Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Тамақты талғаммен тұтынған жөн

Тамақты талғаммен тұтынған жөн
Автор
Әне-міне дегенше Жылан жылы да артта қалды. Бүгін 2025 жылдың соңғы күні. Ел-жұрт Жылқы жылын лайықты қарсы алу үшін қызу дайындыққа кіріскені маңайдағы адамдардың іс-әрекетінен оп-оңай аңғарылады.

АШЫҒАН ТАМАҚ АҒЗАҒА ЗИЯН

Жаңа жыл қарсаңында сағат тілі түнгі 00.00-ді соққаннан кейін туған туыс, көрші-қолаң, дос-жаран бір-бірін мерекемен құттықтап, әрқайсысының үйінен дәм тататыны бар. Әр үйде түрлі тағамнан бастап, салаттың, тәттінің, ет өнімдерінің неше түрі дастарқанда самсып тұратыны анық. Мұндай аста-төк тағамды бір күнде тауысу мүмкін емес. Сондықтан артылған тағам екі-үш күнге дейін тоңазытқышта сақталатыны шындық. Жоқтықтан емес, «обал болады» дейтін қазақ күмәнді тағамды қоқысқа тастауға қимай, ашып кеткеніне анық көзі жетпесе, ары қарай да тұтына беретіні белгілі.

Мамандардың айтуынша, тамақтан уланудың басым бөлігі жаз мезгілінде және дәл осындай мереке күндері тіркелетін көрінеді. Мерекелік көңіл күйдің соңы әуре-сарсаңға ұласпас үшін үй жағдайында дайындалған, ұзақ уақыт тұрып қалған салаттарды, әсіресе ет өнімдерін байқап тұтынған жөн.

– Осыдан оншақты жыл бұрын қаңтардың екісі күні досымның үйіне Жаңа жылмен құттықтап бардым. Әйелі дастарқан жайды. Өзі пысық келіншек еді, көп кідірмей тоңазытқыштан жылқының жілігін шығарып, оны майдалап турап, майға қуырып әкелді. Жаңа жылдың «символы» саналатын оливье салаты да үстелге қойылды. Ол кезде аздап ащы су ішетін әдетіміз бар еді. Бір кезде күйеуі асүйде жүрген келіншегін шақырып алып: «Мына салатың ашып кетіпті ғой, үйге келген қонақты өлтірейін деп жүрсің бе?» – деді.

Мен де арасында сол салатты шетінен түртіп жеп отырғанмын. Маған ашығандай көрінбеді. Салаттың бұзылмағанын айтқанымда досым бір ыдыстағы салаттың өзі жеп отырған бөлігінен ауыз тигізді. Сол сәтте жүрегім көтеріліп кетті. Шынында салат ашып кеткен екен. Өзім де аң-таңмын. Бір ыдыста тұрған астың бір шеті ашып кеткен, ал екінші жағы әлі қалпында.

Сол күні мен мына нәрсені анық түсіндім. Тағамды бактерия бір шетінен бастап бүлдіреді екен. Сондықтан екі адам бір ыдыстан ас ішіп, біреуі уланып, екіншісіне ештеңе болмауы әбден мүмкін. Абайламаса қиын, – деді Марат есімді бір таныс жігіт.

Жалпы қоғамдық тамақтану орындарында, тіпті үй жағдайында дайындалған тағамды тұтынарда да сақтыққа мән берген абзал. Одан бөлек, кейбір дүкендердің сөрелерінде сапасыз немесе жарамдылық мерзімі өтіп кеткен азық-түлік өнімдері тұра беретіні де жасырын емес. Тұтынушы тауардың қаптамасына мән бермей өнімді ала салса, оның соңы денсаулыққа зиянын тигізуі мүмкін. Сондықтан қай кезде де сапаға мән берген артық болмайды. Тамақты талғаммен тұтыну арқылы әркім өз денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз етуі керек.

Осы орайда біз облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Салтанат Әлібаеваға хабарласып, биыл тамақтан уланудың қанша дерегі тіркелгенін, улану оқиғаларының қанша пайызы үй жағдайында, қанша пайызы қоғамдық тамақтану орындарында, қаншасы мектеп немесе басқа да мекеме асханасында орын алғанын сұрап білдік.

– Есепті кезеңде 7 зардап шеккен адамға қатысты «Ботулизм» диагнозымен өтетін тамақтан уланудың 6 жағдайы тіркелді. Бағымызға орай өлім-жітім болған жоқ. Бір айта кетерлігі, аурудың нақ осы жағдайлары үйде дайындалған өнімдерді қолданумен байланысты болып отыр. Сондай-ақ 48 зардап шегушіге қатысты тамақтан уланудың 4 жағдайы тіркелді. Барлық жағдайлар бойынша Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексінің талаптарына сәйкес тергеу және жоспардан тыс тексерулер жүргізілді. Қазақстан Республикасының заңнамасының шеңберінде кәсіпкерлер меншік нысанына және сауда көлеміне қарамастан, өткізілетін өнімнің қауіпсіздігі үшін жауап береді. Тамақтан улану сауда немесе тамақтану объектісімен байланысты екендігі расталған жағдайда қылмыстық-жазаланатын іс-әрекет белгілерін айқындауға арналған материалдар полиция органдарына жіберіледі. Сондай-ақ Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 304-бабы бойынша іс қозғалады. Бұл қылмыстық іс санитариялық ережелерді немесе гигиеналық нормативтерді бұзғандарға қолданылады. Тергеу нәтижелері бойынша «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» Кодекстің 425-бабының 2-бөлігі бойынша әкімшілік құқықбұзушылық туралы 5 хаттама толтырылып, оның мәні бойынша істі қарау үшін сотқа жіберілді. Сот шешімі бойынша 3 миллион 705 мың 910 теңге сомасына 3 объектіге қатысты айыппұл салынды. Қазіргі таңда 2 материал қаралуда. Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті және аумақтық басқармалар тамақтан уланудың алдын алу бойынша санитариялық-ағарту жұмыстарын жүргізуде. 2025 жылдың есепті кезеңінде 5 брифинг, 58 семинар өтті. Бұқаралық ақпарат құралдарында 85 мақала жарияланса, департаменттің ресми сайтында 48 мақала жарық көрді. Әлеуметтік желілерде 1 320 баспасөз парағы жарияланып, 109 тікелей эфир, 15 сұхбат берілді. 7 бейнеролик пен 6 репортаж жарияланды. 83 «Ашық есік» күні ұйымдастырылып, 14 радиоқабылдағышта сөз сөйленіп, 240 дәріс және 1 497 әңгіме оқылды, – дейді Салтанат Қордабайқызы.

 

ӨТІНІШТЕРДІ ҚАРАУДЫҢ ӨЗ ТӘРТІБІ БАР

Жақында әріптесім Ақтоты Жаңабай облыстық көпбейінді ауруханаға қарама-қарсы орналасқан «Санал» дүкенінен «печенье сатып аламын» деп әуреге түскені бар. Айтуынша, сатып алған өнімінің жарамдылық мерзімі өтіп кеткен екен.

– Сол сәтте асығып жүргендіктен, өнімнің жарамдылық мерзіміне қарауға мұршам болмады. Жұмысқа келіп, шәй ішіп отырып әлгі печеньененің біреуін жеп алдым. Бірақ дәмінде бір өзгешелік барын сездім, тіпті тілімді ұйытып жібергендей болды. Басында оған аса мән бермей, жұмысыма алаңдап отырып, екіншісін жедім. Міне, сол кезде ғана бір шикіліктің барын анық түсіндім. Печеньененің түрі қап-қара болып кеткен, ал дәмі тілге тым жағымсыз еді. Қаптамасын мұқият қарап шықсам, өнімнің жарамдылық мерзімі өтіп кеткеніне екі ай болыпты, яғни қазан айында-ақ аяқталған екен. Осы жайтты білген соң, бірден дүкенге қайта барып, жарамсыз тауарды өткізіп, ақшамды қайтарып алдым. Денсаулыққа қауіпті мұндай жағдайдың орын алғаны өте өкінішті, сондықтан басқаларға да алған затының мерзіміне мұқият болуды ескерткім келеді. Мен де сатып алып жатқан тауарымның жарамдылық мерзіміне әу баста мән бермегендіктен екі рет әреге түстім, – дейді Ақтоты Бекенқызы.

Бір жолы мен де Қ.Тұрысов көшесі 5у мекенжайындағы «Дәмді себет» сауда орталығынан екі бөлке нан сатып алғанмын. Үйге келген соң, балам «Мына нанның дәмі қышқыл» деді. Мен нан сатып алғанда целлофан қалтаға жеке-жеке салынғандықтан, нанның көгеріп кеткенін байқамаған екенмін. Балам өзі кесіп жегендіктен нанның ақ шалған, көк шалғанына мән бермеген. Дұрысы нанның көгеретінін осы уақытқа дейін ол көріп-білмеген болып тұр. Дереу түбіртекті қолыма алып, әлгі сауда орталығына бет алдым. Сатушылар сөзге келмей ақшамды кері қайтарып берді.

Нанның сыртында жарамдылық мерзімі көрсетілмейтіні баршаға белгілі. Дегенмен дүкен әкімшілігі сөреден неге мұндай жарамсыз өнімді алып тастамайды? Олар мұны өздері зерделемей ме? Жалпы мұндай жағдайда не істеу қажет, қандай шара қолданылады және осыған ұқсас шағымдар тіркелген жағдайда қандай жұмыс атқарылады? Міне, біз осы сауалдарға да жауап алдық.

Салтанат Әлібаеваның айтуынша, өтініштерді қарау тәртібі Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі шеңберінде жүзеге асырылады екен. Аталған департамент пен оның аумақтық басқармаларына осы жылдың 11 айында барлығы 980 өтініш келіп түсіпті. Оның ішінде заңды тұлғалардан – 145, жеке тұлғалардан 835 өтініш түссе, олар заңда белгіленген мерзімде қаралған. Оның ішінде қоғамдық тамақтану және сауда объектілеріндегі санитариялық талаптарды бұзу бойынша 225 өтініш түскен, яғни бұл барлық өтініштің 22,9 пайызына тең.

– Мұндай жағдай орын алғанда азаматтар бірден біздің мекемеге шағымдануы қажет. Сол кезде сапасыз не жарамдылық мерзімі өткен тауарды саудалаған дүкен иелеріне заң аясында дәлелді айғақтар арқылы шара қолданылады. Негізінде жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қараудың Әкімшілік рәсімдері Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексімен (ӘРПК) нақты регламенттелген. Азаматтардың тікелей және өз өкілдері арқылы жүгіну, жеке өзі жүгіну, сондай-ақ облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне және оның аумақтық басқармаларына жеке және ұжымдық өтініштер жіберу сынды бірнеше жол арқылы іске асырылады. Мысалы, біздің департаменттің немесе аумақтық басқарманың кеңсесіне жазбаша өтініш беруге болады. Сонымен қатар «Е-Otinish» ақпараттық жүйесіндегі «Электрондық өтініш» бөлімдері арқылы да мәселені шешудің жолы бар. ҚР ӘРПК 4-бабының 1-тармағының 1-тармақшасына сәйкес өтініш – әкімшілік рәсімге қатысушының оның құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін немесе басқа адамдардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін іске асыруға жәрдемдесу туралы өтініш хатын қамтитын өтініш түрінің бірі. ҚР ӘРПК-нің 76-бабына сәйкес, егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, өтініш негізінде қозғалған әкімшілік рәсімнің мерзімі өтініш келіп түскен күннен бастап он бес жұмыс күнін құрайды. ҚР ӘРПК-нің 99-бабына сәйкес шағымды қарау мерзімі шағым түскен күннен бастап жиырма жұмыс күнін құрайды. Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексінің 144-бабының 5-тармағының 3-тармақшасына сәйкес бақылау және қадағалау субъектілерін (объектілерін) жоспардан тыс тексеруге бір жайт негіз болып саналады. Тарқата айтсақ, жеке және заңды тұлғалардың Қазақстан Республикасының заңнамасының талаптарын бұзу бойынша өтініштері дәлелді негіздер мен растайтын дәлелдер болған кезде жоспардан тыс тексеру жүргізіледі, – дейді ол.

 

ТАУАР САПАСЫ ҮНЕМІ БАҚЫЛАУДА

Негізінде санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мамандары кейде дүкенге, базарға немесе қоғамдық тамақтану орнына барып, бірқатар азық-түлік өнімін сатып ала алады. Ондағы мақсат – саудада тұрған өнім талапқа сай ма, әлде заңбұзушылық бар ма, осыны анықтау. Яғни, олар «тауардың жарамдылық мерзімі өтіп кетпеген бе, таңбалануы дұрыс па, сақтау шарттары сақталған ба, сапасы күмәнді емес пе?» деген мәселемен тексеру жүргізеді. Олар негізі алдын ала белгіленген тауарды ғана сатып алады. Бұл іс Кәсіпкерлік кодекс пен қолданыстағы заңнамаға сай жүзеге асырылады екен. Зерделеу жұмысы басталмас бұрын олар сауда орнын мемлекеттік құқықтық статистика органы мен Бас прокуратура белгіленген тәртіп бойынша алдын ала хабардар етеді. Сатып алынған өнім міндетті түрде зертханаға жіберіледі. Онда оның қауіпсіздігі, құрамы, санитарлық талаптарға сәйкестігі жіті тексеріледі. Зерттеу нәтижелері ресми түрде рәсімделеді. Өнімнің нақты қай жерден, қашан, қандай түбіртек негізінде алынғаны да құжатпен дәлелденеді. Егер зертхана қорытындысы бойынша заңбұзушылық анықталса, жедел шаралар қолданылады.

– Бақылау мақсатында сатып алу профилактикалық бақылаудың дербес түрі болып саналады. Оны жүргізу тәртібі Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексімен айқындалады. Сынамалар облыс бойынша Ұлттық сараптама орталығының филиалына сараптама жүргізу үшін жіберіледі. Сараптама барысында сынамалар микробиологиялық, физика-химиялық, токсикологиялық, санитариялық-химиялық, радиологиялық көрсеткіштер бойынша зерттеледі. Талаптарға сәйкес келмейтін өнім анықталған кезде объектілерге тергеп-тексеру жұмыстары жүргізіледі. 2025 жылдың 11 айында бақылау мақсатында сатып алу бойынша барлығы 2074 өнім мен тауар сынамасы алынды. Оның 353-і өз елімізге тиесілі. Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерден – 827, басқа елдерден келген тауар түрі – 894. Оның 912 сынамасы немесе 44 пайызы талапқа сәйкес келмейді. Тарқата айтсақ ҚР аумағында өндірілгені – 62, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерден – 204, басқа елдерден – 646. Кемшіліктерді сөз етсек, таңбалау бойынша – 869, микробиологиялық көрсеткіштері бойынша – 12, физикалық-химиялық көрсеткіштер бойынша – 14, май қышқыл құрамы бойынша – 28. Оның ішінде тамақ өнімдері – 1325 сынама. Тамақ өнімдерінің өз елімізге тиесілісі – 320, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерге қатыстысы – 716, басқа елдер бойынша – 289. Оның – 403 сынамасы немесе 30 пайызы талапқа сай емес. Қазақстан Республикасы бойынша – 57, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерге тиесілі – 176, басқа елдерден келген 170 тамақ өнімі талапқа сай болмай шықты. Оның 360-ында таңбалау бойынша, 12-ісінің микробиологиялық көрсеткіштері, 10-ның физикалық-химиялық қасиеті, 28-інің май қышқыл құрамы дұрыс емес. Анықталған сәйкес келмейтін сынамалар бойынша өнімді кері қайтарып алу түрінде жедел ден қою шараларын қолдану туралы 135 қаулы беріліп, 844,8 келі тауар кері қайтарылып алынды, – дейді Салтанат Әлібаева.

Сонымен қатар 51 нысанға тергеп-тексеру жұмыстары жүргізіліпті. Оның қорытындысы бойынша 37 нысанда кемшіліктер анықталған екен. Ашығын айтқанда, олқылықтың орын алуына тамақ өнімдеріне, тауарға ілеспе құжаттардың ұсынылмауы, декларацияларының болмауы және басқа да жайттар себеп болған. 33 нысанға жалпы сомасы 3 миллион 273 мың 390 теңге айыппұл салыныпты. Ал 4 нысанға өнімді кері қайтарып алу түрінде жедел ден қою шаралары қолданылған.

– Ұсынылған ілеспе жүкқұжаттарға сәйкес өндірушілердің орналасқан аумағындағы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменттеріне шаралар қабылдау үшін 7 хат жолданды. Атап айтқанда Алматы қаласына – 2, Астана қаласына – 1, Солтүстік Қазақстан облысына – 3, Түркістан облысына бір хат жөнелтілді. Өнімге берілген сәйкестік декларациялардың заңдылығын анықтап, оны тоқтату жұмыстарын жүргізу үшін ҚР Сауда және интеграция министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитетінің өз облысымыз бойынша департаментіне 28 хат жолданды. Қазіргі таңда жауап хаттарға сай 28 декларацияның қолданылуы тоқтатылды. Мысалы Қазақстан Республикасының – 4, Ресей Федерациясының – 15, Қырғызстан Республикасының – 2, Түркияның – 2, және Өзбекстанның, Пәкістанның, Ауғанстанның, Иранның, Швейцарияның бір-бір декларациясының қолданылуы доғарылды. Жеке және заңды тұлғалардың өтініштері бойынша 14 нысанға жоспардан тыс тексерулер жүргізілді. Атап айтқанда, тауардың сапасына, таңбалауы сәйкес болмауына, өнімнің сәйкестік декларациясының жоқтығы секілді өзге де мәселелерге назар аударылды. Тексерулердің қорытындысы бойынша 12 нысанда кемшіліктер анықталып, жалпы сомасы 2 152 770 теңгегелік 12 айыппұл салынды. Облыс тұрғындардын ақпараттандыру мақсатында ай сайын Денсаулық сақтау министрлігінің Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің сайтында сәйкес келмейтін өнімдер тізілімі орналастырылады. Тұтынушылар өнімдер туралы шынайы ақпаратқа ие бола отырып, дұрыс таңдау жасай алады. Біз тұтынушыларға тағам өнімдерін сатып алу кезінде қажетті кеңесті де береміз. Ең бастысы, тұрғындар маңыздылығы белгіленбеген бей-берекет сауда орындарынан, қауіпсіздігін растайтын құжат болмаған кезде өнімді сатып алмағаны жөн. Тағам өнімдерін сатып алу барысында жарамдылық мерзіміне, сақтау шарттарына, сырт түріне, таңбалауына мән беру қажет. Бұл ретте өнім туралы ақпаратпен мұқият танысу үшін оны қаптамадан оқуға болады. Қауіпсіздік үшін өндіруші туралы ақпарат болуы тиіс. Әрбір тұтынушы, жарамдылық мерзімі өтіп кеткен тауарларды сатуға тыйым салынатындығын білуі қажет. Сауда кәсіпорындары санитариялық ережелердің талаптарын сақтауы шарт. Техникалық регламентің талаптарына сай тағам өнімдерінің зат таңбасында бірқатар мәліметтер болуы қажет. Ашып айтқанда, тағам өнімінің атауы, құрамы, көлемі, өндірілген мерзімі, жарамдылық мерзімі, сақталу шарттары көрсетілуі керек. Өнімнің өндірушісі, импорттаушысы, мекенжайлары, пайдалану бойынша ұсыныстар және шектеулер де қаптамада тұруы тиіс. Тамақ өнімдерінің тағамдық құндылығының көрсеткіштері және Кеден одағына мүше мемлекеттердің нарығында өнім айналысының бірыңғай белгісі – Еуразиялық сәйкестік белгісі болуы шарт, – дейді Салтанат Әлібаева.

Маманмен тілдескенімізде үй жағдайында дайындалып және ұзақ уақыт тұрып қалған тамақты тұтынбау, сауда сөрелеріндегі тауардың сапасы мен жарамдылық мерзіміне мұқият қарау маңызды екенін баса айтты. Қоғамдық тамақтану орындарында да қайдан, қалай дайындалғанына көз жеткізіп барып қана ас ішкен жөн екен. Осындай қарапайым сақтық шараларын ұстанған кезде ғана келеңсіз жағдайдың алды алынатыны анық.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар