Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Халық аманатын орындау маңызды

Халық аманатын орындау маңызды
Автор
Облысымызға арнайы іссапармен келген ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары 5 қаңтардан бастап Тараз қаласы мен облыстағы 10 ауданды аралап, жергілікті халықпен жүздесті. Осы аралықта депутаттар білім беру, денсаулық сақтау, ауылшаруашылығы, кәсіпкерлік пен өнеркәсіп салаларындағы өзекті мәселелермен танысып, бірқатар әлеуметтік нысандарды аралады. Түрлі ұжымдармен кездесіп, тұрғындарды жеке сұрақтары бойынша қабылдап, түйткілді мәселелерді бірге талқылады.

Кеке іссапар қорытындысы ретінде Мәжіліс депутаттары Мұқаш Ескендіров, Гүлдара Нұрым және Әбутәліп Мүтәлі «AMANAT» партиясы облыстық және Тараз қалалық мәслихаттарындағы депутаттық фракция мүшелерімен арнайы кездесті.

Кездесу барысында партияның Сайлауалды бағдарламасының өңірде іске асырылу барысын, заңнамалық деңгейде қолдауды қажет ететін мәселелерді және мәслихат пен Мәжіліс депутаттарының өзара үйлесімді жұмысын арттыру жолдарын талқылады. Сонымен қатар ауыл әкімдерінің құзыреттілігін күшейту мен жергілікті басқаруды нығайту мәселесі де күн тәртібіне шығарылды.

– Бүгінгі кездесудің басты мақсаты – партиямыздың Сайлауалды бағдарламасының өңірде қалай іске асып жатқанын талдау және осы бағыттағы жұмысты одан әрі жүйелеу. Мәслихаттағы әріптестерімізбен бірлесіп, жергілікті жердегі түйткілді мәселелерді заңнамалық деңгейде шешудің жолдарын қарастырудамыз. Ауыл әкімдерінің құзыретін кеңейту – уақыт талабы. Бұл жергілікті өзін-өзі басқаруды күшейтіп, халықтың мұң-мұқтажын жедел шешуге мүмкіндік береді. Сондықтан біз мәслихат пен Мәжіліс арасындағы үйлесімді байланысты одан әрі нығайта түсуіміз қажет, – деді Мұқаш Ескендіров.

Ал өз кезегінде Гүлдара Нұрым аудан, ауылдарды аралау барысында бірқатар мәселелерге көз жеткізгенін тілге тиек етті. Ел-жұртпен жүздесу барысында сөз етілген және өзі байқаған шешімін күткен түйткілдердің түйінін тарқату жайын әңгіме өзегіне айналдырды. Мәселен, депутат Қордай және Шу аудандарының арасындағы жолды жөндеу кезек күттірмейтін мәселе екеніне тоқталды.

– Аудан, ауылдарды аралау барысында халықтың көтеріп отырған мәселелерімен тікелей таныстық. Әлеуметтік нысандардың жағдайы, инфрақұрылым мен қызмет сапасына қатысты әлі де атқарылатын жұмыстар бар. Әсіресе, Қордай мен Шу аудандарының арасындағы жол мәселесі тұрғындар үшін өте өзекті. Бұл тек көлік қатынасына ғана емес, жалпы экономикалық, әлеуметтік байланыстың дамуына да тікелей әсер ететін фактор. Сондықтан осы мәселені кезек күттірмейтін, шұғыл шешімді қажет ететін мәселе ретінде қарастыруымыз керек, – деді Гүлдара Нұрым.

Депутат Әбутәліп Мүтәлі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жылды «Цифрландыру және жасанды интеллект» жылы деп жариялғанына тоқталып, өңірді қолжетімді интернетпен қамтамасыз ету жайын қозғады.

– Мемлекет басшысы осы жылды «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» деп жариялады. Бұл – еліміздің дамуына серпін беретін стратегиялық шешім. Алайда, цифрландыруды толық жүзеге асыру үшін ең алдымен сапалы әрі қолжетімді интернетпен қамтамасыз ету қажет. Әсіресе, шалғай ауылдардағы интернет жылдамдығы мен тұрақтылығы – тұрғындар тарапынан жиі көтерілетін мәселе. Сондықтан бұл бағытта жүйелі жұмыс атқаруымыз қажет. Цифрлық теңсіздікті жою – баршамыздың ортақ міндетіміз, – деді Әбутәліп Мүтәлі.

Кездесу барысында бірқатар өзекті мәселелер көтеріліп, ортақ талқылауға түсті. Атап айтқанда, өңірде туризмді дамыту, шаруаларға берілетін субсидия көлемін арттыру, әлеуметтік нысандарды жобалауда бірыңғай жүйе қалыптастыру туралы ұсыныстар айтылды. Сонымен қатар мүмкіндігі шектеулі азаматтарға күтім жасайтын жандарға төленетін жәрдемақыны көбейту, облыста тұқымшаруашылығын дамыту, «Ауыл аманаты» жобасы аясында берілетін несиенің көлемін ұлғайту және әлеуметтік сала мамандарының жалақысын қайта қарау мәселелері қозғалды.

Тараз қаласының Қолөнершілер қаласы ретінде қалыптасуы – үлкен мүмкіндік. Осы бағытта мемлекет тарапынан нақты қолдау көрсету қажеттігі де депутаттар назарына ұсынылды.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар