Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Асқар тау алыстаған сайын биіктей береді

Асқар тау алыстаған сайын биіктей береді
А.Рысмахан
Биыл көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаевтың туғанына – 114 жыл. Ұлт тарихында өшпес із қалдырған тұлғаның туған күніне орай Тараз қаласындағы еңселі ескерткішіне гүл шоқтары қойылып, рухына тағзым етілді.

Іс-шараға облыс әкімі Ербол Қарашөкеев, облыстық және қалалық мәслихаттардың, қоғамдық және ардагерлер кеңестерінің төрағалары, зиялы қауым өкілдері, ардагерлер мен белсенді жастар қатысты.

Жиналған қауым ел тарихында өшпес із қалдырған ұлы тұлғаның жарқын бейнесін еске алып, рухына тағзым етті.

Белгілі журналист, қоғам қайраткері Жанабай Миллионов өз сөзінде ұлы тұлғаның халқымен біте қайнасқан тағдырына ерекше тоқталды.

Іс-шара барысында Дінмұхамед Ахметұлының адамдық болмысы мен биік тұлғалық қасиеттеріне ерекше мән берілді. Қарапайымдылығы мен принципшілдігі, жоғары адамгершілігі мен айналасындағы адамдарға деген терең құрметі ел жадында мәңгі сақталғаны айтылды.

– Бүгін өте ерекше күн. Қазақ халқының дара тұлғасы, ұлт жанашыры Дінмұхамед Қонаевтың туған күні. Ескерткішіне гүл шоқтары қойылып, ізгі іс жасалып жатыр. Дінмұхамед Қонаев – елге нағыз жанашыр болған, әр қазақтың жүрегіне еніп кеткен, жастардың жол бастаушысына айналған дара тұлға. Оның жасампаз істерін ұмытпау, есімін ұлықтау – ұрпақ парызы. Халықаралық Қонаев қорының облыстық филиалы бұл парызды үнемі есінде ұстайды. Дара тұлғаға арналған спорттық жарыстар, мүшайралар, «Қонаев оқулары» үнемі ұйымдастырылып келеді. Ақсақалдың көзін көрген, тәрбиесін алған тұлғалармен де кездесу ұйымдастырып, бүгінгі жас ұрпаққа таныстыру жолында да нақты жоспармен жұмыс істеп жатырмыз. Осы іс-шара барысынан да дана ақсақал Қонаевқа деген халықтың шексіз ықыласын көріп, толқып тұрмыз, – деді халықаралық Қонаев қоры облыстық филиалының төрағасы Қибат Асқарбеков.

Дінмұхамед Ахметұлының елге адал қызметі мен мемлекетке, қоғамға деген шынайы әрі кәсіби көзқарасы көптеген буын үшін өнеге болып қала бермек. Қазақ халқының ардақты перзентінің өмір жолы – әділдік пен парасаттың, елге қалтқысыз қызмет етудің жарқын үлгісі.

Ақтоты БЕКЕНҚЫЗЫ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар