Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Ұлттық жоба аясында Таразда тағы бір жаңа мектеп ел игілігіне берілді

Ұлттық жоба аясында Таразда тағы бір жаңа мектеп ел игілігіне берілді
Автор
Тараз қаласының Шөлдала ауданында «Келешек мектептері» жобасы аясында №70 орта мектеп ашылды, деп хабарлайды arainfo.kz

Еліміздің білім беру жүйесін жаңғыртуға бағытталған ауқымды бастамалардың бірі – «Келешек мектептері» ұлттық жобасы. Бұл жоба оқушыларға қолайлы, қауіпсіз және заманауи білім беру ортасын қалыптастыруды көздейді. Аталған стратегиялық бастама Жамбыл облысында да жүйелі түрде іске асырылып, өңірдегі білім инфрақұрылымын сапалы жаңа деңгейге көтеруде.

Жобаның аясында 2023 жылы облыс аумағында 7 мектептің құрылысы басталды. Соның ішінде 3 білім ошағы 2024 жылы пайдалануға беріліп, оқушыларды қабылдады. Атап айтқанда, Байзақ ауданында бір жаңа мектеп ашылса, Тараз қаласының Бәйтерек және Ұлы дала мөлтек аудандарында екі ірі мектеп ел игілігіне берілді. Ал 2025 жылы Тараз қаласындағы Ұлы дала мөлтек ауданында 2000 орындық тағы бір заманауи мектеп қолданысқа енгізіліп, қаладағы оқушы орындарының тапшылығын азайтуға айтарлықтай үлес қосты. Сонымен қатар, Қордай ауданының Қарасу және Қаракемер ауылдарында екі жаңа мектептің құрылысы аяқталып, ауыл балаларына сапалы білім алуға кең мүмкіндік жасалды.

Осы ауқымды жұмыстардың жалғасы ретінде 19 желтоқсан күні Тараз қаласының «Шөлдала» шағынауданында орналасқан №70 орта мектеп өз жұмысын бастады. Жобалық қуаты 600 орынға есептелген бұл білім ошағы қаладағы қарқынды дамып келе жатқан тұрғын алқаптағы оқушылардың білім алу қажеттілігін толық қамтуға бағытталған.

Мектептің құрылысы 2023 жылғы 6 қазанда басталып, 2025 жылғы 31 тамызда толық аяқталды. Жобаның тапсырыс берушісі – «Samruk-Kazyna Construction» АҚ, ал мердігер ұйым – «Агроспецстрой» ЖШС. Құрылысқа бөлінген жалпы қаражат көлемі 4 млрд 256 млн теңгені құрады. Білім беру үдерісі қазақ тілінде жүргізіледі.

№70 орта мектеп заманауи материалдық-техникалық базамен толық жабдықталған. Мектеп ғимаратында 33 оқу кабинеті, 136 орындық мәжіліс залы, 160 орындық асхана, екі спорт залы (жалпы аумағы 810 шаршы метр), STEM кабинеті, робототехника кабинеті, 3 зертхана, 2 компьютер сыныбы, 3 шеберхана, 30 орындық оқу залы бар кітапхана, сондай-ақ оқушылардың шығармашылық және жобалық жұмыстармен айналысуына арналған 5 коворкинг орталығы қарастырылған.

Қазіргі таңда мектепте 723 оқушы білім алуда. Оқу процесі 1–11 сыныптар аралығында 33 сыныпта жүргізіледі. Бұл көрсеткіш аталған білім ошағына деген сұраныстың жоғары екенін көрсетеді.

Мектептің педагогикалық ұжымы да білікті мамандардан құралған. Барлығы 58 педагог қызмет атқарады. Оның ішінде 4 педагог-зерттеуші, 21 педагог-сарапшы, 24 педагог-модератор және 9 педагог бар. Педагогтердің сапалық құрамы 44 пайызды құрайды. Ал мектептің жалпы штаттық кестесі 62 бірліктен тұрады.

№70 орта мектептің ашылуы – Тараз қаласындағы білім беру сапасын арттыруға, оқушылардың жан-жақты дамуына және заманауи білім беру талаптарына сай орта қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам. Бұл білім ордасы алдағы уақытта білімді, бәсекеге қабілетті, ел болашағына үлес қоса алатын жас ұрпақты тәрбиелеу жолында өз үлесін қосатыны сөзсіз.

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар