Тарқата айтсақ, үш арнаулы салық режимінде өзін-өзі жұмыспен қамтыған адамдарға арналған, оңайлатылған декларация негізіндегі, сондай-ақ шаруа (фермер) қожалықтарына арналған арнаулы салық режимдері бар. Аталған арнаулы салық режимдеріне қатысты жаңалықтар жайында ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті Арнаулы салық режимін әкімшілендіру басқармасының басшысы Шыңберген Ерқанат Мемлекеттік кірістер комитетінде арнайы ұйымдастырылған баспасөз конференциясында егжей-тегжейлі айтып берді.
Алдымен оңайлатылған декларация негізіндегі салық режиміне көшу мәселесін сөз етсек, оңайлатылған декларация негізіндегі арнаулы салық режимін қолданғысы келетін кәсіпкерлер 2026 жылғы 1 наурызға дейін хабарлама беруі керек. Бұл хабарлама салық төлеушінің қандай салық режимін таңдайтынын көрсетеді. Егер хабарлама уақытында берілмесе, яғни 1 наурызға дейін ұсынылмаса, салық төлеушілер автоматты түрде жалпыға бірдей салық салу тәртібіне көшеді.
– Хабарламаны берудің бірнеше жолы бар. Салық төлеушінің жеке кабинетінде, яғни «ИСНА» ақпараттық жүйесінде «Құжаттарды ұсыну» бөлімі арқылы «Қолданылатын салық салу режимі туралы хабарлама» деген бөлімді таңдау арқылы хабарлама беруге болады. Сонымен қатар «E-Salyq Business» мобильді қосымшасы арқылы, «Сервис» – «Жеке кәсіпкердің салық режимін ауыстыру» бөлімі арқылы да бұл істі тындыру қолайлы. Мемлекеттік кірістер басқармасына қағаз түрінде хабарлама тапсыру тетігін де қолдану қарастырылған. Кейбір банктердің мобильді қосымшалары арқылы да ойға алған іс жүзеге асырылады. Мысалы, «Kaspi Bank» қосымшасында бұл сервис «Мемлекеттік қызметтер» – «Жеке кәсіпкер деректемелері мен салық режимін өзгерту» бөлімінде қолжетімді. Салық төлеушілерге ескерте кетер бір жайт бар. 2025 жылдың соңында салық салу режимі туралы хабарламаны «көшу» себебімен қате берген адамдарға 2026 жылғы 12 қаңтардан бастап жүйеде хабарламаны қайта ұсыну мүмкіндігі ашылады. Сондықтан хабарламаны қате бергендер жаңа хабарламаны уақытылы тапсыруы керек. Екінші, өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған салық режимііне келсек, 2026 жылғы 1 наурыздан бастап салық органдары 2025 жылы патент негізінде немесе арнайы мобильді қосымшаны пайдаланып өзін-өзі жұмыспен қамтуды (АСР) қолданған адамдарды автоматты түрде жеке кәсіпкер ретінде есептен шығарады. Бұл есептен шығару 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап есептеледі. Алайда салық төлеуші өз бетінше есептен шығу туралы өтініш беру құқығын сақтайды. Егер салық төлеуші салық режимін ауыстыру үшін хабарлама беріп, басқа режимді таңдаса, автоматты есептен шығару жүргізілмейді. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған арнаулы салық режимінің басталу күні мобильді қосымшада алғашқы чек жасалған күн болып саналады. Яғни, алғашқы чекті енгізген күннен бастап жаңа салық режимі жұмыс істей бастайды. Үшіншісі – шаруа (фермер) қожалықтарына арналған салық режимі. Шаруа немесе фермер қожалықтарына арналған арнаулы салық режиміне көшу 2026 жылғы 1 наурызға дейін салық органдары арқылы автоматты түрде жүзеге асады. Бұл жағдайда фермерлерден арнайы хабарлама немесе өтініш талап етілмейді, яғни оларға өздері тарапынан ешқандай қосымша қимыл-әрекет жасаудың қажеті жоқ. Бұл ретте барлық процесс автоматты түрде жүргізіледі,– дейді Шыңберген Ерқанат.

Қорыта айтқанда, 2026 жылдан бастап салық жүйесінде үш жаңа арнаулы режим енгізіліп, кәсіпкерлер мен фермерлерге салық төлеу тәртібі жеңілдетілді. Салық төлеушілер өздеріне қолайлы режимді дұрыс таңдап, уақытында хабарламаларын берген жағдайда ғана барлық жеңілдіктерді пайдалана алады.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ




