Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Шаңырақ шайқалмасын десек...

Шаңырақ шайқалмасын десек...
Автор
Адам өміріндегі ең қастерлі құндылықтардың бірі – отбасы. Отбасының берекесі мен бірлігін сақтау әйел мен ер азаматтың өзара жауапкершілігіне байланысты. Әйел – отбасының ұйытқысы болса, ер адам – оның тірегі. Алайда қазіргі таңда түрлі әлеуметтік және тұрмыстық себептерге байланысты бақытты отбасылардың ыдырау жағдайлары жиі кездесуде.

Қазіргі қоғамда әйелдердің еңбек қызметіне белсенді араласуы отбасындағы кейбір мәселелердің туындауына әсер етуде. Әйелдің күнделікті жұмыста болуы салдарынан кей жағдайларда балалар мен отбасының басқа мүшелері тиісті деңгейде қараусыз қалуы мүмкін..

Ананың күн сайын үйден тыс жерде еңбек етуі нәтижесінде туындайтын маңызды мәселелердің бірі – балалардың жеткілікті қамқорлық пен мейірімге зәру болуы. Балалар азық-түлікке қалай мұқтаж болса, ананың жылуына да сондай дәрежеде мұқтаж. Кейбір жағдайларда ата-ананың қарауынсыз қалған балалар уақыттарын ұялы телефон мен түрлі электронды құрылғыларға арнап, өміріне қауіп төндіретін ойындарға әуестенеді. Мұндай әдеттер баланың денсаулығына кері әсер етіп, ми қызметінің әлсіреуіне, көру қабілетінің төмендеуіне және ұйқының бұзылуына алып келеді. Сонымен қатар ұзақ уақыт гаджет пайдалану агрессивті мінез-құлықтың қалыптасуына, шығармашылық қабілеттердің тежелуіне ықпал етеді. Электромагниттік сәулеленудің әсерінен дене бітімінің бұзылуы, сколиоз секілді патологиялардың пайда болу қаупі де артады.

Сонымен қатар кейбір ер азаматтардың ойынқұмарлыққа салынып, қарызға батуы салдарынан да отбасының берекесі бұзылуда. Мысал ретінде, дағдарыс орталықтарына жүгінген отбасылардың басым бөлігінде тұрмыстық жанжалдардың ішімдікке салыну мен ойынқұмарлықтың салдарынан туындағаны анықталған. Мұндай жағдайларда жасөспірім балалар психологиялық тұрғыда зардап шегіп, мінез-құлқында өзгерістер байқалады. Осы себепті отбасылар дағдарыс орталықтарынан көмек сұрауға мәжбүр болады.

Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған отбасыларға сегіз бағыт бойынша әлеуметтік, психологиялық және құқықтық қызметтер көрсетіліп, олардың қайта табысуына жағдай жасалады. Өткен жылдың қорытындысы бойынша 43 адам, оның ішінде 9 әйел және 34 кәмелетке толмаған бала өз отбасыларына қайта оралды.

Ер адам мен әйелдің құқықтары заң алдында тең болғанымен, жаратылысы мен табиғаты жағынан ерекшеліктер бар. Олар бір-бірін толықтырып, өзара үйлесімде өмір сүруі тиіс.

Әйел нәзік бола тұра, өмірдің көптеген қиындықтарына байыпты шешім қабылдай алатын тұлға. Ер адам күшті болғанымен, кей жағдайда әйелдің ақылы мен қолдауынсыз қиындықтарға төтеп беруі мүмкін емес. Бүгінде әкенің де, ананың да міндетін қатар атқарып жүрген әйелдер аз емес. Дегенмен ұлттық құндылықтарымыз бен менталитетімізде ер азаматтың орны әрдайым жоғары болуы тиіс.

Әкенің қамқорлығы мен ананың мейірімі отбасындағы тұрақтылықтың кепілі. Әйелдің қадірін барында бағалап, отбасындағы берекені сақтай білсек, көптеген шаңырақтың шайқалуының алдын алуға болады. Бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербеткен асыл аналарымыздың амандығы – ел болашағының кепілі.

Гүлзат НҮРКЕЕВА,

Қордай аудандық дағдарыс орталығының

әлеуметтік жұмыс жөніндегі маманы

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар