Нарықтағы ауылшаруашылық өнімінің сапалы болуы да солардың төккен тері мен оны қайта өңдейтін, оның талапқа сай болуын қадағалайтын жауаптылардың жемісті жұмысының нәтижесі. Сондықтан аталған сала қызметкерлерінің еңбегіне қоғам тарапынан әркез лайықты баға берілуі тиіс. Апта басында осы салада еңбек етіп жүрген өңірдегі бірқатар мамандар, сала ардагерлері, шаруа қожалық басшылары мен еңбек адамдары лайықты құрметке ие болды. Тарқата айтсақ, Тараз қаласында «Ауыл шаруашылығы, тамақ және өңдеу өнеркәсібі қызметкерлері күніне» арналған «Дала еңбегі – ел ырысы» атты мерекелік жиын ұйымдастырылған еді. Оған өңірдегі ауылшаруашылығы, орманшаруашылығы, ветеринария саласының қызметкерлері қатысып, облыс әкімі Ербол Қарашөкеев ізгі тілегін арнады.
Жиында Ербол Шырақпайұлы әуелі Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Олжас Бектеновтің жолдаған құттықтау хатын оқып берді. Аталған құттықтау хатта: «Құрметті Жамбыл өңірінің ауыл шаруашылығы еңбеккерлері! Баршаңызды биылғы егін орағының табысты аяқталуымен шын жүректен құттықтаймын. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев әрқашан отандық агроөнеркәсіп саласының дамуына ерекше мән беріп, ата кәсіпті ардақ тұтқан ауыл еңбеккерлерінің лайықты құрметке ие болуы керектігін атап көрсетіп келеді. Дихандарымыздың қажырлы еңбегінің арқасында биыл күзгі жиын-терін науқаны берекелі болып, ел қамбасына 24 миллион тонна дәнді дақыл жиналды. Аграрлы өңірлердің ішінде Жамбыл облысы биыл 3 миллион тоннадан астам өнім жинап, еліміздің дамуына мол үлес қосты. Осы орайда ұлттық құндылықтарымыздың алтын бесігі болған ауыл игілігі жолында, әсіресе егіншілік саласында толайым табыстарға қол жеткізген шаруалар қауымына ризашылығымды білдіремін. Қазіргі таңда отандық ауыл шаруашылығы қарқынды дамып келеді. Жыл басынан бері осы саладағы негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 20 пайыздан астам өсіп, 790 миллиард теңгені құрады. Ал еңбек өнімділігі соңғы үш жылда шамамен 40 пайызға артты. Биыл ауыл шаруашылығына арналған жеңілдетілген несие көлемі 1 триллион теңгеден асты. Президент тапсырмасына сәйкес, мемлекет тарапынан саланы дамытуға қолайлы жағдай жасау жұмыстары алдағы уақытта да жалғасын табады.
Біздің алдымызда ауыл шаруашылығының жалпы өнімін 2030 жылға дейін екі есе арттыру, агроөнеркәсіп кешенін цифрландыру және оны жоғары технологияға негізделген озық сала ретінде дамыту міндеті тұр. Осы мақсаттардың барлығы сапалы іске асырылып, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісінде сіздер адал еңбектеріңізбен үлес қосасыздар деп сенемін», – делінген.
Жиында облыс әкімі ауылшаруашылығы халықтың күнделікті тұрмысымен тікелей байланысты сала екенін, биыл осы салаға 48,6 миллиард теңге бөлініп, 5 мыңнан астам шаруа мемлекеттік қолдауға ие болғанын тілге тиек етті. Соның нәтижесінде ауылшаруашылығында 485,4 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, 39,6 миллиард теңге инвестиция тартылыпты. Егістік көлемі 640 мың гектарға жетіп, 3,3 миллион тонна өнім жиналған. Шаруалар 858 жаңа техника сатып алса, осы арқылы техника паркінің жаңару деңгейі 6,3 пайызға көтерілген. Малшаруашылығында ет өндіру 2,2 пайызға, сүт көлемі 1,7 пайызға артқан. Сонымен қатар 410 мың тонна пияз экспортталып, облыс республика бойынша алдыңғы орынға шыққан.
– Облыс аумағында ауыл шаруашылығы өндірісі бағытында іске асып жатқан ірі жобаларға тоқталатын болсақ, Шу ауданында жүгеріні терең өңдеу зауыты салынуда. Аталған өндіріс орны Орталық Азиядағы ең ірі зауыттардың бірі болмақ. Толық қуатында жұмыс істеген кезде жыл сайын 3 миллион тоннаға дейін жүгері өңделіп, 1500 тұрақты жұмыс орны ашылады. Байзақ ауданында елімізде Тәуелсіздік жылдарындағы алғашқы заманауи қант зауытының құрылысы басталды. Зауыт жылына 1 миллион тонна қант қызылшасын өңдеп, шамамен 120 мың тонна қант, сондай-ақ меласса және жом сияқты қосалқы өнімдер өндіретін болады, 350-ден аса жаңа жұмыс орындары құрылады деп күтілуде. Аталған бағыттағы жобалар агроөнеркәсіптік кешенді жаңғыртудың маңызды қадамына айналып, өнім өндірушілерге қолайлы әрі тиімді жағдай туғызатыны сөзсіз. Биыл ветеринария саласын қаржыландыруға 4,6 миллиард теңге бағытталды. Облыстық бюджет қаражатына 50 автокөлік сатып алынып, өздеріңізге табысталды, бүгін тағы 50 автокөлік табыстағалы тұрмыз. Қалған қажеттілік, яғни 40 көлікпен келер жылы қамтамасыз ететін боламыз. Табиғат қорғау саласына, оның ішінде орман шаруашылығы саласына ерекше тоқталғым келеді. Аталған сала мекемелерінің материалдық техникалық жағдайын жақсарту мақсатында өткен 4 жылы 1 миллиард теңгеден аса қаржы бөлінсе, қазір осы мекемелерге жалпы сомасы 606 миллион теңгенің техникасын табыстайын деп тұрмыз. Өздеріңіз білесіздер, «Өнеркәсіпті дамыту қоры» арқылы лизингке 1,8 миллиард тенгеге өртке қарсы 60 техника алу жоспарланған болатын. Бүгінде міне, соның 15 дана JAC маркалы кіші кешенді өрт сөндіру автокөліктері келді. 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында қалған 45 техника табысталатын болады. Сондай-ақ демеушілер есебінен «Жамбыл табиғат» қоғамдық қоры арқылы 14 автокөлік және 15 дана пилотсыз ұшу аппараттары мен 17 дана мотоцикл алынды. Облыс әкімдігі табиғат қорғау мекемелерінің материалдық- техникалық базасын жаңартып, нормативтерге сәйкестендіру бойынша жүйелі түрде жұмыстар жүргізетін болады. Құрметті еңбек адамдары! Сіздер ел экономикасын нығайтып қана қоймай, ауылдың тіршілігін жандандырып, халықтың тұрмысын жақсартып келесіздер. Сондықтан сіздердің еңбектеріңіз әрдайым сый-құрметке лайық. Баршаңызға атқарған адал еңбектеріңіз үшін алғыс айтамын. Кәсіби мерекелеріңіз құтты болсын! – деді Ербол Шырақпайұлы.
Жиын барысында аймақ басшысы Тараз қаласындағы «Шамахсутов» жеке кәсіпкерлігінің басшысы Шониер Шамахсутовтың кеудесіне Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградасы – «Құрмет» орденін тақты. Ал Шу ауданындағы «Нұр» шаруашылығының басшысы Топар Жаманбалаев ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» орденімен марапатталды. Сарысу ауданының тұрғыны, ауылшаруашылығы саласының ардагері Еркін Байсалбаевқа «Ерен еңбегі үшін» медалі тапсырылды. Т.Рысқұлов ауданындағы «Бай Алғабас» шаруашылығының басшысы Арылбек Қораласбаевқа «Қазақстанның аграрлық саласының еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы берілді. Қазақстан Республикасы Ауылшаруашылығы министрлігінің «Еңбек ардагері» медалі Жуалы ауданының тұрғыны, ауылшаруашылығы саласының ардагері Әбдікерім Үркімбаев пен Талас ауданы әкімдігі ауылшаруашылығы бөлімінің бас маманы Ауданбек Ерубайға табыс етілді. Жамбыл облысы әкімінің «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» белгісіне Тараз қаласындағы «Мырзахметов» шаруа қожалығының басшысы Әлімқұл Сырғабаев пен «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамы облыс бойынша филиалының директоры Базарқұл Мырзағалиев ие болды. Сондай-ақ бірқатар азамат ҚР Премьер-министрінің алғыс хатымен, облыс әкімінің Құрмет грамотасы және алғыс хатымен марапатталды.
– 1947 жылы Шу ауданының Белбасар ауылында дүниеге келдім. Осы ауылда 52 жыл бойы үздіксіз еңбек еттім. Мамандығым – малшаруашылығы саласының маманы. Бар саналы ғұмырым осы саланың игілігіне арналды. Құдайға шүкір, бүгінде 79 жастамын. Осы жылдар ішінде мамандығымды адал атқарып, малшаруашылығын дамытуға бар күш-жігерімді салдым. Кеңес өкіметі кезеңінде де, тәуелсіз ел атанғаннан кейін де туған жерден жырақ кетпей, елге қызмет етуді өмірлік ұстанымым ретінде санадым. Еңбегімнің еленіп, бағалануы – мен үшін үлкен мәртебе. 52 жылдық маңдай тердің өтеуі ретінде III дәрежелі «Еңбек даңқы» орденімен марапатталып жатырмын. Бұл барша еңбек адамдарының абыройы, соларға көрсетілген құрмет деп білемін. Адал еңбек ешқашан елеусіз қалмайды, елге шын қызмет еткен адамның еңбегі күндердің күні міндетті түрде бағаланады, – деді біз сөзге тартқан Топар Қырғызбайұлы.
Жиын соңында материалдық-техникалық базаны нығайту мақсатында ветеринария және орман шаруашылығы қызметкерлеріне арнайы автокөліктер табыс етілді.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ



