Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Көшпелі малшаруашылығы қайта жандануы керек

Көшпелі малшаруашылығы қайта жандануы керек
Автор
Талас ауданы, Қызыләуіт ауылындағы бұрынғы Ильич атындағы кеңшар - кезінде мыңғыртып мал айдаған шаруашылықтың бірі. Осы кеңшардың бір отарын менің әке-шешем бес жыл бақты. Ол кезде оқушыларға берілетін жылдың әр мезгіліндегі демалысты біз мал ауылда өткізетінбіз. Кыркүйек айында отарды Мойынқұм өңіріндегі Көпжасар мал жайылымына бір аптада айдап апарып, күзеуде саулық қашып болғаннан кейін шопан ауылы сол жайылымдағы қыстауға көшірілетін. Көктеуде малшының қараша үйі Талас ауданындағы Бөріқазған мен Тәңірқазған мал жайылымының арасындағы Ортабұлаққа тігілетін. Отар сонда төлдетіліп, ала жаздай осы жайылымдағы жайлауды мекендейтін.

Ол кезде кейбір қойшылар жәрдемшісімен бірге қосынын ат жеккен арба не түйе қомына тиеп, түнетпеге кететін. Үйден безіп, малды иен даланың оты бар деген жерге күндіз-түні жусатып, сыртта 15-20 күн жүріп, үйіне бір-ақ оралатын. Мал күйлі болуы үшін түнетпеге шығу дегеніміз қазір ойлап отырсақ, нағыз азап екен ғой. Өз ісіне берілген, малға да, жанға да, жайлап отырған жеріне де жаны ашитын бұрынғы шопандардың тірлігі осындай еді. Ал қазір ше? Қазір қыстау, күзеу, көктеу дегенді кейбір шопандар ұмытқалы қашан?!

Ілгеріде ауыл тұрғындары да орталықта бір-екі сауын сиыр мен 5-10 тұяқ уақ малдан артық ұстамайтын. Сол себепті ол кезде жайылым тапшылығы қазіргідей өткір мәселе емес еді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында еліміз бойынша жекешелендіру саясаты жүргізіліп, ауылдардағы кеңшар мен ұжымшарлар таратылды. Техникасы мен мал-мүлкіне дейін пай ретінде ұжым мүшелеріне үлестіріліп берілді. Сол тұста ғұмырын мал соңында өткізген шопан да, техника тізгіндеген механизатор да еңбегіне қарай азды-көпті малға қол жеткізді. Бұған қоса мемлекеттен несие алып, ата кәсіпке бет бұрғандар да пайда бола бастады. Дәл осы кезеңде қолында бір тұяқ малы жоқ азаматтар бірнеше мың гектар жайылымды ұзақ мерзімге жалға алып, иен даланы иемденіп алды. Кейбірі ауыл іргесінен жер алып, шаруашылық құрса, тағы бірі орталықта отырып-ақ қора-қора қой, үйір-үйір жылқы ұстап, аз уақыттың ішінде ауыл маңын қу тақырға айналдырды. Ауылдықтар үшін өріске беттеген, өрістен келе жатқан малдың соңынан көтерілген қоламта сасыған шаңды ертелі-кеш жұтып отыруына тура келді. Осындай жүйесіздік салдарынан ауылдық жерде жайылым тапшылығы туындады. Бұл мәселе елдік деңгейде көтеріліп, осыдан бірнеше жыл бұрын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пайдаланусыз жатқан жайылым жерлерді мемлекет меншігіне қайтарып, оны шынымен мұқтаж шаруаларға беру жөнінде Үкіметке жүйелі түрде тапсырма берді. Президент «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында да агроөнеркәсіп кешенінің жаңа әрі тұрақты ереже бойынша жұмыс істеуі керектігін атап өтіп, игерілмей жатқан жерлерді қайтару мәселесіне арнайы тоқталды. Комиссия жұмысы аясында 2,9 миллион гектар жердің мемлекетке қайтарылғанын, жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 5 миллион гектарға жетуі тиіс екенін баса айтты. Сол кезде жалпы игерілмей жатқан немесе заңсыз берілген жер көлемі 10 миллион гектарға жуықтайтын еді. Содан бері ортақ жайылымдардың өзге мақсатқа беріліп кеткен бөлігін кері қайтару барысында елді мекендерден 5 шақырым радиуста орналасқан жерлерді ауылдық округтерге бекітіп беру жұмыстары қарқынды жүргізілді. Бірқатар бағытта нақты шаралар іске асырылып, өңірде жайылымы тапшы елді мекендердің мәселесі біршама реттелді. Дегенмен ел ішінде өрісі тар, яғни малы көп, жайылымы аз шаруашылықтар әлі де жетеді. Тіпті бір жерді қысы-жазы шиырлап, өрісінің шаңын аспанға шығарып отырған қожалықтар аз емес. Бұл жайында депутат Мейрамбек Дөненбаев: «Жерді тиімді пайдалану үшін қадағалау болуы тиіс. Қазір малшаруашылығымен айналысып отырған шаруашылықтардың көбі алты-жеті ай күзгі және қыстық жайылымды пайдаланады. Мысалы, Мойынқұм өңірінде қазіргі таңда жергілікті және сырттан келген адамдар да жер алып, 100-200 гектарды рәсімдеп, қысы-жазы сол жерде мал ұстап отыр. Бізде де шаруашылық бар. Бірақ біз өз жайылымымызды сақтап, малды қыстатқан соң, көктемде көшеміз. Себебі ол жер қысқы мал ұстауға қажет. Алайда біз көшіп кеткен соң біздің жайылымға мал жаятындар бар. Оларға шара қолдану мүмкін болмай отыр. Егер қазірден бақылау күшеймесе, бірнеше жылдан кейін жайылымнан айырылып қалуымыз мүмкін. Мал басының өскені жақсы, бірақ ең алдымен бар жайылымды сақтап қалуымыз керек.

Ауыл маңындағы жайылымдар ортақ деп есептелгенімен, іс жүзінде оларды шағын шаруашылықтар пайдаланып отыр. Жері жоқ, бірақ белгілі мөлшерде малы бар азаматтар малын ауыл сыртындағы жерге не өзге шаруашылықтардың жеріне айдап апарып жаяды. Бұл мәселе жыл сайын көтерілгенімен, әлі шешімін тапқан жоқ. Сонымен қатар кейбір ауылдық округтерде игерілмей жатқан жерлер жеткілікті. Іс жүзінде пайдаланылмай жатқан жерлер бар. Мұндай жағдайлар бақылауға алынып, нақты шара қолданылуы тиіс», – дейді.

ҚР Фермерлар қауымдастығы Меркі ауданы бойынша филиалының төрағасы Тасқын Аташев жайылым жерлерінің жетіспеушілігі ел бойынша әлі де анық байқалып отырғанын айтады. Оның бірнеше себебі бар екен. Біріншіден, КСРО кезеңінде қалыптасқан жайылымдық жерлердің едәуір бөлігі бүгінде орман шаруашылығының қарауына өтіп кеткен. Қазір ол жерлерді орман шаруашылығы өз бетінше пайдаланады. Екіншіден, бұрын көптеген жайылымдық жерлердің ірі шаруашылықтардың жекеменшігіне беріліп кетуі де мәселені күрделендіріп отыр. Сол кезеңде біраз адамдар жерді жеке меншікке сатып алған. Соның салдарынан бүгінде жайылым тапшылығы туындауда.

– Негізінде 100-150 уақ малы бар адамдар көбіне малын үй маңында ұстайды да, олар құмға да, тауға да көшпейді. Ал малы екі жүз, үш жүзден асатын шаруашылықтар құмға, тауға көшіп барып, орман шаруашылығымен жеке келісім арқылы жайылымды пайдаланады. Ауылдық жерлерде мал басының көбеюі де жайылымға үлкен салмақ түсіріп отыр. Малы аз адамдар жазғы жайылымға, қыстық құмға көшпегендіктен, мал қысы-жазы бір жерде жайылады. Бұл жердің тозуына алып келеді. Себебі бір жер үздіксіз пайдаланылғанда, ондағы өсімдіктер қайта қалпына келіп үлгермейді, топырақ тапталады, микрофлорасы бұзылады. Нәтижесінде ол жердің жайылымдық сапасы төмендейді. Кеңес одағы кезінде малдың барлығы көшпелі жүйемен бағылған. Қыста – құмға, жазда – тауға, кейде Қырғызстанның Сусамыр жайлауларына дейін көшкен. Мойынқұм өңірі, таулы аймақтар, жазғы жайлаулар толық пайдаланылған. Мал бір жерге тұрақтамай, жайылым ауысып отырғандықтан, жер өзін-өзі қалпына келтіруге мүмкіндік алатын. Мысалы, көктемде мал құмнан тауға көшсе, құмдағы жайылым күзге дейін тынығып, қысқа қайта дайын болатын. Қазір көшпелі жүйе бұзылды. Мал бір жерде шоғырланып, жайылымдар жылдан-жылға тозып барады. Ашық айтқанда, бүгінде көптеген жайылымдардың тозығы жеткен, өсімдік жамылғысы сирек. Бұл – күн өткен сайын ушығып келе жатқан проблема. Кейбір шаруалардың жеке жайылымы болмағандықтан немесе малы көп болғандықтан, олар малын ауыл төңірегіндегі ортақ жайылымдарға жаяды. Ал ол жерлер ауа райының әсеріне де, малдың шамадан тыс көптігіне де төтеп бере алмай, тез тозады. Сондықтан жайылымды ауыстыру, маусымдық көші-қон мәселесін қайта көтеру керек. Қазіргі таңда бұл мәселені Меркі ауданы бойынша да көтеріп отырмыз. Малды ауыл сыртындағы таулы, шалғай жайылымдарға көшіру қажет. Ал ауыл ішінде бес-он қойы, бір-екі сиыры бар тұрғындар үшін елді мекен маңындағы ортақ жайылым жеткілікті болуы тиіс. Сол жайылымдар жаз бойы соларға ғана пайдаланылса, мәселе біршама жеңілдер еді. Тағы бір мәселе – кезінде ауқатты адамдар сатып алған, бүгінде пайдаланылмай бос жатқан жайылымдар. Ашық айтқанда, ол жерлер игерілмей жатыр. Егер мемлекет сол пайдаланылмай жатқан жайылымдарды қайтарып алып, оларды ортақ жайылым ретінде ауылдардың төңірегіне бөліп берсе немесе мал ұстап отырған шағын шаруашылықтарға үлестірсе, жайылым тапшылығы едәуір азаяр еді. Әрине, орман шаруашылығының да өз талаптары бар, оны да түсінуге болады. Бірақ олар да мал санын негізге алып, жайылым береді. Соның салдарынан малы көп кейбір азаматтар жайылым ала алмай қалып жатады. Себебі ауылшаруашылығы нормасы бойынша бір қойға, шатаспасам, шамамен үш гектар жайылым қажет. Мысалы, жүз қой болса, үш жүз гектар жер керек. Теория жүзінде ол жер жеткілікті сияқты көрінгенімен, іс жүзінде бұл жайылым көлемі аздық етіп, тапшылық туындатып отыр. Қорыта айтқанда, жайылым мәселесі – бүгінгі күннің ең өзекті проблемаларының бірі. Оны шешу үшін көшпелі малшаруашылығы қағидаттарын қайта қарастырып, жайылымды әділ әрі тиімді бөлуді жолға қою қажет деп есептеймін, – дейді Т.Аташев.

Осы орайда біз Мойынқұм ауданы әкімдігі ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Ернұр Надиргужинге хабарласып, Мойынқұм өңіріндегі  шаруа қожалықтардың қаншауы малын қысы-жазы бір жерде тұрақты ұстайтынын, өзге аудандардан келіп, малын бағып отырғандар бар-жоғын сұрадық. Ол аудан аумағында Қылышбай, Мойынқұм, Жамбыл ауылдық округтеріндегі шаруа қожалықтар төрт түлікті қысы-жазы бір жайылымда тұрақты ұстайтынын, өзге аудандардан келіп мал бағатын шаруа қожалықтар жоқ екенін айтты.

– Жайылым жерлерді бір жерде тұрақты пайдаланғанның ауыртпашылығы мен салмағы болады. Бірақ аталған ауылдық округтерде жайылым жерлердің жеткілікті болуына, сонымен қатар төрт түлік мал санының аздығына байланысты шаруа қожалықтар жайылымды кезең-кезеңімен пайдаланады. Сіз сөз етіп отырған жайт - орманшаруашылығының жеріне қатысты мәселе. КСРО дәуірінде құмдағы жерлер әр ауданның ұжымшар, кеңшарына тиесілі болатын. Жайылымды пайдалану сол кезде жүйелі реттелгені рас. Қазіргі уақытта ол орман қорына өтіп кеткендіктен шаруа қожалықтар олардан жайылымды ақысын төлеп, келісімшартпен жалға алады. Өзге ауданның шаруалары қыстай сол жалға алған жерінде малын бағып, олар кеткен соң оның жерінде басқа шаруашылық мал жайса, оған орманшаруашылығы жауапты. Орманшаруашылығының жері әр маманға бөлініп берілген, сол мамандар ақысы төленген жерді қоруы, өзге шаруаны жолатпауы тиіс. Осы жағы реттелсе, мәселе шешіледі. Өз ауданымыздағы жағдайға қайта оралсақ, аудан облыстың солтүстік-шығыс бөлігінде орналасқан. Жалпы аумағы 50,4 шақырым шаршы метр жерді құрайды. Әулиеата өңірінің 43 пайыз жерін алып жатқан аудан бұл. Мойынқұм ауданының аумағында 684 шаруа қожалығы тіркелген, оның ішінде 542 шаруа қожалық малшаруашылығымен,  142 агроқұрылым егін шаруашылығымен айналысады. Ауыл шаруашылығы мақсатында пайдалануға аудан бойынша 721684 гектар жер тіркелген, оның ішінде жайылымдық жер – 689128 гектар. Аудан аумағында малшаруашылығымен айналысатын шаруа қожалықтары жайылым жерлерін толыққанды пайдаланып отыр. Ауданның жайылым жерлерінде 63714 мүйізді ірі қара, 161932 уақ мал, 15662 жылқы, 1258 түйе өсірілуде. Осы төрт түлік 2025-2026 жылғы қысқы мезгілде қыстатылуда. Аудан бойынша 2025-2026 жылдардағы мал қыстату кезеңіне қажетті мал азығының қорын дайындау жұмыстары жоспарға сәйкес толығымен аяқталды. Ағымдағы мал қыстату кезеңіне – 194800 тонна пішен,  3900 тонна  сабан дайындалды.  Биыл мал азығын әзірлеуге 16 бригада бойынша  96 ауыл шаруашылық техникасы жұмылдырылып, жүйелі жұмыс атқарылды. Тұрмыстық жағдайы төмен 42 отбасына мал азығын дайындап жатқан бригадалардың жетекшілері,  атап айтқанда, «Үркер» шаруа қожалығының төрағасы Б.Исабеков, «Аяулым» шаруа қожалығының төрағасы М.Кожахметов, «Байсубай» шаруа қожалығының төрағасы  К.Құдайбергенов нарықтық бағадан 20 пайызға төмен бағада 114 тонна мал азығын түсіріп берді. Жыл басынан бастап аудан орталығында 4 мәрте ауылшаруашлығы тауар өндірушілерінің жәрмеңкесі өткізілді. Осы жәрмеңкелерде ет, сүт, бал, көкөніс, бақша өнімдері, сонымен қатар мал азығы, яғни пішен, сабан, құрама жем нарықтық бағадан 10-15 пайызға төмен бағада сатылымға шығып жатты. Аудан аумағында ауыл шаруашылығын дамыту аясында, атап айтқанда,  жайылым және шабындық жерлерін ұлғайту мақсатында ұзындығы 125 шақырымды құрайтын «Фурманов» айналма  каналына механикалық тазалау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл айналма каналы арқылы 14 мыңға жуық шабындық жер ағын сумен қамтамасыз етіледі деген болжам бар, – деді Ернұр Амандықұлы.

Облыстық жер ресурстарын басқару департаментінің басшысы Қанатбек Серікбаевтың айтуынша, жалпы заңнама бойынша жайылымды тиімді пайдалану қағидаларында көрсетілген әр гектар жерге белгіленген жүктеме нормасынан мал саны асып кетсе, бұл жерді тиімсіз пайдалану болып есептеледі екен. Мұндай деректер анықталған жағдайда тиісті шаралар міндетті түрде қолданылады.

–  Заңнамаға сәйкес, әрбір елді мекеннің жайылым жоспары болуы тиіс. Жайылым жоспарында әр елді мекендегі мал саны есептеліп, соған қажетті жайылым көлемі нақты көрсетіледі. Егер аудан бойынша бекітілген жайылым көлемі жеткіліксіз болса, жоспар әзірлеу барысында 5-7 жыл пайдаланылмай жатқан, саны 10 мыңнан асатын шаруашылықтардың жерлерін мемлекет мұқтажы үшін қайтарып алу тетіктері қарастырылды. Бұл бағытта тиісті жұмыстар қазіргі уақытта жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар егістік көлемі көп, ал жайылымы аз елді мекендер де бар. Әсіресе қала маңындағы ауылдарда мұндай жағдай жиі кездеседі. Сондықтан бұл елді мекендердің малын шалғайдағы жайылымдарға көшіру мәселесі қарастырылып отыр екен. Ол үшін шалғай жайылымдарға қатысты маусымдық пайдалану жобалары әзірленуде. Осы жобалар бекітілгеннен кейін, ол жерлер сол елді мекендердің малы үшін жайылым ретінде есептеледі. Қазіргі таңда ауыл ішінде мал ұстап отырған азаматтармен келіссөздер жүргізіліп жатыр. Мал саны, салық, жайылым мәселесі толық реттеліп, малды бей-берекет жаюды тоқтату бағытында жұмыстар атқарылуда. Бұл мәселе кезең-кезеңімен шешіледі деп жоспарлануда. Осы жылы Ауылшаруашылығы министрлігі біздің облысқа 90 мың гектар жерді қайтаруды белгіледі. Осыған орай аудандар бойынша қайтарылуға жататын жерлердің жылдық және айлық жоспары 21 қаңтарда облыс әкімінің орынбасары Ә.Тамабекпен   бекітілді. Бүгінгі күні, көлемі 84,9 мың гектар, яғни 415 жер учаскесі қайтарылып,  жылдық жоспар 94,3 пайызға орындалды. Жалпы, облыс бойынша жоспарды жыл соңына дейін орындайтын боламыз. Жоспарды Мойынқұм ауданы 146 пайызға, Жамбыл  100, Байзақ  188,7, Жуалы  100, Сарысу  116,1, Қордай  99,2, Шу  98,9 пайызға орындады. Ал бұл меже Меркіде  81,4, Таласта  58,7, Т.Рысқұлов ауданында 0,08  пайызға атқарылды. Сонымен қатар департамент арқылы 2024 жылы берілген нұсқама талаптарын орындамаған тұлғалардан көлемі 11,6 мың гектар жер учаскелерін мәжбүрлеп алып қою туралы сот органдарына талап арыз берілді. Қазіргі кезде, көлемі 9,3 мың гектар жер учаскесі бойынша  мәжбүрлеп алып қою туралы сот шешімі қабылданды және 2,3 мың гектардың мәселесі сотта қаралуда. Жыл басынан бері аудандар тарапынан ұсынылған ақпараттарға сәйкес департамент арқылы облыс бойынша жалпы көлемі 163,8 мың гектар ауылшаруашылғы мақсатындағы жер учаскелерінде тексеру жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде көлемі 156,4 мың гектар, оның ішінде егістік алқап 2,3 мың гектар болса, 154,1 мың гектар жайылымдық алқапқа қатысты 169 ауылшаруашылғы мақсатындағы жерлерін пайдаланбай отырған тұлғаларға әкімшілік шаралар қолданылып, нұсқамалар берілді. Сонымен қатар  жалпы көлемі 78,3 мың гектар болатын 302 жер учаскесінде де тексеру жұмыстары ұйымдастырылып жүргізілуде. Бұл бағыттағы жұмыстарды департамент жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып жалғастыратын болады, – деді Қанатбек Қуанышұлы.

Біз бос жатқан жерді қайтаруда межені төмен орындаған аудандардағы жауапты мамандарға хабарласып көрдік. Мәселен, Талас ауданына 8 мың гектарды кері қайтару міндет етілсе, бүгінде оның 7 810 гектары қайтарып алыныпты. Жыл аяғына дейін жоспар толық орындалмақ. Сол секілді Т.Рысқұлов ауданында аталған жайылымдарды кері қайтарып алу жөнінде қаулы дайындалып жатыр екен. Меркіде де меже жоспардағы көрсеткіштен артығымен орындалған.

Облыс әкімідігі жер қатынастары басқармасының басшысы Данияр Өтеповтің айтуынша, облыс бойынша 2022-2025 жылдар аралығында пайдаланылмаған ауылшаруашылығы мақсатындағы жалпы алаңы 591,2 мың гектар жер мемлекет меншігіне өткен. Оның ішінде жайылымы – 499,9 мың гектар болса, егістігі – 37,0 мың гектар, бөгде жерлер – 4,4 мың гектар.

– 2022-2023 жылдары көрсеткіш 400 мың гектар болып белгіленсе, қайтқаны 403,8 мың гектар. Өткен жылы 80 мың гектарды кері қайтару межеленсе, 102,5 мың гектар мемлекет меншігіне өтті. 2025 жылы көрсеткіш ретінде 90 мың гектар қойылса, бүгінгі күнге 84,9 мың гектар кері қайтарылды. Талас ауданынан 3141,1 гектар, Мойынқұм ауданынан 1500 гектар, Меркі ауданынан 1535 гектар жерлерді қайтару туралы қаулы әзірленуде. Жалпы жоспар 91,1 мың гектар болып, ол артығымен орындалады. Қайтарылған жайылымдарды бірінші кезекте, ауылдағы елді мекендердің ортақ пайдаланудағы жайылымдарын кеңейту мақсатында бос жатқан 403,5 мың гектар жер қоғамдық жайылым үшін қосылуға таңдалды. Оның ішінде 173,8 мың гектары мәслихат шешеміміен бекітілді, қалған 229,7 мың гектарына жерге орналастыру жобалары жасалуда.  Ауыл шаруашылық айналымына 2022-2025 жылдар аралығында 158,3 мың гектар жер конкурс арқылы қайта айналымға енгізілді. Оның ішінде егістік 21,5 мың гектар болса, жайылым 128,4 мың гектар, шабындық 8,2 мың гектар, ал бөгде жер 0,1 мың гектарды құрады. Қалған 29,1 мың гектар және қосымша 104,5  мың гектар болатын барлығы 133,6 мың гектар босалқы жер қорынан  қайта айналымға енгізілетін болады. Ол  бойынша 2026 жылдың маусым айына дейін қайта айналымға енгізу жоспары бекітілді, – дейді Данияр Құттыбайұлы.

Біздің пайымымызша жайылым мәселесін шешу үшін көшпелі малшаруашылығы дәстүрін қайта жандандыру керек. Көптің тілегі осы.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар