Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Кәсіпкерлерді қолдау қарқынды жалғасады

Кәсіпкерлерді қолдау қарқынды жалғасады
РСК
Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Айдар Абдықадыровтың қатысуымен «Синергия және өсу жылы: 2025 жылғы қорытынды талдау, инвестициялық стратегия және 2026 жылға арналған салалық басымдықтар» тақырыбында брифинг өтті.

Баспасөз мәслихатында 2025 жылы өңірде кәсіпкерлікті қолдау, инвестиция тарту, бизнес құқықтарын қорғау және адами капиталды дамыту бағытында атқарылған жұмыстар қорытындыланды.

Айдар Қайнарұлының айтуынша, өткен жыл кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау тұрғысынан нәтижелі кезең болыпты. Жыл қорытындысы бойынша палатаға бизнес субъектілерінен 110 өтініш келіп түсіп, 68-і немесе 61,8 пайызы оң шешімін тапқан. Бұл көрсеткіш алдыңғы жылмен салыстырғанда шешілген мәселелер санының 46 өтінішке немесе 32,3 пайызға артқанын көрсетеді. Өтініштердің негізгі бөлігі жер қатынастары, білім беру және мемлекеттік сатып алулар салаларына тиесілі. Қорғалған мүліктік құқықтардың жалпы сомасы 878 миллион теңгені құраған.

– Біз кәсіпкердің мәселесіне формалды есеп ретінде қарамаймыз. Әрбір өтініштің артында нақты адам, нақты өндіріс, нақты жұмыс орны тұр. Сондықтан палатаның басты міндеті – тек салдарын жою емес, сол мәселеге алып келген себептерді анықтап, оны жүйелі түрде шешу. Егер бір кәсіпкердің құқығы қорғалса, бұл – бүкіл бизнес қауымдастығы үшін жетістік, – деген Айдар Қайнарұлы 2025 жылы палатаға 131 нормативтік-құқықтық акт жобасы келіп түскенін жеткізді.

Оның бірқатарына кәсіпкерлердің мүддесін қорғауға бағытталған ұсыныстар беріліп, кейбір жобалар бойынша бизнестің мүддесіне қатысы жоқ екендігі жөнінде қорытынды жолданған. Бұл жұмыс кәсіпкерлік қызметке артық әкімшілік жүктеме түсірмеуге және құқықтық ортаның сапасын арттыруға мүмкіндік берген.

Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі кеңес аясында 11 отырыс өткізіліп, онда 14 мәселе қаралыпты. Кеңес жұмысының нәтижесінде бірқатар ұсынымдар енгізіліп, олардың басым бөлігі қанағаттандырылған. Палатаның ұсынымдары негізінде жауапты лауазымды тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылыпты. Сонымен қатар палата кәсіпкерлердің мүддесін қорғау мақсатында сот процестеріне қатысып, 201 миллион теңге көлемінде бизнес субъектілерінің құқықтарын қорғауға қол жеткізген. Прокуратура органдарымен бірлескен жұмыс нәтижесінде кәсіпкерлерге қатысты бірқатар тексеру алынып тасталып, мәселелер шешілген.

– Инвестиция бағыты бойынша да атқарылған жұмыстар ауқымды. Палата инвестициялық жобаларды жүйелі түрде мониторингтен өткізіп, инвесторлармен өзара іс-қимылды екі интерактивті платформа арқылы жүзеге асырып келеді. Ұлттық кәсіпкерлер палатасының интерактивті инвестициялық картасына ондаған өңірлік жоба енгізіліп, мыңдаған жұмыс орындарын құруға негіз қаланды. Ұлттық цифрлық инвестициялық платформада құны ірі инвестициялық жобалар орналастырылып, олардың жүзеге асырылуы тұрақты бақылауда.

Инвестиция – бұл тек қаржы көлемі емес, бұл сенімнің көрсеткіші. Инвестор өңірге келген кезде оның мәселесі ескерусіз қалмайтынына, ал туындаған кедергілер заң аясында әрі жедел шешілетініне көз жеткізуі керек. Осы бағытта палата, әкімдік және прокуратура арасындағы бірлескен жұмыс инвесторларды қорғаудың жаңа мәдениетін қалыптастырып келеді. Біз үшін басты мақсат – өңірді инвестиция үшін қауіпсіз әрі болжамды алаңға айналдыру, – деді Айдар Қайнарұлы.

Жалпы брифинг барысында 2025 жыл өңір кәсіпкерлігі үшін нақты нәтижелер мен жүйелі өзгерістер жылы болғаны атап өтілді. Ал 2026 жылға арналған салалық басымдықтар қол жеткізілген жетістіктерді нығайтып, бизнес, инвестиция және адами капиталды бір арнаға тоғыстыруға бағытталмақ.

Айжан ӨЗБЕКОВА

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар