Тараздағы тілсіз жаудан зардап шеккен тұрғындарға барлық көмек көрсетілуде
- author AR-AY
- 5 қаңтар, 2026
- 32
2025 жылдың 31 желтоқсанында кешкі сағат 22:18 шамасында Тараз қаласының «Қарасу» (5) шағын ауданында орналасқан №15 бес қабатты, 90 пәтерлі тұрғын үйде өрт шықты. Алдын ала мәліметке сәйкес, тілсіз жау ғимараттың 5-қабатындағы балконнан тұтанып, кейін шатырға ұласқан. Шатырдың жану аумағы шамамен 900 шаршы метрді құрады.
Өрт сөндіру бөлімшелері оқиға орнына жедел жеткен сәтте балкон мен шатыр ашық отқа оранып жатқан. Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында баспалдақ арқылы 273 адамды эвакуациялады.
Өрт сағат 23:41-де толықтай оқшауланды. Оқиға орнында 3 жауынгерлік учаске жұмыс істеп, 7 су оқпаны қолданылды. Жалпы өртті сөндіруге 62 адам мен 22 техника жұмылдырылды. Қоғамдық тәртіпті Полиция департаментінің қызметкерлері қамтамасыз етті. Абырой болғанда, зардап шеккендер жоқ.

Төтенше жағдайға байланысты оқиға орнында жылыту пункттері ұйымдастырылып, жедел штаб құрылды. Штабқа Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков жетекшілік етуде.
Шаһар басшысының тапсырмасына сәйкес, зардап шеккен тұрғындар үшін №25 орта мектеп базасында эвакуациялау пункті ашылды. Ал уақытша баспанасы жоқ 20-дан астам тұрғын, оның ішінде 5 бала «Жасмин» және «24/7» қонақ үйлеріне орналастырылып, ыстық тамақпен және жатын орынмен толық қамтамасыз етілді.
Қазіргі таңда өрттің шығу себептерін анықтау бойынша тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар, тұрғын үй аумағында таңға дейін кезекшілік ұйымдастырылып, бұл мақсатта аудан әкімдігі, Төтенше жағдайлар департаменті және полиция қызметкерлері жұмылдырылды.
Оқиға орнына облыс әкімі Ербол Қарашөкеев пен қала әкімі Бақытжан Орынбеков барып, жағдаймен жеке танысты.
Арнайы комиссия құрылып, барлық тұрғындармен кездесу өткізіліп, әр пәтер бойынша келген шығын көлемін есептеу жұмыстары басталды. Сонымен қатар мердігер ұйымдар шатыр жабындыларын алып, қалпына келтіру жұмыстарын қолға алды. Қазіргі таңда жағдай толық бақылауда.




