Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Сленг сөздер «трендке» айналды

Сленг сөздер «трендке» айналды
Автор
Тіл – ұлтымыздың тірегі, көп ғасырлық құндылықтардың қоймасы. Ұлттық құндылықтарды жастардың бойына сіңіруде ана тіліміз басты қызмет атқарады.

Тіл бар жерде, сол тілдің иесі – ұлт та өмір сүреді. Сондықтан жастардың сөз саптауына мән беру – қазақ қоғамы үшін де, тіл білімі үшін де өзекті мәселе.

Жастар арасында көп қолданылатын, құлаққа жағымсыз естілетін тілдік элементтердің бірі – жаргон, сленг сөздер. Жанға бататыны – көпшілік жастар мұны дәреже көреді.

«LiveDune» әлеуметтік желілерді талдау және басқару қызметі «Instagram» және «Facebook» желілеріндегі жазбаларға жазылған 200 000-нан астам пікірді зерттей келе «Базар жоқ» сөз тіркесі жиі қолданылғанын айтады. Осылайша бұл сөз тіркесі жыл сленгі аталып отыр.

200 сленг сөзінен тұратын сөздікті Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің филология факультетінің докторанты Қымбат Тұрғанбаеваның көмегімен құрастырылған. Оның айтуынша, тізімдегі сөздердің бір бөлігі «Tik Tok» және «Telegram» арналары арқылы қазақ, орыс және ағылшын тілдерінен енген гибридті интернет-сленгтер.

Қолданушылардың 80 пайызы сленгті ең көп «Instagram» желісінде қолданған, «Facebook»-те 18, ал «Telegram»-да 2 пайыз ғана. Бұл «Telegram» әлеуметтік желісінің елде енді ғана таныла бастағанымен байланысты болуы мүмкін.

Желі қолданушылары «Базар жоқ» – 45 пайыз, «Құрсын» – 15.3 пайыз, «Қасқа» – 8.3 пайыз, «Бро» – 8.3 пайыз – сөз тіркесі мен сөздерді көп қолданған.

– Сленг – бұл жай ғана қызықты сөздер емес. Бұл өмірдің, эмоциялардың, уақыттың жылдамдығының көрінісі. Біз әлеуметтік желілерде жаңа қазақ сөйлеу тілінің жанды, динамикалық және өте өзіндік сипатта қалыптасып жатқанын көрдік. Қазақ тіліндегі қазіргі заманғы жастар сленгі – бұл жай ғана тренд емес, мәдени кодтың бір бөлігі. Ол эмоцияларды білдіруге, қауымдастыққа тиесілі екенін сезінуге, сонымен қатар тілді уақыт ырғағына бейімдеуге мүмкіндік береді. «Базар жоқ», «қасқа» сияқты тіркестер әлеуметтік желілерде, қала жастары арасында және бейресми сөйлеуде белсенді қолданылады, бұл дамып келе жатқан тіл үшін мүлдем табиғи құбылыс, – дейді Қымбат Тұрғанбаева.

Сондай-ақ «LiveDune» әлеуметтік желілерді талдау және басқару қызметінің PR бөлімінің жетекшісі Мария Чашникова сленг сән секілді жаңарып отыратынын айтады.

Ал М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің 2-курс студенті Аружан Жалғасқызының айтуынша, сленг сөздер әңгімелесу барысында еркіндік, бейресмилік және ойды оңай жеткізуге көмектеседі екен.

– Қазір біз ақпаратты өте тез қабылдаймыз, сол себепті ойды қысқа әрі нақты жеткізетін сөздерді қолданғанды ұнатамыз. Жаңа жаргон сөздер осы қажеттіліктен туындайды. Мысалға алатын болсақ, қыздар арасында қолданылатын бір ғана «Red flag» сөзі арқылы адамның мінезіндегі немесе жағдайдағы жағымсыз әрекеттерді бірден түсінуге болады. Сонымен қатар замануи терминдер жастардың өз ортасындағы қатарластарымен тез тіл табысуға да үлкен әсер етеді. Ортақ тілдік код арқылы жастар бір-бірін тез түсініп, еркін сөйлесе алады. Сондай-ақ айтқанға ыңғайлы әрі өз арамызда түсінікті. Алайда сленг сөздерді бейберекет қолдану да дұрыс емес. Күнделікті сөйлеуде шет тілінен енген сөздерге шамадан тыс әуестену қазақ тіліндегі кейбір сөздердің қолданыстан шығып қалуына себеп болуы мүмкін. Кейде айтып жүрген сленг сөздеріміздің қазақ тіліндегі өте жақсы баламасы бола тұра, өз арамызда сол сөзді елемей, шетелдік нұсқасын қолданады. Тілді дұрыс қолдана білу – адамның өзін қоғамда қалай ұстайтынын білдіреді, – дейді Аружан.

Сленг сөздер жастардың өмір салты, қызығушылықтары және әңгімелесу барысындағы сөздік қорларына тығыз байланысты. Сленг арқылы жастар өз ортасына тән ерекшеліктерін көрсетіп, бір-бірімен жеңіл әрі үйреншікті тілде сөйлесе алады.

Сонымен қатар әлеуметтік желілердегі ақпараттар сленг тілдің тоқтаусыз дамып, жаңарып отыратынын айғақтайды. Әр дәуір өзіне тән сөздік қолданысты қалыптастырады. Бұл тілдің шектелуі емес, керісінше, бейімделіп, заман талабына сай өзгеріп отыруының бір көрінісі. Егер тіл тек кітаби және ресми шеңберде ғана қолданылса, ол жастардың сөйлеу тілін шектеп, қарым-қатынас еркіндігіне кедергі келтіруі мүмкін.

Жастардың жаргон сөздерді жиі қолдануы – тілді шектеу емес, оны жаңа мағынамен толықтырудың бір жолы. Тіл – тірі организм тәрізді, ол қоғаммен бірге өзгеріп, жаңарып отырады. Ең бастысы – ана тілімізді құрметтеп, оны байытып, түрлі стильдік деңгейде орнымен қолдана білу. Осы тұрғыдан алғанда, сленг – жастардың тілдік шығармашылығының, заманауи ойлау жүйесінің көрінісі ретінде қабылданады.

Әрбір ел келешегін жастармен байланыстырады. Жастардың тәрбиесіне, біліміне мән беріп, болашағына бағдар беру әрбір есі дұрыс, ақылы толық адамның міндеті. Жастардың көзқарасы өскен ортасынан қаланады.

Алаш қайраткері Ахмет Байтұрсынұлының «Халықтың түзелуінің үміті – жастарда. Сондықтан жастардың қалай сөйлеп, қалай тәрбиеленуін бәрінен бұрын ескеріп, бәрінен жоғары қойылатын жұмыс», – деген өміршең сөзін терең ұғынып, жастардың сөз қолданысына мән беру қоғамның басты міндеті.

Сымбат ҚУАНЫШ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар