Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Мәңгілік елден Мысырға

Мәңгілік елден Мысырға
Автор
Олжас Сүлейменовтың атақты «АзиЯ» кітабынан біздің заманымызға дейінгі 400 жыл бұрынғы Шумер мемлекетінің 60 сөзінің түркі тілінде кездесетінін оқығанбыз. Сондықтан қазақтарды шумерлердің заңды мұрагерлері ретінде қабылдадық. Ол кезде адамзат тарихы туралы ғасырлар бойы қалыптасқан таным-түсінікті басқа арнаға бұру ерлікпен пара-пар нәрсе болатын. Осы ерлігі үшін Олжас ағамызға Одақ көлемінде түрлі сын айтыла бастағанда тарихшы, академик Борис Рыбаков КСРО тарихы оқулығындағы деректерге күмәнмен қарайтынын жеткізді. Арада 20-30 жыл уақыт өткен соң орыс халқының тарихы Киев Русі тарихынан әлдеқайда бұрын басталғанының куәсі болып отырмыз. Орыс тарихшылары қазір дүниежүзілік тарих ғылымының бұлтартпайтын деректерінен аса алмай, славяндарға дейінгі көшпенділер кезеңін (Дешті Қыпшақ) ресми мойындап отыр.

Әлқисса, шумерлер демекші ол мемлекет қазіргі Таяу Шығыстағы Сирия мемлекетінің аумағында Қосөзен деп аталатын Евфрат пен Тигр аралығында орналасқан ежелгі мемлекеттердің бірі болатын.

Адамзаттың алтын бесігіне айналған Қосөзен мемлекетінің құпиясы әлі де толық ашыла қойған жоқ. Дегенмен Қосөзен аймағына шумерлер бұдан жеті мың жыл бұрын келгенін ежелгі дүниежүзі тарихын зерттеуші ғалымдар жоққа шығармайды.

Бұған дейінгі тарихнамада Мысырдың мәдениеті Шумердің мәдениетінен бұрын пайда болған деген пікір қалыптасқан еді. Ал ендеше ежелгі дүниежүзі тарихын зерттеушілер мен Олжас Сүлейменовтың, оның ізін жалғастырушы тарихшы, тарих ғылымдарының докторы Амангелді Нарымбаев және басқа тарихшылардың жаңа ғылыми мәліметтерінің нәтижесінде шумерлік мәдениеттің жасы б.з.д. төртінші мыңжылдықтың ортасымен өлшеніп, мысырлық дәуірден асып кетіп отыр. Сондықтан да ерте қола дәуірінде көне түріктер Қосөзенде шумерлік мәдениетті қалыптастырып, одан әрі Ніл жағалауларына дейін жеткізіп, мысырлық мәдениетті де гүлдендіргенін жоққа шығаруға болмас. Ойламаған жерден сәті түсіп, Мысыр еліне аттанғанда осы тарихи деректердің толғандырғаны кездейсоқ емес. Басты мақсатымыз демалыс болғанымен, менің арманым Таяу Шығыстағы ежелгі мәдениет орталығы Мысыр елінен жоғарыдағы ұқсастықтарды іздеу болатын.

Шарм эль шейх демалыс аумағындағы қаладан Каир қаласындағы әуежайға келіп қонғанда бұл мақсатыма жақындағанымды сезінгендей болдым. Бірден Ніл өзені арқылы қайықпен саяхаттатып, көне қаламен таныстырмақшы болған жолбасшымызға: «Бізді ең алдымен Бейбарыс Сұлтанның басына апар, содан соң ғана басқа саяхатыңды бастайсың» деп өтініш білдірдім. Біздің топ шағын және басым көпшілігі қазақстандықтар болған соң жолбасшымыз қарсыласа қойған жоқ. Көлікті бабамыз тұрақтаған жерге бұрды.

Көлемі жағынан Мысырдағы екінші мешіт Бейбарыс бабамыздың 1267 жылы өзі салдырған мешіті екен. Аумағы шамамен 500-600 шаршы метр болатын қамалға ұқсас ғимарат едеуір тозыңқырап кетіпті. Ең бастысы бабамыз салдырған қалпында тұр екен. Жөндеу жұмыстары жүріп жатыр деген сылтаумен ішіне кіргізбеді. Дегенмен ашық жерлерінен қарап ішінде адамдар тұратынын байқадық. Себебі мұнда тұрғын үй тапшылығынан адамдар кез келген ашық-жабық жерлерді тұрғынжайға айналдырып алатын көрінеді. Тіпті Ніл өзені арқылы саяхаттап жүргенімізде жолбасшымыз бір жалпақ қайық пен онда отырған кісілерді көрсетіп: «Ол кісілердің тұрғынжайы осы қайық және олар осында қонып, осында тамақтанады» дегенде таңқалғанбыз. Бірақ 30 миллион халқы бар қалаға бұл таңсық дүние емес сияқты.

2007 жылы Қазақстан мен Мысыр елі бұл мешітті қайтадан толық жөндеуден өткізуге келіскен көрінеді. Тіпті Қазақстан тарапы осы мақсатта 4,5 миллион доллар бөлуді міндетіне алған деседі. Алайда, жөндеу жұмыстары қаражаттың жоқтығынан жүрмей жатқан сияқты. Дегенмен, бұл мешітте бес уақыт намаз оқылады екен. Әл-Фурук (Ерекше) есімімен аталып, 17 жыл Мысыр елінде патшалық құрған, «Минареттерден оның аты айқайлап айтылып, қолы тиген жердің бәрі қасиетті саналған» деп құрмет көрсетілген Сұлтан Бейбарыс мешіті жөнделмесе де өзінің сұлулығы мен сұстылығын жоғалтпай, мамлюктер (қыпшақтар) тарихының қымбат жәдігері болып Мысыр шаһарының қақ ортасында тұрғанына тәубе етіп, дұға оқыдық.

Мысыр халқы негізінен өздерін египеттік арабтар деп санайтындықтан Қыпшақ тарихы оларға беймәлім. Оның үстіне халықтың көпшілігі тарихи және жалпы сауатсыз. Жолбасшымыздың айтуынша бастапқы білім алу Мысырда міндетті емес көрінеді. Алайда біз кездескен мысырлықтар мамлюктер десе елеңдеп тұр. Соған қуандық. Мамлюктер тарихы қыпшақ тарихының бір үзігі екені анық қой. Осы жерден Ніл өзенінің екі айырылып ортасында қалған аралда Бейбарыс бабамыздың тұрған үй жайлары мен билік құрған жерін жолбасшымыз сыртынан көрсетті.

Мысырдың ұлттық музейі өз алдына керемет дүние. Онда Көне, Орта және Жаңа Мысырдың төл өнерінің бай жәдігерлері бастапқы қалпында сақталған. Кварциттен жасалған Нефертитидің басы, Тутанхамонның таза 32 келі алтыннан жасалған табыты мен саркофагі, әшекей қазыналары, алтын жалатылған тақ, оның арқа жағының фрагменттері, перғауындардың және олардың қызметкерлерінің мүсіндері тәрізді өте құнды жәдігерлер музейде жүздеп саналады. Ал перғауындардың жартылай сақталған мумиелері, оларды ораған жібек маталар мен (мұсылман дәстүріндегі ақылап кебінге орап жерлеу еске түсті) перғауындардың о дүниеде пайдаланатын ыдыс-аяқтары, тұрмыс бұйымдарының, сондай-ақ папируис қағаздарына жазылған перғауындардың аты жөні мен өмірбаяндарының мәйітпен бірге жерленгені бізді еріксіз тарихи ұқсастықтарға жетеледі. Белгісіз перғауынның о дүниеде пайда болуы мүмкін деген нәрестесі үшін дайындалған алтын бесігі де көз тартарлық.

Ежелгі дүниежүзі тарихын зерттеушілер қосөзендік шумерлер мен түркі халықтарының тіл мәдениетімен қатар адамдарды жерлеу рәсімдері, салт-дәстүрлерінде де ұқсастықтар көзге ұрып тұратындығын жоққа шығармайды. Біз байқағандай олар бақилық болғандардың мүрделерін өртемей, суға тастамай, мұсылмандарша қастерлеп Жер-Ананың бауырына беріп отырған. Олжас Сүлейменовтің дәрегіне сай: «Түрік әліппесін жасаушылар әлемнің бір пұшпағында емес, керісінше көне өркениеттің бел ортасында болды, сондықтан да әріп түзудің төте жолына түсті.

Металл тостағанға жазу жазып, моншақ шашып жерлеу Шумерден басталып Орта Азияда (Есік қорғаны, б.д.д. V ғасыр) және Алтайда жалғасын тапқан дәстүр. Археолог Вулли Қос өзен аралығындағы шумерлердің жерлеу қорымынан таңбалар жазылған металл тостағанды тапса, К.Ақышев Алатау маңындағы қорғаннан жазуы бар күміс табақша тапқан».

Ендеше бұлардың бәрі кездойсоқ сәйкестік емес, бұл тарихи сабақтастық.

Мысырға келген жұрт ұлы пирамидаларға соқпай кете алмайды. Пирамидалардың әлемнің жеті кереметінің біріне кіретіндігі өз алдына, алып құрылыстарға жақындаған сайын осындай көлемі мен геометриялық дәлдігі жағынан теңдессіз алып дүниелер адам баласының қолымен қалай жасалынды деген ерекше көңіл күйге бөленесіз. Әрқайсысының салмағы екі және одан да ауыр тонна болатын үш миллионға жуық куб пішіндес тастарды ешбір техникалық қондырғыларсыз бірінің үстіне бірін сымдай орналастырып, 150 метрдей биіктікке көтеру оңай шаруа емес.

Жолбасшымыздың айтуынша Мысырда жалпы саны 85 пирамида солтүстіктен оңтүстікке қарай тізбектеліп тұр екен. Солардың ішіндегі Каир қаласының бір бөлшегі саналатын Ніл өзенінің жағасындағы Гиза қаласындағы 9 пирамида ерекше көз тартып, сартап сахараға сұлу өң беріп тұр. Әсіресе Хеопс, Хефрен (Хеопстың баласы), Микерин (Хеопстың немересі) пирамидалары алыстан мендмұндалап, өзіне магниттей тартады. Күн сайын осы үш монументалды пирамидаларға әрі олардың күзетшісі іспетті басы адам, артқы жағы жануар Сфинкс («үрейдің әкесі») ескерткішіне келушілер өте көп. Осылардың атақтысы Хеопс ең үлкен сәулет кешені. Оны Мысыр перғауыны Хеопс (б.з.д. III мыңжылдықтың бірінші жартысы) салдырған екен.

Хеопстың алып құрылысы қазіргі кездегі 40 қабатты үйдің биіктігіндей. Хефрен пирамидасының тұсына таман салынған адам басты, арыстан денелі 20 метрлік әйгілі алып Сфинкс тұтас жартастан қашалып жасалынған. Қарапайым құрал-саймандармен мұншама сұсты дүниелерді қалай салғаны әрине таңғаларлық жай. Бір қызығы осы алып пирамиданың етегінде сақталған жатаған саман үйлерде перғауын өзінің отбасымен тұрған дегенге сенгің келмейді. Өзінің өмір бойы жинаған бар қазынасына осындай керемет құрылыс салғызып, болашақтың игілігіне тарту еткен кісінің дүниетанымына таң қалмасқа шараң жоқ. Пирамиданы салдыру үшін он жыл бойы Ніл дариясының ішкі жазығына дейін жол төселген. Мыңдаған құлдың ауыр еңбегі жұмсалған үлкен құрылыс жиырма жыл бойы жүргізілген деген болжам бар. Жолбасшымыз құрылыс кезінде миллионға жуық құл қаза болған деген деректің ұшын шығарды. Ол енді құл иеленуші қоғамның қасіреті екені даусыз.

Мысыртанушылар: «Перғауындар қарапайым халыққа өз үстемдігін жүргізу үшін, өздерінің құдіреттілігін таныту үшін де осындай ескерткіштер салуға мүдделі болды. Осы дәстүр Мысырдың сәулет өнерін әрі қарай дамытып, атақты пирамидалар дәуірін тудырды» – деп түсіндіреді. Бұл орайда, озық өркениеттің арнасын салып кеткен шумер архитектурасы көне Үндінің, Америка жеріндегі майя, инк, ацтек халықтарының, Мысыр пирамидаларының құрылыстарында жалғасын тауып айшықталғанын, сонымен қатар шумер жазбаларында Ұлы пирамида туралы әңгіме көтерілетінін айтпай кетуге болмас деп ойлаймын. Себебі осы тұрғыдан зерттеуші мамандар шумер өркениетінің  мысырлықтардан көп бұрын көрініс бергендігін дәлелдеп те қойған. Ал өзіміздің қазақы киіз үйіміздің сол пирамидалардың алғашқы нұсқалары екендігіне де шәк келтіруге болмас. Осының барлығын зерделей отырып тарихқа «шумер» деген атпен еніп, ежелгі дәуірде Қосөзенді мекендеген халық тәңір дініне табынған Нұх пайғамбардың ұрпақтары екендігіне және түркітектес халықтардың тамыры осында жатқандығына көз жеткізу қиын емес.

Қайтатын күніміз де келіп, тылсым дүниелерге толы Мысыр елімен қимай қоштастық. Алып әуе лайнері Африка, Азия құрлығы мен Үнді мұхитын көктей ұшып қарт Каспийге жақындаған сайын Ұлы дала елі астымызда қалып жатқан үлкенді-кішілі елдер мен ұлыстардың ажырамас бөлшегі сияқты көрінді. Олай болатыны да заңдылық. Себебі мәңгілік елдің тарихы адамзат тарихымен үндесіп, сол тарихтан өзінің айшықты орнын алып отырғаны жүрегіңе мақтаныш сезімін ұялатып, Отан деген сөздің шын құдіретін айқындағандай. Алматы әуежайына осындай асқақ сезіммен жеңіл қондық.

Әбиірбек ҚОНЫСБАЕВ,

прокуратура ардагері

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар