Сол кезде Президент оқу кабинеттерін шетінен аралап, тәрбиеленушілермен тілдесіп, мектеп-интернатқа Кеңес одағының батыры Бауыржан Момышұлының есімін беруді ұсынған еді. Осы жылдың қаңтар айының басында облыстық мәслихаттың кезектен тыс отызыншы сессиясында Мемлекет басшысының ұсынысы негізінде шешім қабылданып, аталған мектепке Халық қаһарманының есімі берілді. Болашақ әскери сала мамандарын даярлаудағы мектеп-интернат жұмысына жоғары баға берген Президент еліміздің әр өңірінде осындай білім ошақтарын ашу қажеттігін атап өтіп, жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеген болатын. Жуырда біз де осы оқу ордасына арнайы барып, тыныс-тіршілігімен танысып, атқарылып жатқан жұмыстарды өз көзімізбен көріп қайттық.
Облыс әкімдігі білім басқармасына қарасты мамандандырылған әскери мектеп-интернаты аймақ басшысы Ербол Қарашөкеевтің 2025 жылғы 5 тамыздағы №162 қаулысына сәйкес құрылып, оның Жарғысы заңды тәртіппен бекітілген. Журналистерді күтіп алып, оқу орнының қызметімен таныстырып жүрген әскери мектеп-интернат директорының ғылыми-әдістемелік ісі жөніндегі орынбасары Ұлжан Қожагелдиеваның айтуынша, бұл білім ордасы бір мезетте 320 тәрбиеленушіні қабылдауға лайықталған. Оқу орнының материалдық-техникалық базасы заманауи талаптарға толық сәйкес келеді. Атап айтқанда, мұнда 39 оқу кабинеті, 120 орынға арналған асхана, 320 орындық жатақхана, 100 орындық мәжіліс залы, екі футбол алаңы бар. Сондай-ақ мұнда спортзал, саптық алаң, STEM, робототехника және IT кабинетті тұрақты жұмыс істейді. Барлық оқу және тұрмыстық нысандар білім алушылардың қауіпсіздігі мен жайлы өмір сүруіне толық жағдай жасайтындай етіп жабдықталған.
– Мектеп-интернаттың басты мақсаты – жас ұрпақтың бойына ұлттық рух пен отансүйгіштік қасиеттерді сіңіре отырып, интеллектуалдық әлеуеті жоғары, физикалық тұрғыдан шыныққан, тәртіп пен жауапкершілікті терең түсінетін, ел болашағына адал қызмет етуге дайын тұлғаларды қалыптастыру. Мұнда заманауи білім беру жүйесі әскери-патриоттық тәрбиемен өзара ұштасып, оқушыларды тек білімді тұлға ретінде ғана емес, елін қорғай алатын, көшбасшылық қабілеті дамыған, саналы әрі жігерлі азамат деңгейінде тәрбиелеу көзделген. Осы бағытта мектеп-интернат болашақта үлгілі әскери білім ордасына айналуды негізгі стратегиялық мақсат ретінде ұстанып отыр. Тәрбиеленушілерді қабылдау конкурстық негізде жүзеге асырылады. Мамандандырылған әскери мектеп-интернатқа еліміздің барлық өңірінен 12 жасқа толған, жалпы білім беретін мектептің 6-сыныбын табысты аяқтаған, денсаулық жағдайы бойынша жарамды, кәсіби-психологиялық іріктеуден және денешынықтыру даярлығы талаптарынан өткен ер балалар қабылданады. Үміткерлер бірнеше кезеңнен тұратын іріктеуден өтеді. Атап айтқанда, қазақ тілі, Қазақстан тарихы, математика және ағылшын тілі пәндерінен кешенді тестілеу өткізіледі. Сонымен қатар кәсіби-психологиялық іріктеу, денешынықтыру даярлығы бойынша белгіленген нормативтерді тапсыру және міндетті медициналық куәландыру кезеңдері қарастырылған. 2025-2026 оқу жылына қабылдау өткен жылдың 29 қыркүйегі мен 25 қазаны аралығында жүргізіліп, осы уақыт ішінде 620 өтініш қабылданған. Іріктеу жұмыстарын республикалық «Дарын» орталығы ұйымдастырып, кандидаттардың академиялық білімін тест арқылы тексерді. Сонымен қатар болашақ сарбаздардың физикалық дайындығы мен денсаулық жағдайына ерекше талаптар қойылды. Медициналық сараптамадан өтпеген немесе дайындығы төмен балалар резервке қойылып, босаған орындарға солардың ішінен толықтырулар жасалды. Соның нәтижесінде 7, 8 және 9-сыныптарға 180 тәрбиеленуші конкурстық іріктеуден сәтті өткен. Қазіргі таңда интернатта үш параллельді тоғыз сынып бар. Алдағы жылдары бұл тәрбиеленушілер 10-11-сыныптарға көшіп, мектеп толыққанды жалпы орта білім беретін оқу орны ретінде қызметін жалғастырады. Білім алушылар 7-11-сыныптар аралығында бес жыл бойы жалпы орта білім беретін мектеп бағдарламасы бойынша оқиды. Әскери мектеп-интернатта оқу, жатақханада тұру, тамақтану және тұрмыстық қамтамасыз ету ісі толықтай тегін. Тәрбиеленушілерге 37 педагог, 16 тәрбиеші және 16 тәрбиешінің көмекшісі білім беріп жүр. Мектептің географиялық ауқымы да кең. Мұнда өңіріміздің барлық аудандарынан бөлек, Маңғыстау облысы мен Астана қаласынан келген балалар да білім алуда. Мекеме облыстық бюджеттен қаржыландырылады. Ал әскери бағыттағы іс-шараларды ұйымдастыру барысында Қорғаныс министрлігінің «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы тарапынан жан-жақты қолдау көрсетіледі, – дейді Ұлжан Алмасқызы.
Ұл балаларды ерлікке шыңдайтын білім ордасында жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндер, информатика және ағылшын тілі тереңдетіліп оқытылады. Мектеп-интернатта білім алушыларға арналған элективті курстар жүйелі түрде ұйымдастырылған. Атап айтқанда, алғашқы әскери дайындық, «SkyTech» пилотсыз ұшатын аппараттармен жұмыс істеу негіздері, қарым-қатынас психологиясы, сондай-ақ химия және әскери сала бағытындағы сабақтар жүргізіледі. Мәселен, бұл курстар аясында биологиялық қарулардың адам өміріне тигізетін қаупі жан-жақты түсіндіріледі. Сонымен қатар инварианттық бөліктің мамандандырылған компоненті шеңберінде бірқатар пәндер тереңдетіліп әрі кеңейтіліп оқытылады. Олардың қатарында шет тілі, алгебра, геометрия, физика, география және информатика пәндері бар. Оқушылардың шығармашылық және зерттеушілік қабілеттерін дамыту мақсатында түрлі үйірмелер жұмыс істейді. Атап айтқанда, әскери іс, дебат клубы, домбыра үйірмесі, футбол, күрес, қоян-қолтық ұрыс және хорда ән айту бағыттары бойынша қосымша білім беру сабақтары өткізіледі. Мұнан бөлек, мектеп-интернатта «Жас сарбаз» патриоттық клубы жұмыс істейді.
Ұлжан Алмасқызының сөзіне сүйенсек, мамандандырылған әскери мектеп-интернатының түлектері болашақта Қорғаныс министрлігіне, Ұлттық қауіпсіздік комитетіне, Ішкі істер министрлігіне, Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты жоғары оқу орындарында, сондай-ақ Ғылым және жоғары білім министрлігіне бағынысты азаматтық жоғары оқу орындарында білімін жалғастыру мүмкіндігіне ие. Бұдан бөлек, шет мемлекеттердің жоғары және арнайы кәсіптік оқу орындарына түсуге де жол ашық.
ТЕМІРГЕ ЖАН БІТІРГЕН ЖАС ӨНЕРТАПҚЫШТАР
Әскери мектеп-интернатта робототехника саласы тереңдетіліп оқытылатыны жөнінде айттық. Осы орайда біз оқушылардың техникалық қарым-қабілетін көзбен көріп, олардың ізденісі мен шығармашылық әлеуетіне қанығу мақсатында робототехника кабинетіне бас сұқтық. Тәрбиеленушілердің өз қолымен құрастырған әскери бағыттағы дрондары мен шағын роботтары назарымызды бірден өзіне аударды. Әр құрылғы жас өнертапқыштардың ойы мен ізденісінің нақты жемісі іспетті.
Информатика пәнінің мұғалімі Айнұр Сұраншиеваның мәліметінше, әскери мектепте заманауи технологияларды меңгеруге бағытталған робототехника, жасанды интеллект және пилотсыз ұшатын аппараттар үйірмелері жүйелі түрде жұмыс істейді. STEM кабинетінде ұшқышсыз ұшатын аппараттардың арнайы жиынтықтары, бағдарламалау құралдары және заманауи техникалық жабдықтар толық орнатылған. Мұнда оқушылар алғашқы әскери дайындық негіздерін меңгеріп қана қоймай, тактикалық әрекеттерді, дрондарды қашықтықтан басқару тәсілдерін және оларды нақты жағдайларда қолдану ерекшеліктерін үйренеді.
– Білім беру үдерісі сынып деңгейіне қарай кезең-кезеңімен жүргізіледі. Атап айтқанда, 7-сынып оқушылары «LEGO EV3 платформасында роботтарды жобалау және құрастыру» бағыты бойынша бастапқы инженерлік білім алады. 8-сыныпта білім алушылар «Arduino платформасы, жасанды интеллект технологиялары және үш өлшемді модельдеу» курсы арқылы бағдарламалау мен алгоритмдік ойлауды тереңдетеді. Ал 9-сынып оқушылары «SkyTech пилотсыз ұшатын аппараттар» бағыты бойынша дрондарды басқару, бағдарламалау және ұшу қауіпсіздігі талаптарын меңгереді. Оқушылардың алған білімдерін тәжірибе жүзінде шыңдау мақсатында түрлі деңгейдегі жарыстарға қатысу да жоспарланған. Мәселен 30 қаңтар күні «ASTANA IT University» ұйымдастыратын «AITU KazRoboDrone 3.0» байқауына, сондай-ақ ақпан айында өтетін робототехника бойынша «ASTANA TECH CUP» республикалық жарысына қатысу көзделіп отыр. Бұл додада мектеп тәрбиеленушілері «Сумо 10×10» және «Arduino Line Follower» санаттары бойынша өз жобаларын қорғап, бақ сынамақ. Алдағы уақытта олар еліміздің дамуына айрықша үлес қосатын инновациялық бірегей жобалардың авторы болатынына сенімім мол, – дейді А.Сұраншиева.
Робототехника кабинетінде оқушылар тек техника құрастырып қана қоймай, ел қауіпсіздігі мен қоғам игілігіне бағытталған тың идеяларды жүзеге асыруға ұмтылуда. Қазіргі таңда жас өнертапқыштар әзірлеген тың жобалардың бірі – «Сапер» атты роботтық жүйе. Жобаны дайындаудағы басты мақсат – қала көшелерінде немесе ғимарат ішінде жарылғыш зат анықталған сәтте саперлардың жұмысын барынша қауіпсіз етіп, адам өміріне төнетін қатерді мейлінше азайту. Роботты құрастырған 8 «Б»-сынып оқушысы – Сағи Чкал. Сағидың бұл жобаны жүзеге асыруына «қауіптің дәл ортасына адам емес, техника баруы тиіс» деген ұстанымы түрткі болған екен. Осы мақсатта жасалған робот жарылғыш құрылғыларды қашықтан басқару арқылы залалсыздандыруға мүмкіндік береді. Камера арқылы бақылау жүргізетін сапер қауіпсіз аумақта отырып, құрылғының әр қимылын еркін басқара алады.
– Жобаны жетекші ұстазым Айнұрмен бірлесіп, екі жарым аптада дайындап шықтым. Соған қарамастан роботтың құрылымы қарапайым емес, керісінше ойластырылған әрі көпқызметті жүйе ретінде жасалған. Роботта затты ұстауға арналған берік қысқыштар мен салмақ көтеретін тетіктер қарастырылып, түрлі жағдайда жұмыс істеуге бейімделген. Құрылғыны құрастыру барысында «VEX IQ» платформасының бағдарламалық мүмкіндіктерін кеңінен пайдаландық. Бұл жүйе роботты қашықтан басқаруға жол ашып, қауіпті аймаққа тікелей бармай-ақ әрекет етуге мүмкіндік береді. Десе де мұнымен шектеліп қалмаймын. Алдағы уақытта роботты жетілдіру жоспарда тұр. Құрылғыға айналаны толық қамтитын камера орнату, бақылау ауқымын кеңейту, басқару дәлдігін арттыру секілді жаңартулар енгізу ойда бар, – дейді С.Чкал.
Инновациялық жұмысын жас курсант жұмыс сапарымен арнайы келген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа таныстырған екен. Президент жас өнертапқыштың ізденісіне оң бағасын беріп, әскери салаға заманауи технология енгізуге деген талпынысын қолдаған.
Жас курсанттардың қолынан шыққан мұндай еңбектер ел қауіпсіздігіне қызмет ететін болашақ технологиялардың алғашқы қадамы іспетті.
ЖАС КУРСАНТТАРДЫҢ ТАЛАБЫ ҚУАНТАДЫ
Әскери мектеп-интернатта алғашқы әскери дайындық пәні жүйелі түрде оқытылады. Бұл пән жасөспірімдердің бойында әскери тәртіп пен жауапкершілік сезімін қалыптастыруға, отансүйгіштік рухты нығайтуға бағытталған негізгі бағыттардың бірі саналады. Сабақтар арнайы жабдықталған алғашқы әскери дайындық және тактикалық дайындық кабинеттерінде өткізіледі. Мұнда әрбір оқушы бекітілген оқу бағдарламасына сәйкес білім алып, әскери істің қыр-сырымен кезең-кезеңімен танысады.
Алғашқы әскери дайындық сабақтары теориялық түсіндірумен ғана шектелмейді. Оқу үдерісі тәжірибемен тығыз ұштасып, балалардың алған білімін іс жүзінде қолдануына мүмкіндік береді. Сабақ барысында оқушылар азаматтық қорғаныс негіздерін меңгеріп, төтенше жағдай кезіндегі әрекеттерді үйренеді. Сонымен қатар әскери топография бойынша жер бедерін анықтау, бағыт-бағдар табу, карта мен шартты белгілерді оқу тәсілдерін игереді. Алғашқы медициналық көмек көрсету бөлімінде жарақат алған адамға көмек көрсету жолдары, қан тоқтату, тасымалдау әдістері тәжірибелік түрде көрсетіледі.
Атыс дайындығы, саптық және тактикалық сабақтар да әскери пәннің маңызды бөлігін құрайды. Бұл жаттығулар арқылы тәрбиеленушілер сапта жүру мәдениетін, бұйрықты нақты орындау дағдысын, әскери қимылдардың үйлесімділігін меңгереді. Сонымен қатар Қарулы Күштерінің әскери жарғылары, әскери қызметшінің құқықтары мен міндеттері жан-жақты түсіндіріліп, жас ұландардың құқықтық сауаттылығы артады.
Алғашқы әскери дайындық пәнінің оқытушы-ұйымдастырушысы Рашид Жуанышевтің айтуынша, білім ордасының алдына қойған басты мақсаты – жасөспірімдерге әскери білім берумен қатар, олардың бойына тәртіп пен жауапкершілік сезімін қалыптастыру. Қазіргі таңда тәрбиеленушілер әскери ортаға енді бейімделіп жатқанымен, олардың ынта-жігері жоғары.
– Өзім бұған дейін Байзақ ауданындағы Николай Гоголь атындағы орта мектепте қызмет атқарғанмын. Жалпы еңбек өтілім 27 жылды құрайды. Соның ішінде 7 жылы әскери қызметке, 20 жылы педагогикалық салаға тиесілі. Жинақтаған тәжірибем мен білгенімді жас буынға үйретуді мақсат етіп келдім. Мұнда тәрбиеленушілер форма киіп, кадет атағын алып жүрген соң, олардың әскери жүріс-тұрысына айрықша мән беріледі. Амандасу әдебі, саппен жүру, белгіленген күн тәртібін сақтау – барлығы қатаң бақылауда болады. Балаларға үлкенге құрмет көрсету, ұстазбен дұрыс қарым-қатынас орнату мәдениеті күнделікті сабақ барысында үйретіледі. Мамандандырылған әскери мектеп болғандықтан, әскери жарғы талаптарын сақтау басты міндеттердің бірі. Бұл талаптар балаларды тәртіпке баулып қана қоймай, олардың бойында жауапкершілік, жинақылық және өз-өзіне деген талапты қалыптастырады. Мектеп-интернатта тәрбиеленушілердің тұрмыс жағдайына да ерекше мән берілген. Барлық оқушы әскери үлгідегі күнделікті форма, салтанатты киім, маусымдық сырт киім мен аяқ киімге дейін толықтай тегін қамтамасыз етіледі. Біркелкі форма балаларды тәртіпке баулып қана қоймай, олардың бойында бірлік пен ортақ жауапкершілік сезімін қалыптастырады, – дейді Рашид Фермебейұлы.
Оқу орнында оқушылардың демалысы мен рухани дамуына да жағдай жасалған. Интернат аумағында арнайы жабдықталған кино көру бөлмесі бар. Бұл бөлмеде тәрбиеленушілер бос уақыттарында патриоттық мазмұндағы көркем және деректі фильмдерді тамашалайды. Өз кезегінде танымдық демалыс жасөспірімдердің рухын көтеріп, Отанға деген сүйіспеншілігін арттыра түседі.
Мектеп өміріне жаңа бейімделіп жатқан оқушылар да бұл ортаның тәрбиелік ықпалын айқын сезінуде. Мектеп-интернатта олар тек білім алып қана қоймай, түрлі спорттық және шығармашылық үйірмелерге қатысады. Әскери мектеп-интернаттағы әр баланың жүрегінде өзіндік арман мен мақсат бар. Солардың бірі – Еркебұлан Оралбек. Ол бұл білім ордасына келген алғашқы күннен бастап өзін мүлде басқа әлемге енгендей сезінгенін айтады. Мұндағы темірдей тәртіп пен қатаң талаптар оны жасытпайды, керісінше жігерлендіреді.
– Бәріміз үшін әскери мектеп – шыдамдылық пен ерік-жігерді шыңдайтын ортаға айналды. Күн сайынғы саптық жаттығулар, уақытпен санаспай білім алуға ұмтылу, күн тәртібі мен спорттық дайындық бойымыздағы жауапкершілікті арттырып келеді. Өзім бала кезімнен дзюдо күресімен кәсіби түрде айналысқанмын, спорт шеберлігіне кандидат атағым да бар. Бүгінде өз шеберлігімді жаңа бағытта шыңдауға ден қойып, қоян-қолтық ұрыс жаттығуларына ерекше мән беріп жүрмін, – дейді Е.Оралбек.
Мемлекет басшысы оқу ордасына арнайы сапармен келген кезде дәл осы Еркебұлан тактикалық дайындық кабинетінің жұмысын таныстырып, оқу үдерісінің мазмұнын көрсеткен тәрбиеленушілердің бірі болды. Мұндай жауапты сәтте еркін сөйлеп, ойын жеткізе білуі оның білімге де, тәртіпке де дайын екенін аңғартты. Болашақта ел қауіпсіздігі жолында қызмет етуді армандайтын Еркебұлан үшін бұл мектеп сол арманға бастар алғашқы баспалдақ іспетті.
Ал 7 «Б»-сыныбының тәрбиеленушісі Аймансұр Есбай әулетінде әскери адамдар көп болғандықтан, бала кезінен әскери формаға ерекше құрметпен қарап өскен. Жуалы ауданына қарасты Қоңыртөбе ауылынан келген жас кадет үшін әскери мектеп – мінез бен бағыт қалыптастыратын үлкен өмір мектебі.
– Білім ордасы жерлес батыр атам, даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының есімімен аталатыны мен үшін зор мақтаныш. Әскери салаға қызығушылық танытып өсуіме отбасым тікелей ықпал етті. Әкем Нұрмат Ресей Федерациясында әскери қызмет атқарған. Ағам Әлішер Есбай бүгінде Ақтау қаласында танк әскерінде капитан шенінде еңбек етеді. Сонымен қатар әулетімдегі Ұлы Отан соғысына қатысқан аталарымның да ерлігінен хабардармын. Тағы бір ағам Тараз қалалық полиция басқармасында аға жедел уәкіл қызметін атқарады. Осындай ортада өскендіктен әскери форма – ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан жауапты жолдың белгісі секілді. Қазіргі уақытта мұнда әскери шендер, нышандар жөніндегі білімізді тереңдетіп жатырмыз, – деген Аймансұр Нұрматұлы болашақта Ұлттық қауіпсіздік комитетінде IT бағыты бойынша қызмет етуді армандайтынын жеткізді.
Әскери мектептегі тәрбиенің тағы бір ерекшелігі – ұжымдық рух. Мұнда оқушылар бір-біріне арқа сүйеп, бауырмал болып өседі. Сыныптарда бөлімше командирлері тағайындалып әр баланың көшбасшылық қабілетін дамытуға мүмкіндік беріледі. 7 «Б»-сыныбының бөлімше командирі, кадет Даниял Еркінбек Тараз қаласының тумасы. Оның да әулетінде әскери қызмет атқаратындар аз емес. Еркінбек интернатта тәртіпті сақтауды, саптық дайындықты және тактикалық әрекеттерді үйреніп жүр. Болашақта ол да Ұлттық қауіпсіздік комитетінде қызмет атқаруды мақсат етеді.
ЕГІЗДЕР БІЛІМ АЛУДА
Әскери мектеп-интернатта білім алып жүрген тәрбиеленушілердің арасында тағдырлары мен мақсаттары бір арнаға тоғысқан егіздер де бар. 8 «Б»-сынып оқушылары Нұрсұлтан мен Ерсұлтан Жаңабек сондай жас ұландардың қатарынан. Бұған дейін олар №67 жалпы білім беретін мектепте оқып, бала күнінен әскери қызметкер болуды армандапты. Бұл арман уақытша қызығушылық емес, жылдар өте саналарында бекіп, болашаққа бағытталған өмірлік мақсатқа айналған еді.
Егіздердің айтуынша, емтихан жақындаған сайын өздеріне үлкен жауапкершілік жүктеп, әскери мектепке түсуге бар ынта-жігерімен дайындалыпты. Сабақ пен дене жаттығуларына ерекше көңіл бөліп, әр сәтін тиімді пайдалануға тырысқан. Осы жолда олар бір-біріне тірек бола білді. Қиын сәтте демеп, шаршағанда жігер беріп, мақсаттан айнымай бірге алға ұмтылды.
Өжет ұлдардың анасы Салтанат Дүйсембаеваның айтуынша, олардың арасындағы бауырмалдық байланыс өзгеше. Қай ортада жүрсе де бір-бірінен ажырамай, бір-біріне демеу болып жүреді. Интернатқа келген алғашқы күннен бастап-ақ егіздердің бауырмашылдығы ұстаздар мен тәрбиешілердің назарын аударыпты. Бірінің әлсіз тұсын екіншісі байқап, кем-кетігін толықтыруға тырысады. Кей кездері біреуі сабаққа дайын болмай қалған жағдайда, екіншісі қолдау көрсетіп, жауапкершілікті бірге бөлісіп жүруі – олардың шынайы бірлігінің айғағы.
– Әскери мектепке келгеннен бері балалардың бойында үлкен өзгеріс байқалады. Олар тез есейіп, тәртіпке бейімделіп, әр ісіне жауапкершілікпен қарай бастады. Демалыс күндері үйге келген кезде төсектерін өздері жинап, күн тәртібін сақтауға дағдыланып қалған. Осыдан әскери тәрбиенің бала бойына ерте сіңіп жатқанын байқадым. Егіз ұлдарымның басты қасиеттерінің бірі – достыққа адалдығы. Бұрын да достары аз болмаған балалар бүгінде интернаттағы 180 тәрбиеленушімен бір үйдің баласындай араласып кеткеніне қуанып отырамын. Бірге оқып, бірге тамақтанып, бірге жаттығып жүрген жолдастарына бауыр басып үлгеріпті. Тіпті үйге демалысқа шыққан күндерінің өзінде достарымен үздіксіз хабарласып, интернатқа асыға оралады, – дейді С.Дүйсембаева.

Ананың басты тілегі – болашақта егіз ұлдарын әскери қызметкер ретінде көру. Балалардың бала күнгі «генерал болсақ» деген қиялы бүгінде биік мақсатқа айналып келеді. Сол армандары орындалып, ел қорғаны атанып, ата-анасының ғана емес, барша халықтың мақтанышына айналса деген үміт зор.
Осылайша мамандандырылған әскери мектеп-интернат жас жеткіншектерді болашақ өмірге бейімдейтін маңызды тәрбие мектебіне айналып отыр. Мұнда тәрбиеленушілер тек әскери білім алып қана қоймай, елін сүйетін, тәртіпті, рухы берік, саналы азамат болып қалыптасуда.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ




