салық салынатын кірісті төмендетуге мүмкіндік береді. Бірінші әлеуметтік төлемдердің салықтық шегеріміне бірқатар санат жатады. Олар – міндетті зейнетақы жарналары, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарналары, азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша жеке тұлғалардың кірістерінен ұсталатын әлеуметтік аударымдар. Екіншісі – базалық салықтық шегерім. Ол айына 30 АЕК мөлшерінде белгіленген, бірақ күнтізбелік жыл үшін бұл шек 360 еселенген АЕК-тен аспауы тиіс. Бұл шегерім стандартты, барлық жеке тұлғалар үшін қолданылады және салықты есептегенде ең алдымен осы шегерімді есепке алады. Үшіншісі – әлеуметтік салықтық шегерімдер. Мүгедектігі бар адамдар үшін шегерім көлемі айтарлықтай ұлғайды. Бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар адамдар үшін әлеуметтік салық шегерімі 882 еселенген АЕК-тен 5 000 еселенген АЕК-ке дейін көтерілген. Сонымен қатар бірқатар тұлғаларға жылына 882 АЕК көлемінде шегерім қарастырылған. Олар – үшінші топтағы мүгедектігі бар адамдар, мүгедектігі бар балалар, Ұлы Отан соғысына қатысушылар, оларға теңестірілген адамдар және басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері. Сондай-ақ Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбек немесе мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСРО ордендерімен және медальдарымен марапатталған адамдар, 1941 жылғы 22 маусым – 1945 жылғы 9 мамыр аралығында кемінде алты ай қызмет еткен және соғыстағы еңбегі немесе әскери қызметі үшін марапатталмаған азаматтар, он сегіз жасқа толғанға дейінгі мүгедектігі бар балалар, олардың ата-аналары, қорғаншылары немесе қамқоршыларының бірі осы санатқа жатады. Бұған қоса, өмір бойына «бала кезінен мүгедектігі бар адам» деп танылған адамдар, олардың ата-аналары, қорғаншылары немесе қамқоршыларының бірі, асырап алынған балалар үшін он сегіз жасқа дейін әрбір асырап алушы ата-ана, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды қабылдайтын отбасындағы әрбір ата-ана да аталмыш тізімге қосылған.
Сондай-ақ жеке тұлғалардың кірістері мен мүлкін декларациялау процесін жеңілдету үшін және ЖТС бойынша асып кеткен салықты қайтару жағдайларын болдырмау мақсатында, оқу, медицина, ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша сыйақыларға, көпбалалыларға арналған салық шегерімдерінің орнына стандартты шегерім қолданылады. Бұл шегерімді айына 30 АЕК-ке дейін ұлғайтып, стандартты шегерім ретінде есепке алуға болады. Сонымен қатар зейнетақы төлемдері мен біржолғы зейнетақы төлемдері ЖТС салудан босатылған. Бұл дегеніміз, осы төлемдерге жеке табыс салығы алынбайды.
Мүліктің әртүрлі түрлері бойынша жеке-жеке баптар қарастырылған екен. Яғни, әрбір мүлік түрі үшін табысты есептеу және салық салу тәртібі бөлек белгіленген. Бағалы қағаздарды сату кезінде теріс немесе оң өсімді сальдо есептеледі. Бұл дегеніміз, егер бағалы қағаздардың бағасы өскен болса, пайда салыққа жатқызылады, ал құны төмендесе, керісінше, шығын ретінде есепке алынады.
Тұрғын үйлерді, саяжай құрылыстарын, гараждарды, тұрақ орындарын, қоймаларды, жеке қосалқы шаруашылық объектілерін сату кезінде мүліктің құнының өсуінен түскен табысты есептеу кезеңі 2 жылға дейін ұзартылды. Бұл салық төлеушілерге сату кезінде пайдасын нақты есептеуге көбірек уақыт беретін көрінеді. Талап ету құқығын басқа адамға беру жағдайында табысты есептеу кезеңі шарт жасалған күннен бастап, талап ету құқығын басқаға берген күнге дейінгі аралық 3 жылдан кем болмауы керек деп белгіленіпті.
Сондай-ақ, тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарт бойынша табысты есептегенде, талап ету құқығын алған күннен бастап, осы құқығын басқаға берген күнге дейінгі кезең үш жыл немесе одан аз уақыт болуы мүмкін.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ
Даму жолындағы нақты қадам
Ұқсас жаңалықтар
2025 жылдың 11 айында Қазақстан экономикасы сенімді өсім көрсетті
- авторAR-AY
- 17 желтоқсан, 2025




