Жиынның мақсаты – жастардың атқарған белсенді жұмыстары мен жетістіктерін бағалау, әр салада үздік деп танылған жас тұлғаларды көпшілікке таныту, жастарды еңбекке, білімге, шығармашылық пен патриоттыққа баулу.
Кеш шымылдығы 20 ұл мен 20 қыздан құралған жастар вальсімен ашылды. Бірыңғай түс пен біркелкі әрекетімен ерекшеленген бишілер келушілерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Ал қызылды-жасылды киімдер мен түрлі сән үлгілеріне көмкерілген жастар кеш көркін қыздыра түсті. Салтанатты жиында алғашқы болып сөз сөйлеген облыс әкімдігі ақпарат және қоғамдық даму басқармасының басшысы Жанболат Нұрмолдаұлы үздік деп танылған жастарға ыстық ықыласын білдіріп, өңірдің дамуына үлес қоса берулеріне тілектестік танытты.
– Бүгінде облыс жастары бәсекеге толы білім және ғылым додаларында, спорт саласында, мәдениетте және қоғамдық өмірде жоғары белсенділік танытып келеді. Бұл – жүргізіліп жатқан мемлекеттік жастар саясатының нақты нәтижесі әрі сіздердің табандылықтарыңыз бен еңбектеріңіздің жемісі. 2025 жыл Әулиеата жастары үшін тағылымды әрі нәтижелі болды. Атап айтқанда, Жұмысшы мамандықтары жылы аясында өңірде жастарды еңбекке баулу, техникалық және кәсіптік білім беруді насихаттау бағытында бірқатар маңызды жұмыстар атқарылды. Колледж студенттері мен жұмысшы жастардың қатысуымен кәсіби бағдар беру кездесулері, «Ашық есік» күндері, шеберлік сабақтары, еңбек адамын дәріптейтін кездесулер ұйымдастырылды. Бұл шаралар жастардың нақты мамандыққа қызығушылығын арттырып, тұрақты жұмыспен қамтылуына жол ашуда. Сонымен қатар өңір басшысы Ербол Шырақпайұлының бастамасымен бастау алған «Әулиеата – кітап оқитын өңір» жобасы жастар үшін рухани әрі зияткерлік дамуға бастайтын нәтижелі жобалардың бірі болды. Жастармен әдеби кештер, кітап фестивальдері, интеллектуалдық сайыстар, танымдық кездесулер ұйымдастырылып, жас оқырмандардың қатары арта түсті. Жалпы алғанда биылғы жыл Жамбылдың жалынды жастары үшін мүмкіндіктер жылы, белсенділік пен жауапкершілік, ізденіс пен ілгерілеу жылы болды. Қадірлі жастар! «Арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты, қырандай күшті қанатты, мен жастарға сенемін!»,– деп лирик ақын Мағжан Жұмабаев айтқандай, сіздер – тәуелсіз еліміздің тірегі, жарқын болашақ иесісіздер. Осы жолда армандарыңыз асқақ, мақсаттарыңыз айқын болсын,– деді Жанболат Нұрмолдаұлы.
Әрі қарай өңірдегі қоғамдық-саяси жұмыстарға белсене араласып, үлкен жетістіктер мен толағай табыстарға қол жеткізген жастар марапатталды. Атап айтқанда жеңімпаздар «Үздік волонтерлік ұйым немесе топ», «Үздік жастар ісі жөніндегі комитет жетекшісі», «Үздік жастар ресурстық орталығы», «Үздік жастар ресурстық орталығының маманы», «Үздік волонтер жас», «Үздік студент», «Үздік жастар ұйымы», «Үздік жайдарманшы» номинациялары бойынша арнайы сыйлықтарға ие болды.
Кеш соңына қарай Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармонияның әншілері ән шырқап, жастар би алаңынан табылып, келген қонақтар көңілді кеште естелік суретке түсіп, тарқасты.
Мұқағали БАЛТАБАЕВ



