Биылғы «SERPIN WAY 2.0» керуені ауқымын кеңейтіп, сапалық жаңа кезеңге көтерілді. Жаңа бағыт 14 қала мен 16 ауылдық елді мекенді, аудан орталықтарын қамтып отыр.
Аталған керуен Петропавл қаласынан 31 наурыз күні сапарға шықты. 23 күнге созылатын экспедиция барысында университет оқытушылары, студенттер мен қызметкерлер, қоғам қайраткерлері және қалалық мансап орталығының өкілдерінен құралған топ Қазақстан бойынша 6 мың шақырымнан астам жол жүріп өтеді. Керуен Қарағанды, Жетісу, Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан және Ақтөбе облыстарын аралап, жергілікті әкімдік өкілдерімен, мектеп бітіруші түлектермен және олардың ата-аналарымен кездесулер өткізуде.
Жоба аясындағы ақпараттық топ бірер күн бұрын облысымызға арнайы ат басын бұрып, Қордай, Т.Рысқұлов, Меркі аудандарында кәсіби бағдар беру жұмыстарын жүргізді. Кездесулер барысында жобаның мақсаты мен мемлекеттік бағдарламаның артықшылықтары егжей-тегжейлі түсіндірілді. Сондай-ақ университет өкілдері болашақ талапкерлерге оқу орны ұсынатын мүмкіндіктер мен мемлекеттік жеңілдіктер туралы ақпарат берді.
Сапардың финалдық кездесуі кеше Тараз қаласындағы №69 мектепте ұйымдастырылды. Оқушылар мен ата-аналарға арналған іс-шараға танымал блогер Бурахан Даханов қатысып, жастарға Солтүстік өңірдің көпшілік біле бермейтін танымдық қырларын баяндады.
«SERPIN WAY 2.0» жобасының жетекшілерінің бірі, университеттің маркетинг бөлімінің басшысы Олжас Мұхтардың айтуынша, бұл сапар ректор Ербол Исақаевтың бастамасымен қолға алынып, Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылып отыр. Керуен Жамбыл жеріне табан тірегенге дейін 9 өңірді аралап үлгерген. Енді Түркістан мен Қызылорда облыстарына баруды жоспарлауда.
– Сапардың түпкі мақсаты – «Серпін» бағдарламасына жаңа серпіліс беру. Соңғы он жыл ішінде бұл бағдарлама мыңдаған жас қазақстандық үшін әлеуметтік мүмкіндіктер алаңына айналып, еңбек күші артық өңірлердің жастарына сапалы білім алып, кадр тапшылығы бар аймақтарда жұмыс табуға жол ашты. Бір айта кетерлігі, Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті 2014 жылдан бастап «Серпін» бағдарламасын іске асыруға қатысып келеді. Осы жылдар ішінде 1 400-ден аса оңтүстік өңірлердің жастары оқу орнында білім алып, түлеп ұшты. Өткен жылы бағдарламамен оңтүстіктен 130-ға жуық студент оқуға қабылданды. Ең бастысы, студенттерімізге жайлы жағдай жасауды бірінші орынға қоямыз. Университетте 4 студенттер үйі бар. Оқуға түскен балаларды 4 жыл бойы жатақханамен толық қамтамасыз ете аламыз, қазірдің өзінде 600-ге жуық бос орын дайын тұр. Оқу бітіргеннен кейінгі жұмыс мәселесі де назардан тыс қалмайды. Жалпы мемлекеттік гранттарда үш жылдық міндетті жұмыс өтеу мерзімі болса, «Серпін» бағдарламасы бойынша бұл мерзім екі жылға дейін қысқарған. Біздің университет мансап орталығы және көптеген ірі компаниялармен тығыз байланыста болғандықтан түлектеріміздің Солтүстік Қазақстан өңірінде жұмысқа орналасуына қатысты еш қиындық туындамайды, – дейді Олжас Маратұлы.
«SERPIN WAY 2.0» керуенінің сапары 23 сәуірге дейін жалғасады.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ



