Брифинг барысында Салтанат Қордабайқызы өнімді бақылау жұмыстары мен сауда орындарындағы санитариялық талаптарға тоқталды. Оның айтуынша, өнімнің сапасы мен тазалық тәртібінің сақталуы бірінші орында тұруы тиіс.
– Өнім қауіпсіздігіне мониторинг жүргізген кезде санитариялық-эпидемиологиялық сараптама да жүргізіледі. Бұл Қазақстан Республикасы «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексінің 44-бабымен реттелген. Сынама үлгілері сауда объектілерінен алынып, Ұлттық сараптама орталығының филиалына жіберіледі. Сараптама барысында өнім микробиологиялық, физика-химиялық, токсикологиялық, санитариялық-химиялық және радиологиялық көрсеткіштерге тексеріледі, – деді Салтанат Қордабайқызы.
Биылғы жылдың 11 айында өнімді бақылау мақсатында 2074 сынама алынып, оның 912-сі немесе 44 пайызы талапқа сай келмеген. Тамақ өнімдері бойынша 1325 сынаманың 403-і (30 пайыз) сәйкес келмесе, азық-түлік емес өнімдерден алынған 749 сынаманың 509-ы талапқа сай болмаған.
Сәйкес келмейтін өнімдерді кері қайтару шаралары аясында 15 тамақ өнімінен 657,3 келі, 9 азық-түлік емес өнімнен 187,5 келі қайтарылып алынған. Сонымен қатар 51 нысанда тергеп-тексеру жүргізіліп, 37 нысанда кемшіліктер анықталып, 33 нысанға жалпы сомасы 3 миллион 273 мың 390 теңге айыппұл салынған. Жеткізушіге қатысты 1 нысанға 88 470 теңге айыппұл қолданылған.
Жеке және заңды тұлғалардың өтініштері бойынша жоспардан тыс 14 тексеру жүргізіліп, 12 нысанда кемшіліктер анықталыпты. Бұл нысандарға жалпы сомасы 2 миллион 152 770 теңге айыппұл салынған.
Салтанат Қордабайқызы бей-берекет сауда орындарынан өнім сатып алмауға кеңес береді. Тағам өнімдерін таңдау кезінде жарамдылық мерзімі, сақтау шарттары, түрі, таңбалауына назар аудару маңызды.
– Өнімнің өндірушісі, қаптамасы және заттаңбасындағы ақпаратты мұқият қараңыз. Жарамдылық мерзімі өтіп кеткен тауарларды сатып алмау қажет. Тез бұзылатын өнім тек тоңазытқышта сақталуы керек, салқындатылмаған жағдайда қауіп тудырады, – деді ол.
Сондай-ақ дүкендер санитариялық ережелерді сақтауы керек. Мысалы, салаттар соуспен араластырылған күйде 3 сағаттан артық сақталмауы тиіс. Мұздатылған жартылай фабрикаттарды сатып аларда деформацияланған, жабысып қалған өнімдерді алмау маңызды. Мұздатылған өнімдердің сақтау температурасы минус 12 градустан төмен болмауы керек.
– Дүкенде таңдаған өнімнің этикеткасын оқып шығыңыз. Онда тағамның атауы, құрамы, көлемі, өндірілген мерзімі, жарамдылық мерзімі, сақталу шарттары, өндіруші мен импорттаушының мәліметтері болуы тиіс. Пайдалану ұсыныстары мен шектеулер, тағамдық құндылығы көрсетілген болу қажет, – деді Салтанат Әлібаева.
Мұқағали БАЛТАБАЕВ




