Жиын театр сахнасында жалғасын тапты. Осы орайда облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов құттықтау сөз сөйлеп, театр ұжымына шығармашылық табыс тіледі.
– Академиялық дәрежеге жету – өңіріміздің рухани өміріндегі айтулы жаңалықтардың бірі. Бұл – театр ұжымының көп жылғы табанды еңбегіне, ұлттық өнерді дамыту жолындағы шығармашылық ізденісіне, сахна мәдениетін жаңа деңгейге көтерудегі жетістіктеріне берілген жоғары баға. Баршаға белгілі, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Мәдениет дегеніміз – жай ғана ғимараттар мен мекемелер емес. Бұл – ұлттық сана-сезімді жаһандық ауқымда нығайта түсетін мықты тұғыр» деген болатын. Театрдың тынысы кеңейіп, көрерменнің жүрегін жаулайтын тың туындылар көбейе берсін, – деді Серік Жақсылықұлы.
Кеш барысында облыстық мәслихаттың төрағасы Абдалы Нұралиев те сөз алып, театр ұжымын тарихи жетістігімен құттықтап, естелік сый-сияпаттарын табыс етті.
– Театр –өнер мен мәдениеттің биік мінбері. Осы өнер ұжымының жан-жақты ізденісі облыс мәдениетінің абыройын өсіріп келеді. Ұзақ жылдар бойғы сахна өнері мен мәдениетті дамытудағы кәсіби деңгейі нәтиже көрсетті. Бұл рухани ізденістің лайықты бағасы. Алған мәртебе жаңа биіктер мен жаңашылдыққа жол ашсын! – деді Абдалы Тоқбергенұлы.
Салтанатты сәтте Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Асқарбек Сейілхан да өнер ордасының адам жанына рухани тыныс беріп, ұлттық құндылықтарды дәріптеудегі айрықша рөлін атап өтті. Мазмұнды кеш театр ұжымы арнайы әзірлеген «Сөз бен саздың тоғысуы» атты театрландырылған композициялық қойылыммен толықтырылып, көрермен қауымға әсерлі сәттер мен көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ



