Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша облыстық полиция департаментінің қоғамдық қауіпсіздік басқармасы басшысының орынбасары Нұржан Керебаев баяндама жасады.
– Жаңа жыл мерекесі қарсаңында кәмелетке толмағандардың өмірі мен денсаулығын қорғау мақсатында 2025 жылғы 5 желтоқсаннан 2026 жылғы 3 қаңтарға дейін облыс аумағында «Пиротехника» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде. Іс-шара екі кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде 350 полиция қызметкері жұмылдырылып, 70 мобильді топ құрылды. Негізгі мақсат – пиротехникалық бұйымдардың заңсыз сатылуы мен қолданылуына жол бермеу, – деген Нұржан Серікұлының айтуынша, аталған кезеңде облыс аумағында 191 рейдтік іс-шара ұйымдастырылып, пиротехникалық өнімдерді тиісті рұқсат құжаттарынсыз сату бойынша 81 дерек анықталған.
Аталған фактілер бойынша кінәлі тұлғалар Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің (ӘҚБтК) 196-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
– Сонымен қатар, азаматтардың сертификатталмаған пиротехникалық өнімдерді сатып алуына жол бермеу және жарақат алу деңгейін төмендету мақсатында кең ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Теледидар, радио, газет-журналдар мен интернет ресурстарында барлығы 135 материал жарияланып, төтенше жағдайлар департаментімен бірлесіп мектептер мен өзге де білім беру ұйымдарында 369 профилактикалық дәріс өткізілді. Кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтардың алдын алу бағытында облыс көлемінде «Жасөспірім – заң қауіпсіздігі», «Түнгі қаладағы балалар», «Жасөспірім», «Қауіпсіз мектеп» және «Ашық есік» жедел-профилактикалық іс-шаралары ұйымдастырылды. Полиция, білім бөлімдері, комиссия мүшелері, жастар орталықтары мен прокуратура өкілдерінен құралған мобильді топтар 2687 рейдтік іс-шара өткізді. Нәтижесінде ӘҚБтК-тің түрлі баптары бойынша 14 123 әкімшілік хаттама толтырылып, 10 155 жасөспірім полиция бөлімдеріне жеткізілді. Сонымен қатар, жасөспірімдерден 107 тыйым салынған зат (97 пышақ, 10 кастет) тәркіленді. Түнгі уақытта ата-анасының немесе заңды өкілдерінің қарауынсыз жүрген жасөспірімдерге қатысты бақылау да күшейтілді. ӘҚБтК-тің 442-бабына сәйкес 8 076 ата-ананың жауапкершілігі қаралды. Ал сағат 22:00-ден кейін балалардың заңды өкілінсіз ойын-сауық орындарында болуына жол берген 262 мекеме иесі ӘҚБтК-тің 132-бабымен әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Атқарылған жұмыстар жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтардың алдын алуға оң әсерін тигізіп отыр. Алайда алда тұрған міндеттер ауқымды. Кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – полицияның ғана емес, ата-аналар мен бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі. Сондықтан профилактикалық шаралар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасын табады, – деп қорытындылады Нұржан Керебаев.
Баяндамадан соң облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Асқарбек Сейілхан қала орталықтарындағы дүкендердің алдында және орталық стадион маңында арнайы дүңгіршектерде пиротехникалық өнімдердің ашық сатылып тұрғанын атап өтіп, олардың заңдылығы жөнінде сауал қойды.
– Облыс аумағында пиротехникалық өнімдерді сақтау және өткізуге арнайы лицензия екі азаматқа берілген. Олар – «Тараз салюттер» және «BTR Company» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері. Осы серіктестіктерге арнайы контейнерлер орнатуға рұқсат етілген. Өнімдерді сақтау және сату тәртібі қолданыстағы заңнама талаптарына толық сәйкес келеді. Сонымен қатар, олардың кешкі сағат 23:00-ге дейін сауда жасауына рұқсат бар. Облыс бойынша тек осы кәсіпкерлерге ғана рұқсат берілген. Осыған байланысты Тараз қаласы аумағында рейдтік іс-шаралар тұрақты түрде жүргізілуде, – деді сұраққа жауап берген Нұржан Серікұлы.
Сондай-ақ Серік Жақсылықұлы пиротехникалық өнімдерді сатып алушыларға жас ерекшелігіне байланысты шектеулердің бар-жоғы жөнінде сұрақ қойды.
Бұл сауалға Нұржан Серікұлы: «Пиротехникалық өнімдерді сатып алуға заңнамалық тұрғыда жас шектеуі жоқ. Алайда, 18 жасқа толмаған кәмелетке толмағандар пиротехникалық бұйымдарды сатып алып, қолданған жағдайда Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 436-бабына сәйкес олардың ата-анасына немесе заңды өкілдеріне әкімшілік хаттама толтырылып, 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады», – деп жауап берді.
Жиын барысында Серік Жақсылықұлы мереке қарсаңында және демалыс күндері тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын күшейтуді тапсырды. Осыған байланысты облыс әкімдігінің ақпарат және қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары мен Тараз қаласы әкімінің орынбасарына пиротехникалық өнімдерді сату, пайдалану тәртібі, сондай-ақ заңсыз әрекеттер үшін көзделген айыппұлдар туралы телеарналар мен әлеуметтік желілер арқылы ескерту хабарламаларын жариялау жүктелді. Сонымен қатар, полиция департаментінің өкілдеріне бұл бағыттағы бақылау жұмыстарын күшейту тапсырылды.
Келесі кезекте облыс әкімдігі білім басқармасы басшысының орынбасары Жасұлан Әтенов баяндама жасап, кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтардың алдын алу және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында қабылданып жатқан шараларға тоқталды. Оның айтуынша, бұл бағытта облыс әкімдігі, полиция және прокуратура органдарымен бірлесіп әзірленген «Жол картасын» іске асыру жұмыстары жалғасып келеді.
Сондай-ақ жиын барысында күн тәртібіне сәйкес аудан әкімдерінің орынбасарларынан атқарылып жатқан жұмыстар бойынша ақпарат алынды. Комиссия отырысын қорытындылаған Серік Сәлемов кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқықбұзушылықтардың алдын алу бойынша жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыру қажеттігін атап өтті.
Айжан ӨЗБЕКОВА



