Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Қаһарлы қыс – рухтың шыңдалу кезеңі

Қаһарлы қыс – рухтың шыңдалу кезеңі
Автор
Ауада әлсіз ғана әуелеп ұшқан көбелек әлдебір сиқырдың күшімен әппақ түйіршікке айналып, жерге қарай қалықтап бара жатқандай айналаны ерекше күйге бөлеп тұр. Аспан жақтағы ұшы-қиыры жоқ кеңістікті шарлап, жер бетіне асыға жеткен ақ ұлпа қанша сағынып жетсе де ұзақ қоныстанбайды. Оған ондай мүмкіндік берілмеген. Ол сол өзі тағатсыз тосқан таңғажайып ләззаттың дәмін алып үлгерместен-ақ қас-қағым сәтте жоқ болып кетеді. Қонған мезетте-ақ еріп үлгереді. Тәттінің тез таусылатынын, ғұмырдың қысқалығын еске салғандай әп-сәтте-ақ көзден ғайып болады.

Осы бір ерекше көріністің өзі адам жанын ертегі әлемінің барына сендіріп, елітіп, алыс-алыс арманға жетектей жөнеледі. Қаһарлы қыстың әппақ әлемін тамашалауға шақырады. Қыр басында қалып қойған балалықтың бал дәмін татуға асықтырады. Аязына қарамай аққала соқтырып, құлағанына қарамай қырдан төмен сырғанауға сүйрейді. Қыс сонысымен қызық, сонысымен құнды.

Кейде терезе ішіндегі тыныштық ішкі күймен үндесіп кетеді. Ұмыт қалған естеліктер сананың түбінен дәл осылай қалқып шығады.

Балалық шақтың аңғал күлкісі алыстан естілгендей сыңғыр қағады. Сол күлкі жанды бір сәтке болса да жеңілдетеді. Ал суыққа әбден тоңған алақан жылуды көбірек іздейді де, сол уақытта жылылықтың қолда емес, көңілде екенін ұғасың. Әр сәттің бағасы осындай мезеттерде айқындалатыны рас.

Қыс тазалық пен адалдықтың символындай тұп-тұнық. Сондықтан ой тазарып, ниет реттеледі. Қаланың бір бұрышында отырып, ту-ту алыстағы анаңның жаққан ошағындағы оттың жылтылы елес береді. Сол отқа жылынып, сол отқа қойған қара қазандағы тамақтың дәмі таңдайға келеді. Ойынның соңына түсіп, малмандай су болған киімдер сол ошақтың арқасына жайылғаны көз алдыңа келеді.

Жаңарған, тазарған табиғат аясындағы ағаштар жапырақсыз қалса да, тіршілігін тоқтатпайды. Олар көктемге деген үмітті ішіне бүгіп, өзінің бүршік жаратын сәтін үнсіз ғана күтеді. Сол секілді адам баласы да қыста бар қуатын бойына жинайды. Өйткені ақ қар өткеннің ізін жауып, жаңа бастауға жол ашады.

Сөйтіп, сырттағы аяз ішкі жылуды бағалауды үйретеді. Бұл мезгілде бір шырақтың жарығы бүтін бір әлемді алақанында аялап тұрғандай мамыражай, мамық күйге бөленеді. Терезеден түскен бозғылт күн нұры үміттің өшпегенін аңғартады. Қыстың ғажабы да сол барша тіршілік иесіне сабырмен тосуды, төзімді болуды үйретеді.

Ал ең қызығы өзімен өзі оңаша қалған жан мүлгіген тыныштықта өзін анық естиді. Бәрін тап-таза пейіл, дархан даланың ақ жамылғысындай ақ жүрегімен шешуге ұмтылады. Сөйтіп қаһарлы қыс рухтың шыңдалу кезеңі екеніне көз жеткізесің.

Осы тұста журналист, ақын Есет Досалының «Аппақ қар» деген өлеңі еріксіз ойға оралады.

 

Өзгертіп күйді жердегі,

Жаудың ба ақ қар майдалап.

Жердегі барлық пендені,

Алақаныңмен аймалап.

 

Әсем екенсің шынында,

Секілді жердің кілемі.

Қатыгез қарақшының да,

Жібіген болар жүрегі.

 

Ел жүрер саған сыр айып,

Лас істерден тежеліп.

Көңілімді мұңайтып,

Кетпегейсің тез еріп.

 

Түсінші мені қар енді,

Бір ақын саған шақса мұң.

Былғанған мынау әлемді,

Бір тазартып тастадың.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар