Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Вакцинация – қызылшадан қорғанудың сенімді жолы

Вакцинация – қызылшадан қорғанудың сенімді жолы
РСК
Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Неили Муликованың қатысуымен «Жамбыл облысындағы қызылша бойынша эпидемиологиялық жағдай» тақырыбында баспасөз конференциясы өтті.

Биылғы жылдың 1 қаңтарынан бастап облыста қызылшаның 191 жағдайы тіркелген. Ауруға шалдыққандардың 80 пайыздан астамы 14 жасқа дейінгі балалар екен. Оның ішінде бір жасқа дейінгі балалар арасында 43 жағдай, 1 жастағы балаларда 42 жағдай, ал 2-5 жас аралығындағы балалар арасында 54 жағдай анықталған. Тіркелген жағдайлардың 81 пайызы, яғни 155 жағдай Тараз қаласына тиесілі. Қалған аудандарда қызылша ауруының 1-ден 14-ке дейінгі жағдайлары тіркелген.

Науқастардың 85 пайызы вакцинацияланбаған. Бұған екпеден бас тарту, медициналық қарсы көрсетілімдер және екпе жасына жетпеу негізгі себеп болып отыр.

Қызылша – ауа-тамшы жолымен таралатын аса жұқпалы жедел вирустық инфекциялық ауру. Ол адамдар көп жиналатын орындарда қысқа мерзімді байланыс кезінде де жұғады. Вирус жабық үй-жайларда бір сағатқа дейін сақталып, науқас адам лифтпен жүргеннен кейін де жұқтыру қаупі жоғары болады.

– Қызылша өте қауіпті инфекцияның бірі. Бір науқас иммунитеті жоқ 20 адамға дейін жұқтыруы мүмкін. Аурудың асқынуы балалар үшін аса ауыр салдарға әкеледі. Сондықтан вакцинация – қызылшадан қорғанудың ең тиімді әрі сенімді жолы. Ауру кенеттен дене қызуының 38-40 градусқа дейін көтерілуімен басталып, мұрыннан су ағу, жөтел, дауыс қарлығуы, көздің қабынуы, қабақтың қызаруы мен ісінуі сияқты белгілермен сипатталады. Бірнеше күннен кейін денеде бөртпе пайда болып, ол алдымен бет аймағынан басталып, кейін аяқ-қол мен бүкіл денеге таралады. Ересектер бұл ауруды балаларға қарағанда ауыр өткереді. Қызылшаның асқынуы өте қауіпті. Балаларда пневмония, отит, құрысулар, орталық жүйке жүйесінің зақымдануы, соның ішінде энцефалит дамуы мүмкін. Сонымен қатар қызылша вирусы ағзада өмір бойы сақталып, сирек жағдайда баяу дамитын, өлімге әкелуі мүмкін қызылша панэнцефалитін туындатуы ықтимал. Аурудан кейін иммунитеттің ұзақ уақытқа әлсіреуі салдарынан балалар түрлі жұқпалы дерттерге жиі шалдығады, – деді Неили Орынбасарқызы.

Облыста 2025 жылғы желтоқсан айынан бастап қосымша жоспардан тыс иммундау жұмыстары қолға алынып, 9-10 айлық екпе алмаған балалар мен 2-18 жас аралығындағы балалар қамтылған. Қазіргі уақытта қызылшаға қарсы екпені 4 мыңнан астам бала алған.

Айжан ӨЗБЕКОВА

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар