Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Тазалық – саулық негізі

Тазалық – саулық негізі
Автор
«AMANAT» партиясының игі дәстүрге айналған «Таза бейсенбі» акциясы апта сайын ел аумағында жүздеген мың қазақстандықты ортақ мақсат төңірегінде топтастырып келеді. Басты мақсат – экологиялық мәдениетті қалыптастыру, қоғам бірлігін нығайту және әрбір азаматтың табиғатты қорғауға деген жауапкершілігін арттыру.

Акция аясында «AMANAT» партиясы Жамбыл аудандық филиалы мен «Жастар рухы» жастар қанатының белсенділері Аса ауылындағы қарттар үйі мен жалғыз тұратын зейнеткерлердің аулаларын тазалап, көгалдандыру және қоқыс шығару жұмыстарын атқарды. Сонымен қатар, тұрмыстық көмекті қажет ететін кейбір ардагерлерге азық-түлік жеткізіліп, әлеуметтік қолдау көрсетілді.

– Бұл акция – тек тазалық жұмысы емес, үлкенге құрмет пен жанашырлық білдірудің нақты көрінісі. Қарияларымыздың батасын алып, оларға қолғабыс болу – біз үшін үлкен мәртебе. Осындай шаралар жастарды тәрбиелеу, жауапкершілік пен қоғамға пайда әкелу жолында үлкен маңызға ие. Алдағы уақытта да мұндай игі бастамаларға белсене қатысуға дайынбыз, – дейді «Жастар рухы» жастар қанатының мүшесі Састай Жауғаш.

Жалпы «Таза бейсенбі» акциясы аясында бүгінде еліміздің барлық аймағында апта сайын жоспарға сәйкес жұмыстар атқарылуда. Мәселен, Қызылорда облысының Байқоңыр қаласында партияластар жастарға өнеге көрсету мақсатында көпбейінді аурухананың аумағында санитарлық тазалық жұмыстарын жүргізген. Экологиялық іс-шара барысында 100 метр жер аумағы тазартылып, 11 қап қоқыс шығарылыпты.

Сол секілді Алматы облысында «Таза бейсенбі» акциясы Талғар қаласындағы «Жеңіс» саябағында ұйымдастырылған. Іс-шараға партияның аудандық филиалы, ерікті тұрғындар және жастардан құралған 50-ге жуық белсенді қатысып, саябақтың негізгі жаяу жүргінші жолдарын қардан тазалап, 60 тоннаға жуық қарды арнайы техникамен қала сыртына шығарған.

Партия өкілдерінің айтуынша, бұл акция өңірде экологиялық жауапкершілікті арттырудың тиімді механизіміне айналды. Жыл басынан бері Талғар ауданы аумағында 150-ден астам экологиялық акция өтіп, қоғамдық орындарды абаттандыру жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп келе жатыр екен.

Ал Ұлытау облысының Жезқазған қаласында да тазалық жұмыстары «Наурыз» саябағында жүргізіліпті. Акцияға қатысушылар күзде отырғызылған көшет түптерін қопарып, қураған жапырақтарды жинап, жол жиектерін сыпырған.

Ал Түркістанда акция аясында «Алия» бөбекжай-балабақшасының ауласы тазартылған. AMANAT» партиясының «Отырар» бастауыш партия ұйымының ұйымдастыруымен өткен экологиялық іс-шараға белсенді партия мүшелері мен балабақша қызметкерлері қатысып, қоқыстарды, қураған жапырақтар мен тұрмыстық қалдықтарды жинап, арнайы полигонға шығарыпты.

«AR-AI»-ақпарат

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар