Басқосуда алдымен облыс әкімдігі дін істері басқармасының басшысы Сәкен Мыңбаев баяндама жасап, аймақта діни ахуалдың жай-күйі тұрақты екенін, ол бойынша мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесе тиісті жұмыстар атқарылып жатқанын сөз етті.
– Өңірде мемлекеттік тіркеуден өткен діни бірлестіктер мен филиалдардың саны – 398. Оның ішінде 352 мешіт пен 46 шіркеу бар болса, оның 8-і православ, біреуі католик, 37-сі протестант. Өткен жылдың басында діни бірлестіктер мен филиалдардың саны 392 болған. Қазіргі уақытта облыста 17 мешіттің құрылысы жүргізілуде. Жыл соңына дейін 3 мешіттің құрылысы аяқталады деп күтілуде. Облыс бойынша мешіттерге жұма намаздарына келуші жамағаттың саны 37 мыңнан асып жығылса, күнделікті мешітке келушілердің саны 6 мыңнан астам адамды құрайды. Жалпы, өңірдегі мешіттерде арнайы бұйрықпен 474 діни қызметкер қызмет атқаруда. Намазханалар мен құлшылық үйлерінің саны – 41. Діни білім беру ұйымдары қатарында жұмыс атқаратын «Һибатулла Тарази» медресе-колледжінде бүгінде 90 шәкірт білім алып жатыр. Бұдан бөлек, «Қордай» Құран қариларын дайындау орталығында 222 шәкірт бар, – деген Сәкен Сәрсенбайұлы басқарма тарапынан облыста діни экстремизм мен терроризм көріністеріне қарсы жұмыстар 3 негізгі бағытта жүргізіліп жатқанын баяндады.
Өз кезегінде Серік Жақсылықұлы өңірде конфессияаралық келісімнің сақталуына, діни ахуалдың тұрақтылығын қамтамасыз ету ісіне, радикалды идеологиялардың алдын алуға, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының тиімділігін арттыру мәселесіне баса назар аударды.
Келесі кезекте есеп берген облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ернар Ибраимов жетістіктермен қатар спорт саласының қазіргі даму жағдайына байланысты өңірде қалыптасқан бірқатар проблемалық мәселелерді де тілге тиек етті. Оның айтуынша, «Спортты дамыту дирекциясы» республикалық мемлекеттік кәсіпорны ұсынған алдын ала есептерге сәйкес облыс бойынша осы жылдың қаңтар-ақпан айларында жоспарланған 36 оқу-жаттығу жиыны мен 25 жарысқа қатысу үшін қомақты қаржы қажеттілігі туындаған. Сондай-ақ спорттық іс-шаралар өткізуге бөлінген қаржы өткен жылмен салыстырғанда едәуір қысқарған.
– Жамбыл облысы еліміздегі мұз айдыны жоқ жалғыз өңір болып отыр. Осыған байланысты, Тараз қаласында мұз сарайын салу қажеттілігі бар. Құны шамамен – 21 миллиард теңге. Сонымен қатар қазіргі таңда «Тараз» орталық стадионының футбол алаңы УЕФА талаптарына сай келмейді. Осыған орай стадион күрделі жөндеу жұмыстарын қажет етеді. Тағы бір айта кететін жәйт, облыста дене мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған арнайы көпсалалы заманауи спорт кешені жоқ. Бұл өз кезегінде облыстық, республикалық, халықаралық деңгейдегі жарыстарды өткізуге, сондай-ақ оқу-жаттығу жиындарын ұйымдастыруға және оңалту шараларын жүйелі түрде жүргізуге мүмкіндік бермей отыр. Сол сияқты Тараз қаласында ойын спорты түрлеріне арналған спорт кешенін салуды уақыт қажет етіп отыр. Тараз қаласында ойын спорты түрлеріне арналған стандартқа сай спорт нысандарының саны шектеулі. Қазіргі уақытта ойын спорты түрлері бойынша жаттығу процесінің басым бөлігі «Тараз - Арена» спорт сарайында ұйымдастырылуда. Алайда қалада өтетін республикалық және халықаралық деңгейдегі жарыстардың негізгі бөлігі аталған нысанда өткізілуіне байланысты, ойын спорты түрлері бойынша оқу-жаттығу процесі жүйелі түрде бұзылып, спортшылардың даярлығына кері әсерін тигізуде, – деді ол.
Мұнан соң облыс әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшысы Ерлан Жүнісбай аталған салада жоспарланған шаралар мен көзделген индикаторларды орындау мақсатында нәтижелі жұмыстар атқарылғанын жеткізді. Облыс көлемінде халыққа мәдени қызмет көрсетіп отырған 506 мекемеде 3 648 қызметкер нақты жұмыс атқарып жатыр екен. Оның ішінде шығармашылық саласындағы 2 029 қызметкердің 1 719-ы кәсіби сала мамандары көрінеді.
– 2025 жылы 16 мәдениет нысанының құрылысына 1,4 миллиард теңге қарастырылып, 11 нысанның құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді Қалған 5 нысан қаржылық жоспарға сәйкес осы жылға өтпелі. Құрылысқа байланысты ескерерлік бір мәселе бар. Облыс басшылығының, депутаттардың тұрғындармен кездесулері барысында елдімекендерде мәдениет үйлерін салу туралы ұсыныс жиі көтеріледі. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2025 жылғы 24 қыркүйектегі қаулысына сәйкес 2029 жылға дейін бюджет қаражаты есебінен жаңа мәдениет нысандарының құрылысын салуға мораторий енгізілген. Осыған байланысты Тараз қаласы мен аудан әкімдіктері тарапынан аталған мерізмге дейін мәдениет нысандарының құрылысын салу бойынша бюджет қаражаты есебінен жобалық-сметалық құжаттарды әзірлеу және сараптамадан өткізу тоқтатылуы қажет. Шығармашылық бағыттағы жұмыстарға тоқталатын болсам, облыстық халық шығармашылығы орталығы облыстағы мәдениет үйлері мен клубтардың қызметін үйлестіріп, ауқымды шығармашылық іс-шараларын ұйымдастырып отыр. Әуесқой көркемөнерпаздар ұжымдары мен үйірмелеріне де әдістемелік-тәжірибелік көмек көрсету жұмыстарын іске асыруда. Бүгінде облыста 202 мәдениет үйі мен клубтар мәдени-көпшілік қызмет көрсетіп келеді. Облыс көлемінде 819 клуб құрылымдарына 10 918 адам тартылған. Оның ішінде балаларға арналған 620 үйірмеге 8 526 бала қатысуда. «Халықтық» атағы бар ұжымдар саны 53 болса, қатысушылар саны – 1647. Облыстағы клуб мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға жергілікті бюджеттен 355 211,0 мың теңге бөлініп, қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді, – деген басқарма басшысы кітапхана ісі, театр саласы, айтыс өнері, ескерткіштердің қорғалуы, руханият және тарихтану, тіл саясаты, ономастика мәселесі секілді өзге де бағыттар бойынша атқарылған жұмыстардың есебін берді.
Басқосуда тарихи-мәдени мұраны сақтау, мәдениет мекемелерінің материалдық-техникалық базасын жаңғырту, шығармашылық ұжымдардың жұмысын қолдау, тұрғындар үшін мәдени қызметтердің қолжетімділігін арттыру бағытындағы атқарылған жұмыстарды күшейтуге басымдық берілді.
Ал облыс әкімдігі ақпарат және қоғамдық даму басқармасының басшысы Жанболат Нұрмолда аймақтың қоғамдық-саяси ахуалы, ақпараттық кеңістік, азаматтық қоғам институты, жастар саясаты туралы баяндады. Басқарма басшысының айтуынша, қоғамдық -саяси ахуал мекеме тарапынан тұрақты бақылануда. Бұл бағытта жедел штаб отырыстары жүйелі түрде өткізіліп, құқық қорғау органдарымен бірлескен алдын алу жұмыстары тиісті деңгейде жүргізілуде. Өткен жылы облыста бейбіт жиналыстар өткізуге қатысты 11 хабарлама тіркеліп, ол бойынша тараптарға заң талаптарына сәйкес жауаптар беріліпті. Мониторинг нәтижесінде анықталған тұрақсыздыққа әкелуі мүмкін мәселелер республикалық деңгейдегі «Қауіп-қатерлер» картасына енгізіліп, бүгінде онда 10 мәселе тіркелген көрінеді. Оның ішінде 8-і әлеуметтік шиеленіс ошақтары болса, екеуі жылу желілері, ағынсу секілді жүйелі проблемалық мәселелер екен. Олардың шешілуі қазіргі таңда қатаң бақылауда тұр.
Облыста 95 бұқаралық ақпарат құралы есепке алынған болса, оның 74-і тұрақты жұмыс істеп жатыр. Өңірдегі негізгі ақпараттық құрылтайшы – «AULIEATA-MEDIA» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Жалпы өңірде 125 ақпарат саласы қызметкері еңбек етсе, оның 50-і кәсіби журналистік дипломға ие. Өзекті мәселелерді жарыққа шығару мақсатында бекітілген медиа-жоспар аясында жыл ішінде 10 мыңға жуық материал жарияланыпты. Сондай-ақ мемлекеттік бағдарламаларды насихаттау мақсатында бірнеше баспасөз туры ұйымдастырылған.
– Азаматтық қоғаммен жұмыс тұрақты жүргізілуде. Облыста түрлі бағыттағы 1 494 үкіметтік емес ұйым тіркелген, 7 саяси партия филиалы жұмыс атқаруда. 2026 жылы – 751 миллион теңгеге 107 әлеуметтік жоба жүзеге асырылмақ. Ал ақпарат және қоғамдық даму басқармасы тарапынан 48 миллион теңгеге 7 әлеуметтік жоба және мемлекеттік грант ретінде 15 миллион теңгеге 2 әлеуметтік жобаны жүзеге асыру көзделуде. Әкімдіктер жанында 12 кеңес жұмыс атқарады. Кеңес отырыстары жылына 2 рет өткізілуде. Кеңестердің 64 пайызы азаматтық қоғам өкілдерінен тұрады. Үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл және ынтымақтастық жөнінде арнайы диалог алаңдары құрылған. Маусым айында Өңірлік ХІІ Азаматтық форумы өткізілді, онда облыстағы үкіметтік емес ұйымдар мен азаматтық сектор белсене атсалысты. Іс-шара барысында үкіметтік емес ұйымдардың ұсыныстары мен бастамалары тыңдалып, алдағы кезеңге арналған бірлескен жұмыс бағыттары айқындалды. Форумның қорытындысымен Мәдениет және ақпарат министрлігіне ұсынымдар жолданды. Сонымен қатар, Астана қаласында өткен қорытынды Азаматтық форумда облыстағы «Жамбыл облысы Азаматтық Альянсы», «Шебер шаңырақ», «Жастарды дамыту орталығы» және «Кислород СОС» ұйымдары мемлекеттік сыйлықақы алды. Облыстық Қоғамдық кеңестің жұмысы тұрақты жүргізілуде. Кеңес мүшелері қоғамдық бақылауды қоғамдық сараптама, қоғамдық мониторинг және есептік тыңдау нысандарында жүзеге асыруда. Сонымен қатар облыста ардагерлердің қоғамдық белсенділігін арттыруға бағытталған бірқатар іс-шаралар өткізілді, – деген Жанболат Нұрмолдаұлы этносаралық қатынас және өзге де салалар бойынша атқарылған жұмыстарды бүге-шігесіне дейін баяндады.

Облыста мектепке дейінгі тәрбие мәселесі басты назарға алынған. Бүгінгі күні облыста 619 мектепке дейінгі ұйымда 63 645 бала тәрбиеленуде. Бүлдіршіндерді мектепке дейінгі білім және әрбемен қамту үлесі 1-6 жас аралығында 98,4 пайыз болса, 2-6 жас аралығында 99 пайызға жетіп,3-6 жас аралығындағы көрсеткіш 100 пайызды құраған. Облыстағы мектепке дейінгі ұйымдар толық автоматтандырылып, ваучерлік қаржыландыруға көшкен. Бұл туралы облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы Нұрбек Оршыбеков өз есебінде айтты.
– 2025 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың білім саласына қатысты берген тапсырмаларын, Оқу-ағарту министрлігі мен облыс әкімдігі тарапынан бекітілген бағдарламалар мен жол карталарында белгіленген көрсеткіштерді орындау мақсатында ауқымды жұмыстар жүзеге асырылды. Бүгінгі күні облыста 531 орта білім беру ұйымында 245 мыңнан аса оқушы білім алуда. Оның ішінде 73 жекеменшік мектепте 17 119 оқушы бар. Қыркүйек - желтоқсан айларына жекеменшік мектептерге 4,1 миллиард теңге төлемдер жасалды. 2026 жылға жалпы сипаттағы трансферттер есебінен 57 жекеменшік мектепті қаржыландыруға 12,5 миллиард теңге бөлінді. Білім алушыларды қауіпсіз және қолайлы білім беру ортасымен қамтамасыз ету – басты міндетіміз. 2025 жылы 14 білім нысаны пайдалануға берілді. Нәтижесінде 1 апатты, 1 үш ауысымды, 5 оқушы орны тапшылығы бар, 6 тозығы жеткен, 1 асханасы жоқ мектептің мәселесі шешілді. Бүгінгі күні облыста үш ауысымды мектептердің мәселесі күн тәртібінен алынды. Ендігі кезекте апатты жағдайда – 1, тозығы жеткен 11 білім ошағы және оқушы орны тапшы 17 мектеп бар. 2026 жылға 12 білім нысанының құрылысы пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Нәтижесінде 2 оқушы орны тапшылығы бар мектептің, 4 тозығы жеткен мектептің, 6 спорт залы, асханасы жоқ мектептің мәселесі шешіледі. Сонымен қатар Мойынқұм ауданы, Күшаман ауылындағы Амангелді атындағы апатты мектептің мәселесін шешу мақсатында осы жылға 1 миллиард теңге қаржы қарастырылып, 80 орындық жаңа мектептің құрылысын бастау жоспарланды. Мектепті 2027 жылы пайдалануға беру көзделген, – деген басқарма басшысы салада атқарылған жұмыстар жөнінде кеңінен әңгімеледі.
Бұл ретте де білім саласында оқыту сапасын арттыру, мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың қолжетімділігін кеңейту, педагогтердің біліктілігін жетілдіру, оқушылардың қауіпсіз әрі қолайлы білім алу ортасын қалыптастыру мәселелеріне ерекше назар аударылды. Өз кезегінде Серік Жақсылықұлы әр салада жүзеге асырылған бастамаларға оң баға бере отырып, белгіленген мерзімде орындалмаған бірқатар жұмыстар бойынша жауаптыларға сын-ескертпе жасады.
– Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» республикалық акциясы, «Заң мен тәртіп» қағидаты, берілген өзге де тапсырмаларының орындалуы күнделікті бақылауда болуы тиіс. Облыстағы қоғамдық-саяси ахуалдың тұрақтылығы қамтамасыз етілуі қажет. 2026 жылы аталып өтетін мерейтойлар мен атаулы күндер жоғары деңгейде ұйымдастырылуы қажет. Бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде позитивті материалдарды көптеп жариялау назарда болсын. Жастар ресурстық орталықтарының жұмысын күшейту, жаңа жобалар енгізу бойынша шаралар қабылдау да маңызды істің бірі. Көрнекі ақпарат құралдарын орналастыруда идеологиялық мағынасына, мазмұнына және эстетикалық көрінісіне назар аудару ескерерлік жайт. Облыстағы тарихи-мәдени ескерткіштерге байланысты айтылған кемшіліктер ретке келтірілуі керек. Театрларда, кинотеатрларда қойылатын спектакльдердің, көрсетілімдердің идеологиялық мазмұнына бақылауды күшейтуді қолға алуымыз қажет. Алдағы атаулы күндерде қоғамдық тәртіпті сақтау қамтамасыз етілуі тиіс, – деді С.Сәлемов.
Жалпы, басқосу барысында осы жылға арналған міндеттер айқындалып, жауаптыларға салалар бойынша жұмыстың сапасын арттыруға бағытталған тиісті тапсырмалар берілді.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ




