Хабар түсе салысымен оқиға орнына Жуалы аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау полковнигі Кеңесбек Абдраимов «Toyota Hilux» автокөлігімен, сондай-ақ Бауыржан Момышұлы ауылындағы №7 өрт сөндіру бөлімшесінен «Уаз» көлігімен жеке құрам шұғыл жетті. Құтқарушылар келген сәтте жолдың көк тайғақ екені, ауа райының күрт нашарлағаны анық байқалды. Ең әуелі жол бойымен келе жатқан өзге көліктерге қауіп туралы ескерту жасалып, қозғалыс барынша қауіпсіз режимге көшірілді.
Құтқарушылардың үйлесімді әрі жедел әрекетінің арқасында зардап шеккендер көліктерден қауіпсіз шығарылып, алғашқы медициналық және психологиялық көмек көрсетілді. Алты балаға алғашқы жәрдем небәрі бес минут ішінде жасалды. Екі адамды медицина қызметкерлері аудандық ауруханаға жеткізсе, қалған зардап шеккендерді құтқарушылар өздері тасымалдады.
Бұл оқиға тек кәсіби міндетпен шектелмей, адами жанашырлықтың да үлгісіне айналды. Апта басында аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Кеңесбек Абдраимов апат салдарынан жарақат алып, ауруханада ем қабылдап жатқан 9 жастағы қыздың жағдайын сұрай барып, келе жатқан Жаңа жыл мерекесіне орай сыйлық табыстады.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ




