Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Аяз ата екен десем...

Аяз ата екен десем...
Автор
Қазіргі балаларды қайдам, біз бала кезімізде Жаңа жыл мерекесінің түрлі қиял-ғажайыптарына күмәнсіз сенетінбіз және сол бір ертегі әлемін шынайы сезінетінбіз...

Әлі есімде, інім бірінші сыныпқа барған жылы мектептегі алғашқы Жаңа жыл кешіне қатты дайындалған еді. Қолында қамшы, Жаяу Мұсаның «Ақсиса» әнін шырша мерекесінде шырқайтын болып, үйде күніге қызу «репитиция» жасайды.

Содан асыға күткен Жаңа жыл кеші де келді. Өнер көрсету кезегі ініме келгенде, сахнаға шығып әнін шырқай жөнелді. «Әп, бәрекелді!» дескен жұртшылық қошемет көрсетіп, ініме риза болуда. Осыдан ерекше қанаттанып кетсе керек інім «Ақсисаның» өзіндік иіріміне орай даусын қатты зорайтып, әнді барынша қатты айтты. Бір кезде «Шорманның Мұстафасына» ашуланып кетіп, қолындағы қамшысын қатты сермеп қалды. Онысы балалардың қызықты кешінің айтулы қонағы болып тұрған Аяз атаның ақ сақалына тиіп, жапсырманы іле кетпесі бар ма?! Баланың тосын ісіне дауа бар ма, Аяз ата да, көрермен де ду күлсін! Тап осы сәтте әнін кілт үзген інім: «Сізді расымен де Аяз ата екен десем, Мұхтар ағай екенсіз ғой» деп қойып қалғаны.

Залдағы күлкі одан сайын үдей түсті. Аяз атамыз «Ақсисаның» орындаушысына сыйлығын ұсынды да, қамшы ұшындағы мақта сақалын жалма-жан алып, сахнадан ығыса берді... Інім тағы қарап қалмай: «Сіз жаңа өз сөзіңізде сендерге асқар-асқар таулардан жетіп, өз сыйлығымды әкелдім дегенсіз. Ал мынауыңыз кеше анам Тараздан әкелген сыйлық қой. Неге алдайсыз?» деп қапаланды. Баланың бұл назын Аяз атамыз жүре тыңдап кете барды... Ал інімнің Аяз атаға, оның сыйлығына, Жаңа жыл кешіне деген қызығушылығы содан кейін су сепкендей басылып қалды.

Соңғы жылдары білім ошақтарында Аяз атаның қоржынына салатын сыйлықты ата-аналардың өзіне дайындату үрдіске айналып кеткені қателік болды деп ойлаймын. Тіпті, кей ата-аналар сыйлықты баласынан беріп жіберіп, «ертең саған осыны Аяз атаң береді» дей салады немқұрайдылықпен.

Қайта біздің кішкентай кезімізде бәрі шынайырақ еді. Апайларымыз бізге «неғұрлым өлең, тақпақтарыңды жақсы айтсаңдар Аяз аталарың ең әдемі сыйлығын сендерге ұсынады» дейтін. Біз соған қатты иланып, өлең-жырымызды дайындап, жылына бір-ақ рет көретін Атаның қоржынындағы тартуын алғанша тағат таппаушы едік. Тіпті, әлгі атамыз ортамыздан кеткенше оның мектептегі ағайларымыздың бірі екендігін де білмейтінбіз. Бәрі сенімді, нанымды шығатын.

Ал қазіргі балалардың қиялын, арманын селт еткізу қиын. Олар ештеңеге сенбейді. Өйткені, Аяз атаға өзі сыйлық беріп, ертесіне оны қайта алады. Содан да болар, бұл күнді асыға күтпейді де. Себебі сыйлыққа не аларын өзі біледі. Қызық емес. Осы жағын ата-аналар, білім ошақтарының ұйымдастырушылары келешекте ескеріп, балалаларға нанымды болатын жақтарын ойластырса дейсің. Жаңа жыл қарсаңында осы оқиға үнемі есіме түседі...

Фариза ӘБДІКЕРІМОВА,

журналист

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар