Жиын қасиетті Құран Кәрім аяттарын оқумен ашылып, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы ел амандығы мен тыныштығы үшін дұға тіледі. Сондай-ақ, ҚМДБ Төрағасы еліміздің әр өңірінен келген өкілдіктердің бас имамдары мен дін қызметкерлерінің бір жыл бойы атқарған еңбегіне оң баға беріп, алдағы қызметтеріне сәттілік тіледі.
Сондай-ақ басқосу барысында дін саласындағы үздік қызметкерлер мен үлгілі мешіттерге «Жыл үздіктері» марапаттары табысталды. Биыл «Үздік аудандық мешіт – 2025» номинациясына Қордай аудандық мешіті лайық деп танылды.
Салтанатты жиында Бас мүфти марапатты табыстап, мешіттің өңірдегі діни-рухани жұмыстарды жүйелі жүргізіп келе жатқанын атап өтті. Сондай-ақ Жамбыл облысының бас имамы Асқар Зәкіржанұлына және Қордай ауданының бас имамы Әлімұхаммед Егізбаевқа ризашылығын білдірді.
Айта кетейік, Қордай аудандық мешіті Қордай ауданы, Қордай ауылында орналасқан. Ғибадат үйі 2005 жылы Халықаралық жастар қоғамының президенті Саид Саюми мен аудан әкімдігінің қолдауымен салынған. Мешіт бір мезетте 800 адамға дейін жамағат қабылдай алады. Жалпы жер аумағы 13 206 шаршы метрді құрайды.
Ғимараттың намаз оқитын үлкен залы 324 шаршы метр, дәлізі 12 шаршы метр. Іргетасы бетоннан құйылып, қабырғасы күйдірілген кірпіштен қаланған, шатыры профнастилмен жабылған. Нысанның жалпы биіктігі 5 метр, ал алдыңғы сол жағында 11 метрлік мұнара бой көтерген. Мешіттің ортасында 9 метрлік күмбез орнатылған. Ғимаратта заманауи үлгіде жасалған 15 терезе мен 2 есік бар. Ауласы толықтай темір шарбақпен қоршалған.
Мешіт аумағында жамағатқа барлық жағдай жасалған. Атап айтқанда, үсті жабылған 336 шаршы метрлік жазғы намазхана, асхана, екі қабатты толық жабдықталған дәрісхана, кеңсе, бас имам бөлмесі, неке залы, Құран оқитын бөлме, әйелдер залы, қарауылхана, дәретхана және екі бөлмелі қызметтік үй орналасқан.
Жамағаттың белсенділігі де жоғары. Орта есеппен бес уақыт намазға 40 адам, ал жұма намазына 900-ге жуық жамағат жиналады. Мешіттің орналасу ыңғайлылығы, дәрет алуға қолайлы жағдайы, қызметтік көлігінің болуы, ішкі бөлмелерінің жүйелілігі мен ғимараттың сәулеттік талаптарға сай салынуы – оның барлық жағынан озық екенін көрсетеді.
Аталған марапат – Қордай ауданындағы діни қызметтің нәтижелі жүргізіліп, мешіттің ел бірлігі мен рухани тұрақтылықты нығайту жолында маңызды рөл атқарып келе жатқанын айғақтайды.
Айжан ӨЗБЕКОВА




