Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Орманшылардың жағдайы оңалып келеді

Орманшылардың жағдайы оңалып келеді
РСК
Осы жылдың 1 қаңтарындағы мәлімет бойынша, мемлекеттік орман қорының жалпы жер көлемі 4 миллион 414 мың гектарды құрайды. Орман қоры жерлері облыс аумағының 30,8 пайызын алып жатыр. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында облыс әкімдігі табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Нартай Егембердиев баяндады.

Спикердің айтуынша, облыстың 2021-2027 жылдарға арналған орман өсіру көлемін ұлғайтудың кешенді жоспарына сәйкес, орман қоры аумағында 140,8 миллион ағаш отырғызу жоспарлануда. Мәселен, 2021-2025 жылдары 110,1 миллион ағаш отырғызылса, биыл 16 миллион көшет отырғызылады деп күтілуде.

– 2025 жылы облыс аумағындағы мемлекеттік орман қоры жерлерінде өрт қаупі бар маусым 26 наурыздан бастап 20 қараша аралығы деп белгіленді. Осыған байланысты, орман қорындағы орманшылықтарда 39 өрт бақылау мұнаралары жұмыс жағдайына келтірілді. Сонымен қатар, өрт қаупі маусымының жоғары кезеңінде өрт қауіпті аумақтарда 65 бекетте тәулік бойына кезекшіліктер құрылды. 2025 жылы орман қорында өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жалпы ұзындығы 11 154,5 шақырым болатын өртке қарсы минералды жолақтарға күтім жасау жұмыстары жоспарланды. Тиісінше жоспар толық көлемде орындалды. Өрттің алдын алу және орман алқаптарын қорғау шараларын жүзеге асыру аясында орман қорын күзету және патрульдеу үшін пайдаланылатын өртке қарсы техникалар жанар-жағармай материалдарымен толық қамтамасыз етілді. 2025 жылы облыстың орман қоры аумағында жалпы ауданы 33 807,91 гектар болатын 50 орман өрті оқиғасы тіркелді. Өрттің шығу себептеріне тоқталар болсам, 3 жағдай – азаматтардың өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтамауынан, 26 жағдай – найзағайдың түсуінен, 6 жағдай – әкімшілік аумақтардан мемлекеттік орман қоры жеріне өрттің өтіп кетуінен, 1 жағдай – орман қоры жерінен орман қоры жеріне өткен, 14 жағдай бойынша шығу себебі анықталмаған, – деді Нартай Әлібекұлы.

Өткен жылы орман шаруашылығы мекемелерінің материалдық-техникалық базасын толықтыру мақсатында жергілікті бюджеттен 100 миллион теңге көлемінде қаражат қарастырылыпты. Жоспарға сәйкес, қажетті техникалар мен құрал-жабдықтарды сатып алу кезең-кезеңімен жүзеге асырылған. Қазіргі таңда 9 патрульдік автокөлік сатып алынып, орман шаруашылығы мекемелеріне таратылып берілді. Сонымен қатар, орман шаруашылығы мекемелерінің арнайы есепшоты есебінен 1 дана «Нива» автокөлігі сатып алыныпты.

«Бұдан бөлек, Өнеркәсіпті дамыту қорынан лизингтік қаржыландыру аясында облыстың орман шаруашылығы мекемелеріне жалпы сомасы 1,8 миллиард теңгеге 59 өрт сөндіру техникасын сатып алу жоспарлануда. Қазіргі таңда 15 «JAC» маркалы кіші кешенді өрт сөндіру автокөлігі алынды.

Сондай-ақ, Жамбыл табиғат қоғамдық қоры есебінен 9 «Соболь» қызметтік автокөлігі, 17 мотоцикл, 4 «Toyota Hilux» және 15 пилотсыз ұшу аппараттары алынып, орман шаруашылығы мекемелеріне берілді.

Сонымен қатар, орман шаруашылығы мекемелерінің материалдық-техникалық базасын одан әрі жаңарту мақсатында Өнеркәсіпті дамыту қорынан лизингтік қаржыландыру арқылы қосымша 29 МТЗ тракторы және 15 өрт сөндіру автокөлігін алу жоспарлануда. Бұл шаралар облыстағы орман шаруашылығы мекемелерін өртке қарсы техникамен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, – деді Н.Егембердиев.

С.НҰРБОЛҚЫЗЫ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар