Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Әлем елдері әртүрлі тойлайды

Әлем елдері әртүрлі тойлайды
Автор
Әлем елдері Жаңа жылды салтанатты жағдайда мерекелеп, оған айрықша мән берген. Олардың жылды қарсы алу дәстүрі де бір-біріне ұқсамайды.

Мәселен, Жаңа жылды алғаш рет Панамада қарсы алған кісінің тосыннан қорқып қалуы мүмкін. Өйткені мұнда Жаңа жыл мерекесі өрт сөндіргіш мұнарадағы зор қоңыраудың құлақ тұндырарлық ащы даусымен басталады.

Халық туыстарын, таныстарын, тіпті бейтаныстарын да осы қоңыраудың қуатты күмбірі астында құттықтайды. Адамдар улап-шулап, не болса соны даңғырата қағып, азан-қазан болады.

Үндістанның әр ауданында Жаңа жылды әр уақытта (қыркүйектен наурызға дейін) қарсы алады. Үй иесі-от анасының міндеті – үйін өз қолымен істелген түрлі әдемі заттармен безендіру. Бұл елде Жаңа жыл мерекесінде ұшырылған батпырауықты садақпен атады екен. Батпырауықтың көлемі өте үлкен және түрлі түске боялады. Ең мерген біреуі оны садаққа жанып тұрған оқ салып атады. Батпырауық тұтанған кезде той басталады. Бұл тойда би биленіп, өлең айтылып, әр түрлі спорттық ойындар көрсетіледі. Кеш соңында әркім өз өнеріне сай сыйлықтармен марапатталады.

Венгрияда Жаңа жыл Рождество мерекесімен тұспа-тұс келеді. Венгрлер – өте ырымшыл халық. Мысалы, үйге бірінші болып әйел кірсе, бақытсыздық әкеледі деп сенеді. Сондықтан қонаққа бірінші болып тек ұл баланы жіберетін болған. Венгрияда Жаңа жылға бір секунд қалғанда ысқыру керек. Яғни осы арқылы олар жын-шайтандарды қуады.

Италияда Жаңа жыл мейрамы 6 қаңтар күні басталады. Итальяндықтардың сенімі бойынша, бұл түні сыпырғыш мінген мейiрбан пері Бефана ұшып келеді. Ол кiшкентай алтын кiлтімен есiктерді ашып, балалар ұйықтайтын бөлмеге кiрiп, әдейі ілінген шұлықтарды сыйлықтармен толтырады. Ал жақсы оқымаған балаларға, Бефана күлдiң шөкiмiн немесе ұсақ көмiр тастап кетедi екен.

Италияда Аяз ата Баббо Наталь деп аталады. Бұл елде Жаңа жылды жаңамен қарсы алу деген ырым бар. Сол себепті, мереке қарсаңында итальяндықтар өз терезелерінен ескi-құсқы заттарды сыртқа лақтырады.

Шотландияда Жаңа Жыл мерекесін «Хогмани» деп атайды. Жаңа жыл түні дәстүр бойынша Ескі жылды шығарып салу және Жаңа жылды қарсы алу рәсімі өтеді. Шотландықтар мереке күні үйлеріне кім бірінші болып кірсе, келесі Жаңа жыл бойы отбасыларында сәттілік пен сәтсіздік соған байланысты деп есептейді. Олардың пікірінше, үйге сыйлық алып келген қара шашты еркек үлкен сәттілік алып келеді. Бұл дәстүр «ферст футинг» деп аталады.

Тет – вьетнамдықтардың ең көңілді мерекесі осылай аталады. Олардың күнтізбесі бойынша Жаңа жыл ерте көктемде, яғни 21 қаңтар мен 19 ақпан аралығында атап өтіледі. Мереке күні жыл сайын өзгереді. Вьетнам халқы әр үйде бір құдай тұрады деп сенеді. Жаңа жылда ол аспанға ұшып, жақсы адамдардың тілегін орындайды екен. Бір кездері олар құдай тұқы балығының арқасында жүзіп жүреді деп ойлаған. Ал қазірде ойыншық тұқы балығын алып, тілек тілеп, өзенге ағызып жібереді. Сондай-ақ бұл елде Жаңа жылдың алғашқы сәтінде үйге келген қонақ отбасына бақыт әкеледі деген сенім бар.

Вьетнамда Жаңа жылдың символы – шабдалы бұтақтары. Бұндай бұтақтар әр үйде болуы тиіс. Мереке күні вьетнамдықтар шабдалы ағашының бүршік жарған бұтақтарын бір-біріне сыйға тартады.

Финляндияда Жаңа жыл 25 желтоқсанда тойланады. Бұл күні Аяз Ата Лапландиядан ұзақ жол жүріп келіп, үй алдына үлкен кәрзеңкеге салынған сыйлықты қалдырады. Сондай-ақ бұл түні финдіктер өз тағдырларын білу үшін бал ашады. Яғни балауыз балқытып, оны суық суға құяды. Осыған байланысты болашақ тағдырларына қатысты мәлімет алуға тырысады.

Немістер Санта Клаусты есекпен келеді деп ойлайды. Сондықтан бұл елде балалар ұйықтар алдында Санта Клаус әкелетін сыйлыққа арнап тәрелке қойып, ал кебістеріне оның есегіне арнап шөп салады.

Кубада Жаңа жыл «Патшалар мерекесі» деп аталады. Яғни мерекеде ұйымдастырылатын шаралардың барлығы балаларға арналады. Бұл күні балдырғандар сиқыршы патшалар Бальтасар мен Гаспар және Мельчордан сыйлық күтеді. Олар алдын ала өздерінің армандары туралы хат жазады. Ал сиқыршы патшалар осы тілектерді орындайы деп сенеді. Сондай-ақ бұл күні кубалықтар болашақ жарқын болсын деген ниетпен үйлеріндегі барлық ыдыстарды суға толтырады. Және сағат тілі 12-ні соққанда 12 жүзім жейді.

Эфиопиялықтар Жаңа жылды қыркүйектің 10 және 11 аралығында қарсы алады. Олар Жаңа жылда кілең ақ киім киіп, ерте тұрып, шіркеуге барады. Ондағы салтанат үш сағатқа созылады. Бұдан кейін самырсын ағашының көлеңкесінде Жаңа жылға арнап мол дастарқан жасайды, оған бала-шағаларымен бірге түгел жиналады. Осы кезде балалар Жаңа жылға арнап салған суреттерін ата-аналарына сыйға тартып және үй ортасына жіп керіп, суреттерді іліп қояды. Осыдан кейін ғана жаңажылдық дастарқан басына жайлана отырады. Барлық жиналған ағайын-туыс мол дастарқан басында шат-шадыман көңілмен ән шырқап, бір-біріне жақсы игі тілектер тілейді.

Жапонияда жаңа жылдың келуін қоңыраудың 108 рет соғылуы хабарлайды. Ежелгі сенім бойынша әрбір қоңырау адамгершілікке жат жаман қасиеттердің бірін «жояды». Жапондардың айтуынша, бұл қасиеттердің саны алтау: ашкөздік, реніш, ақымақтық, жеңілтктік, шешім қабылдай алмау, қызғаныш.

Жалпы қай елде аталып өтілсе де, Жаңа жыл үмітке толы жаңа кезеңнің, жақсылықтың бастауы саналады.

Сымбат ҚУАНЫШ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар