Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Заманауи ойындар – мерекенің жаңа тынысы

Заманауи ойындар – мерекенің жаңа тынысы
Автор
Жаңа жыл адамдарды біріктіріп, ортақ қуаныш сыйлайтын жылы мерекелердің бірі. Бұл күндері тек дастарқан жайып, сыйлық алмасумен шектелмей, мерекелік көңіл күйді арттыратын түрлі ойындар ұйымдастыру дәстүрге айналған. Соңғы жылдары жаңа жылдық ойындар ұжымдарда, достар арасында және отбасылық ортада дәстүрлі ұйымдастырылып келеді. Мұндай ойындар адамдарды жақындастырып, ресми қарым-қатынасты жеңілдетіп, мерекені есте қаларлықтай етеді.

Жалпы жаңа жылдық ойындардың ең басты ерекшелігі – ең бастысы олардың қарапайым әрі баршаға қолжетімді болуында. Мұндай ойындар арнайы дайындықты немесе қымбат жабдықты талап етпейді, керісінше қатысушылардың көңіл күйі мен белсенділігіне негізделеді. Мысалы, «Тайный Санта» ойыны көптеген ұжымда кеңінен ұйымдастырылады. Аталған ойын барысында қатысушылар жеребе арқылы бір-біріне жасырын сыйлық дайындайды. Анонимді формат «интрига» тудырып, адамдарға жағымды эмоция сыйлайды. Бастысы сыйлықтың бағасынан бұрын, оған салынған ниет пен ықылас маңызды саналады. Бірақ пенде болған соң, талғаммен, адамдардың ерекшелігін назарға алуды ұмытпаған жөн.

Сонымен қатар зияткерлік ойындар да мерекелік кештердің ажырамас бөлігіне айналған. Түрлі викториналар, сұрақ-жауап ойындары қатысушылардың белсенділігін арттырып, ортақ тақырыпта әңгіме өрбітуге мүмкіндік береді. Мұндай ойындар Жаңа жыл тарихы, дәстүрлер, танымал фильмдер мен әндер төңірегінде ұйымдастырылады.

Қозғалысқа негізделген ойындар да мерекенің мәнін аша түседі. Мәселен би жарыстары, эстафеталар немесе қарапайым қимыл ойындары адамдарды еркін сезінуге, мерекелік атмосфераға толық енуге көмектеседі. Мұндай ойындар қатысушылардың энергиясын арттырып, күлкі мен шаттыққа толы сәттер сыйлайды.

Ал отбасылық ортада өткізілетін жаңажылдық ойындар отбасы мүшелерін жақындастырады, балалар үшін ерекше әсер қалдырады. Осындай ойындар арқылы Жаңа жыл тек мерекелік күн ғана емес, жылулық пен мейірімнің символына айналады.

Көпшілік арасында кең тараған сыйлықты белгілі бір шартпен беру форматына негізделген заманауи ойындардың да орны бөлек. Соның ішінде есімдерге байланысты ұйымдастырылатын ойын ерекше қызығушылық тудыруда. Бұл ойында әр қатысушы өзінен кейін отырған адамға оның атының бірінші әрпіне сәйкес сыйлық береді. Мысалы, есімі Айгерім болған жағдайда ананас, айна немесе алмұрт сыйлауға болады. Ал келесі әріптесінің аты Шолпан болса, оған шар немесе ш секілді сол әріптен басталатын сыйлық беріледі. Осылайша ойын тізбектеліп жалғасып, барлық қатысушы бір-біріне символикалық сыйлық ұсынады. Бұл формат шығармашылықты талап етеді әрі күлкі мен жағымды эмоцияға толы атмосфера қалыптастырады.

Соңғы кезде жаңа жылдық кештерде түстерге байланысты ойындар да жиі ұйымдастырылады. Бұл ойындар адамдарды топқа бөліп, белгілі бір түсті таңдау арқылы өткізіледі. Арнайы күн белгіленіп, әр топ өзіне түскен түске сәйкес тағамдар немесе сыйлықтар дайындап әкеледі. Мысалы, ақ түсті таңдағандар дастарқанға құрт, сүт, айран, ірімшік секілді ақ түсті тағамдар қояды. Көк түсті таңдағандар көк қаптамадағы немесе сыртқы түсі көк өнімдерді әкеліп, ортақ дастарқанды толықтырады. Нәтижесінде түрлі түске толы, ерекше безендірілген дастарқан жайылып, мерекелік көңіл күй арта түседі.

Түске байланысты ойындардың тағы бір түрі – жеребе арқылы сыйлық таңдау. Бұл форматта әр қатысушыға белгілі бір түс түседі және сол түске сәйкес сыйлық дайындау міндеттеледі. Мысалы, егер бір адамға қызыл түс түссе, ол барлық қатысушыға бірдей қызыл түсті сыйлық әкеледі. Айталық, он адам ойнап жатса, қызыл түсті таңдаған адам он қызға бірдей қызыл түсті шұлық немесе басқа ұсақ заттар сыйлайды. Ал сары түсті таңдаған адам сары түске сәйкес сыйлықтарды дайындайды. Кейін барлық сыйлықтар ортаға жиналып, кезек-кезек немесе жеребе арқылы бөлініп алынады.

Мұндай ойындарда алдын ала келісілген шарттардың болуы маңызды. Әдетте сыйлықтың ең төменгі немесе нақты бағасы белгіленеді. Мәселен, сыйлық құны 1000 теңгеден кем болмауы керек немесе 10 мың теңгеден аспауы тиіс деген секілді талаптар қойылады. Бұл қатысушыларға тең жағдай жасап, ойынның әділ өтуіне ықпал етеді. Сонымен қатар баға шектеуі сыйлық таңдауды жеңілдетіп, артық шығыннан сақтайды.

Жаңа жылдық ойындардың тағы бір артықшылығы – олардың адамдарды еркін әрі ашық болуға жетелеуі. Бірлесіп ойнау, сыйлық дайындау және ортақ дастарқан басында жиналу ұжым ішіндегі сенімді арттырып, жағымды қарым-қатынас қалыптастырады. Әсіресе жұмыс ортасында мұндай ойындар қызметкерлердің бір-бірін жаңа қырынан тануына мүмкіндік береді.

Жаңа жылдық ойындар – мерекенің мазмұнын байытып, ерекше атмосфера қалыптастыратын маңызды дәстүр. Есімдерге, түстерге немесе жеребеге негізделген ойындар қарапайым болғанымен, адамдарға үлкен қуаныш сыйлайды. Мұндай ойындар арқылы Жаңа жыл тек күнтізбедегі дата ғана емес, ортақ күлкі мен жылулыққа толы жарқын естелікке айналады.

А.ОРЫНБАСАРҚЫЗЫ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар